«Qazaqstan» телеарнасында көрсетілген «Абай» телехикаясы жайлы бір ауыз сөз
Тәуелсіздік мерекесі күндері қазақы ойы мен рухы бар әр қазақ баласы екі күн бойы күнде кешке теледидар алдында отырып, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы жылдың басты жобасы ретінде ұсынған Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай» телехикаясын тапжылмай көргені болды. Өзіміз де сол қатарда отырдық.
Әрине, соңғы ширек ғасыр бойы оқта-текте отандық бір хикаяларды ғана көріп, көбінесе тек «боевик» пен жат жұрттың түсірімдерін ғана көріп жүрген қазақ көрермендері үшін бұл үлкен құбылыс әрі қуаныш болды. Әрине, Абайды әр қазақ біледі! Бірақ та сол Абайды толық тани алмай жатқанымыз да ақиқат! Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз Жарлығымен биылғы жылды «Абай жылы» деп жариялауы абайтанудың жаңа кезеңін бастап берді. Және де Президентіміздің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты еңбегінде ұлы Абайды ұлттық болмыстың үлгісі, мемлекет ісінің мүдделесі, жаңа қоғамның жанашыры деп тануы және солай деп қарастыра отырып, Абай мұраларын тәуелсіз еліміздің ұлттық идеологиясының арқауы етуге және ұлттық ұстанымына айналдырып, орнықтыруға деген қадамы мен бағытын жоғары бағалаймыз.
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!» өсиет айтып кеткен Абай жалғыз қазақ баласын ғана емес, барша адамзатты адас-
тырмас әлем аспанындағы Темірқазық! Олай болса сол ұлы Абайдың бітім-болмысын, өскен ортасын, мінезі мен ұстанымын, жалпы ой әлемін біздің телехикаятшыларымыз қаншалықты аша алды деген сауалдың да көңіл түпкірінде болғаны бар. Ең әуелі телехикаяның Абай туған және өмір сүріп, кемелденген ортасын бүгінгілерге танытуға келгенде бұл дүниенің сәтті шыққанын айтар едім.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім.
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!–
деген Абайдың өзінің осы бір айтқанын сериалдың режиссері Мұрат Бидосов, сценарий авторы Сержан Зәкерұлы, одан қалды кеңесшілері – абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахмет пен жазушы-драматург Дулат Исабеков пен бас редакторы Қайнар Олжай да басты тұжырым ретінде ұстанғандары байқалады. Бізге Абайды толық тану үшін де, таныту үшін де ең әуелі Абайдың өскен ортасын тереңірек зерттеп, кеңірек білуге тиістіміз. Абай ортасының қандай болғандығын тану арқылы Абайдың терең де тұңғиық мәнді өлеңдері мен қарасөздерінің сыры ашыла түсері бар.
Міне «Абай» телехикаясында бала Абайдың, бейкүнә Абайдың ойшыл болып қалыптасуына әсер еткен жайлар барынша көрініс тапқаны қуантты. Әрине, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып, танығандар үшін телехикаядағы сол дәуірдің өмір суреттері, ел ішінің айтыс-тартысы, ағайын арасындағы кикілжіңдер ол сол кезеңнің тарихы болатын. Одан айналып кету мүмкін де емес еді. Бұған жер дауын қоссаңыз, қазақы ортаның бір дәуірінің суреті телехикаяда шынайы әрі толыққанды көрініс тапқан. Бұл – Абайдың ортасы! Әрине, Абайды аяйсың да, жаның да ашиды! Алайда, сол орта болмаса Абай да ойшыл әрі данышпан болып қалыптаспас та еді. Әлемнің кез-келген ғұламалары мен ойшылдарының да өз орталары өзіндік қарама-қайшылықтарға толы болғаны анық. Бірақ, сол ортада өзге мыңдар мен миллиондар өмір сүріп жатты емес пе? Алайда, Абай сол өз ортасында, «атадан алтау» болса да неге жалғызсырады, неге жанымен қансырады деген сауалға Абай айналасында өтіп жатқан телехикаядағы оқиғалар анық та қанық та жауап береді. Өйткені, әуелі Абай өз айналасына да, әлемге де өзінің ой көзімен қарады.
