Тәуелсіздік күні қарсаңында «Макинск құс фабрикасы» серіктестігі ұлттық маркамен бройлерлер өсіру бо-йынша өндірістің екінші кезеңін іске қосты. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтуға және еліміздегі құс еті импортының үлесін 50,4 пайыздан 32,6 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Осы орайда, жобаны жүзеге асыруға белсене қатысып келе жатқан «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамы баспасөз турын ұйымдастырды.
Іс-шараны «Red Point Kazakstan» cеріктестігінің бас директоры Әсел Қожақова жүргізіп отырды. Алдымен, құс фабрикасының оқу класында өткен брифингте аталмыш нысанның жұмысы жөнінде бейнеролик көрсетілді. Бұл құс фабрикасы Орта Азиядағы бройлер өсіретін ең ірі кәсіпорын болып саналады. Екінші кезек өндіріс қуатын жылына 25-тен 56 мың тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Құс фабрикасында 12 құс қорасы бар төрт бройлерлік алаң іске қосылды. Сондай-ақ, ол инкубатормен, жемшөп цехымен, құс етін өңдеу зауытымен және ет-сүйек бөлімшесімен толық жабдықталыпты. Бүгінгі таңда құс фабрикасы бройлер балапандарының етін, жартылай фабрикаттар және құс етінен жасалған субөнімдерді шығарады. Бұл өнімдер тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Құс фабрикасының өкілдері өндіріс қуатының артуы елдің импортын алмастыруға және тұтынушылардың салқындатылған етті көптеп сатып алуы-на үлес қосатынын айтты. Кәсіпорынның құс етін жалпы сату көлемі 2021 жылы 85 мың тоннаны құрамақшы. Бұл – Қазақстан Республикасы тұтыну көлемінің 22 пайызы. Фабрика өнімдерін негізінен, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары тұтынады. Келесі жылы бұған Алматы мен Қостанай облыстары қосылып, сату географиясын ұлғайтпақшы. «Aitas KZ» акционерлік қоғамының стратегиялық даму жөніндегі вице-президенті Абай Беккереев өз сөзінде құс фабрикасындағы екінші кезектің іске қосылуы, пандемия кезінде қандай қиындықтарға тап болғандары, сондай-ақ, стратегия мен цифр, өсім мен баға қазақстандықтарға не беретіні жөнінде айтты.
–Биылғы жылы құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілді. Бүгін өз өндірісімізді іске қостық. Холдинг 2020 жылы 60 мың тонна құс еті өнімдерін өндіріп, жоспарды 103 пайызға орындады. Өскемен құс фабрикасы 29 мың тонна құс еті өнімдерін өндіріп, жоспар 800 тоннаға артық орындалды. Макинск құс фабрикасы 30 мың тоннадан астам құс еті өнімдерін өндірді. Жоспар 1 мың тоннаға артық орындалды. Холдингтің даму жоспары үлкен. Біз 2027 жылға дейін жылына 350 мың тонна құс етін өндіруді жоспарлап отырмыз. Бұл бүгінгі көрсеткіштен 5 есе көп. Мұндай өндіріс көлемі Қазақстандағы құс еті импортын ауыстыруды қамтамасыз етеді. Біздің холдингке Өскемен және Макинск құс фабрикалары кіреді. Олардың өндірістік қуаты 2023 жылы екі есе артып, 100 мың тоннаға дейін жететін болады. Жылына 160 миллион дана жұмыртқа өндіретін Алматы асыл тұқымды ремлерепродукторының құрылысын бастадық. Сөйтіп, өндіріс алаңдарын өз инкубациялық жұмыртқамызбен қамтамасыз етеміз,–деген вице-президент жылына 200 мың тонна құс етін өндіре алатын Алматы құс фабрикасы жобасы жөнінде де айтты. Бұл кәсіпорын ТМД, Орта Азия, Таяу Шығыс елдері шеңберінде ең ірісі болмақшы. Сөйтіп, 6-7 жылдың ішінде өндіріске 350 миллиард теңге инвестиция тартылады. Макинск құс фабрикасының екінші кезеңі 2019 жылдың қыркүйегінде басталып, биылғы жылдың соңында аяқталды. Негізгі өндірістік алаңдар іске қосылды. Балапандар құс қораларына апарылыпты. Фабрикада қосымша 570 жаңа жұмыс орны ашылған екен. Қазір кәсіпорында Бұланды, Бурабай, Астрахан аудандарының 1400 адамы еңбек етеді. Жалпы, бұл құс фабрикасының бірінші және екінші кезеңіне 48 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Соңғысының инвестициясы 14,5 миллиард теңгені құрайды. Енді бұл кәсіпорын 56 мың тонна құс еті өнімдерін өндіретін болады.
– Макинск құс фабрикасының 3 кезегіне 2022 жылы 34 миллиард теңге инвестиция тартылады. Нысан пайдалануға берілгенде мұнда 2,5 мың адам жұмыс істейтін болады. Орташа еңбекақы 200 мың теңгені құрайды. Макинск құс фабрикасының 1 кезегінде құс етін өңдейтін зауыт және бірқатар нысандар салынды. Бұл құс сою мен өңдеуді қамтамасыз ететін өндірістің негізгі тізбегі. Сондай-ақ, 20 мың тонна құс азығын өңдейтін цех, 4 алаң және 48 құс қорасы салынды. Қазір жалпы алғанда 96 қора бар. 2022 жылы фабриканың 3 кезегі басталып, құс өсіретін 8 алаң салынады. Бұл жоба аяқталғаннан кейін 100 мың тонна құс етін өндіретін боламыз, – деген вице-президент Абай Беккереев өздерін қолдаған Қазақстан Даму банкіне алғысын білдірді.
Аталмыш жобаны қолдаудың қолда бар қаржы тетіктері мен қаржыландырудың нақты цифрлар жөнінде «Қазақстан Даму банкі» акционерлік қоғамының клиенттермен жұмыс жөніндегі дирекцияның аға банкирі Әсел Шитенова айтты. Бұл банк азық-түлік тағамдарын өндіретін агроөнеркәсіп жобаларын қаржыландырады. Аға банкир өздерінің қызмет ауқымының кең екеніне тоқталып, оларды жеке-жеке атап өтті. Импортты ауыс-
тыратын және жаңа жұмыс орнын ашатын жобалар басымдыққа ие. Несие 5 жылдан 20 жылға дейін беріледі екен. Сондай-ақ, банк мемлекеттік бағдарламалардың жобаларын қаржыландырады. Кепілдікке жылжитын және жылжымайтын мүлік қойылады. Брифинг соңында журналистер өз сауалдарына нақты жауап алды. Бұдан кейін біз екінші бройлерлік алаңда инкубатор балапандарының ұяға қалай отырғызылатынын, қондырғылары бар құс қорасын тамашаладық. Әр қорада 56 мың балапан өсіріледі. Бұл балапандар 38 күннің ішінде өсіп, жетіледі. Қасапхана цехында құс етін өңдейтін конвейердің жұмысымен таныстық. Кәсіпорын қалдықсыз жұмыс істейтін көрінеді. Тауықтың сүйегі, іш құрылысы, жүні өңделіп, құс азығына пайданылады.
Жалпы, Макинск құс фабрикасы гринфилд жобасымен салынған қазіргі заманғы өндіріс. Қазақстан Даму банкі жағынан қолдау бар. Мемлекет тарапынан да кәсіпорын өнімдеріне инвестициялық субсидиялар қарастырылған. Жоспарларын іске асыруға дайын іскер ұжымы да бар.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.