Осы алты бөлімнен тұратын сериалдың өн бойында ақын өмірінің үш кезеңі қамтылып, солардың барлығы да тартысты да айтысты хикаяларымен көрерменді ынталандыра түседі, ынтызар қыла түседі. Басты бір айтарлық жай, телехикаядағы барлық кейіпкерлердің ұлттық нақыштағы сән-салтанаты жарасқан киімдерінің келіскеніне қуандық. Бұрын кей киноларда қазақ кейіпкерлерінің алба-жұлба киімдерін көріп және де әумесер есер күлкілері мен сайқымзақ бейнелерін көріп намыстанған кезіміз де болатын. Бұл енді кешегі кеңестік саясаттың ықпалы да болар. «Абай» телехикаясында қазақтың киімдері де, сән-салтанатты тұрмыстарының да бар байлығымен ашыла да ажарлана көрсетілуі көңілден шықты.
Біз әуелден Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділмановты бітім-болмысымен, сәнімен және оның Абай шығармаларын тұла бойыңды шымырлата оқитын құдіретті үнімен де арамыздағы Абай деп танитын едік. Ал, енді телехикаядағы Абай бейнесін сомдауға келгенде Болат Әбділманов тағы да Абай болып қамықты, Абай болып жабықты, Абай болып күйінді, Абай болып сүйінді! Және соның бәрі де шынайы шықты! Бұл талантты өнер иесінің тағы бір жұлдызды сәті еді.
Абайдың кемеліне келген шағын жас Абайдың бейнесін, сонымен бірге Абайдың жас шағын сомдаған Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының актері Дархан Сүлейменов, ақынның бозбала шағын актер Әли Тұрсынхан да өз түсініктері бойынша сәтті шығарды деуге болар еді. Сөз жоқ біз осы телехикаяда Абайдың әкесі Құнанбай қажы қай қырынан қалайша сомдалар екен деп күткеніміз де рас. Өйткені, Құнанбай бейнесі Дос-
хан Жолжақсылықовтың «Құнанбай» фильмінде сәтті шығарылған болатын. Сол тұрғыдан алғанда телехикаядағы Құнанбай да кесек бітімді кейіпкерге айналғанына риза болдық. Бұл орайда Құнанбай рөлін шығарған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай да, Абайдың анасы Ұлжан рөлін Гүлшат Тұтова мен Абайдың әжесі Зеренің рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рахилям Машурова сәтті алып шыққандығын айтуды парыз санадық.
Әрине, «біткен іске сыншы көп» демекші қазір осы телехикая жайлы сан түрлі пікірлер де айтылып жатыр. Біз болсақ, ең бас-
тысы Абайды бүгінгі ұрпақтың өз танымы мен өз ой-өресімен тануға ұмтылған қадамдары қуантты. Абайдың ұлылығы сонда, әр ұрпақтың өз Абайы бар, ол болады да! Сол әр ұрпақ әр кезеңде Абайға бас ұрып, оралатын болады. Ал, Абай хакім болса кез-келген дәуірдің кез-келген ұрпағының сауалына жа-
уап беріп отырары бар. Ендігінің жастары алдағы уақытта Абай тақырыбына оралар болса, ең әуелі Абайды әбден танып, біліп барып, оның жүрегі мен ой әлеміне терең бойлап барып отырса дейсің! Абайды тану үшін ең әуелі қазақы ой мен ұғым керек! Ол үшін тіл болуы керек және рух керек!
Біз осы тілегімізді тереңдетпей-ақ, жалпы телехикаяның сәтті шыққанын айтқанды мұрат еттік. Шығармашылық ұжымға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. «Абай» телехикаясын толық түсіну үшін әрине Абайды әлі де танытарлық жұмыстар жүргізілуі керек. Абайды таныту істері биылғы Абай жылымен шектеліп қалмаса екен! Абайды ең әуелі өз халқы терең тани алса ғана ол әлемдік Абайға айналары хақ! Бұл телехикаяны көпшілік назарына жиі-жиі ұсынған мақұл!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.