Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тегін медициналық көмек алу үшін әркім сақтандырылуы тиіс - АРҚА АЖАРЫ

Тегін медициналық көмек алу үшін әркім сақтандырылуы тиіс

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қорына Ақмола облысы бойынша 11 айда 8 миллиард теңгеге жуық қаражат түсіпті. Оның негізгі бөлігі жұмыс берушінің есебінен аударылған.

Бүгінде Ақмола облысында 800 мыңдай тұрғын өз еріктерімен емханаларға тіркелген. Олардың 600 мыңнан астамы медициналық сақтандыруға ие. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен айтылды.
Медициналық сақтандыруға ие облыс тұрғындары кепілдендірілген  көмек түрлерін тегін алады. Бүгінде өңірдің 47 медициналық мекемесімен сақтандыру жүйесі шеңберінде науқастарға қызмет көрсету бойынша келісім-шарттар жасалды. Қыркүйектің басындағы көрсеткішпен салыстырғанда, желтоқсан айында сақтандырылмаған тұрғындар үлесінің азайғаны байқалады.
–Медициналық сақтандыруға ие тұлғаларға қызметтердің кеңейтілген тізімі бойынша көмек көрсетіледі. Жекелеген әлеуметтік топтарға стоматологиялық қызметтер де ұсынылған. Операциядан шыққан науқастар үшін медициналық оңалту да қолжетімді. Сондай-ақ, коронавируспен ауырып шыққан науқастар мен созылмалы ауруы бар балаларды оңалту қызметі де қарастырылған, – дейді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Әлия Жүсіпова.
Сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу көлеміне карантин айтарлықтай әсер етіпті. Мәселен, жарнасын мемлекет төлейтін жеңілдігі бар тұрғындардың көбі бұл санаттан шығып, сақтандырылмағандар қатарына енген. Бұған 42500 теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы алу үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізу себеп болыпты. Бүгінде облыс тұрғындардың 47 пайызы  сақтандырылмаған.
–Сондай-ақ, сақтандырылмағандар қатарында Үкімет қаулысына сәйкес, жарналар мен аударымдар төлеуден босатылған шағын және орта бизнес субъектілерінің қызметкерлері болуы мүмкін. Жарнаның болмауына қарамастан, оларды сақтандыру үшін жұмыс берушілер қызметкерлердің деректерін msb.fms.kz сайтына енгізуі тиіс. Әрі қарай бұл қызметкерлер сақтандыру жүйесіндегі барлық қызметтерді еш кедергісіз ала алады, – дейді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры.
Сондай-ақ, қордың басты міндеттерінің бірі – науқастардың сапалы медициналық көмек алу құқығын қорғау. Осы ретте тұрғындармен кері байланыс орнату мәселесі де жолға қойылған. 1406 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Qoldau – 24/7 мобильді қосымшасы да әзірленген. Оның көмегі арқылы науқастар кеңес алып, шағымдарын жеткізе алады. Жалпы, облыс бойынша медициналық ұйымдарға азаматтардан 210 шағым келіп түскен. Көбі консультациялық-диагностикалық қызметті ұзақ күту, мамандардың дөрекі қарым-қатынасы, медициналық көмек көрсетуден бас тарту немесе емханалардағы медициналық қызметтердің сапасына қатысты шағымдар екен.
Брифинг соңында аталмыш қордың облыстық филиалының директоры Әлия Жүсіпова журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Алайда, БАҚ өкілдері тарапынан мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға орыс тілінде жауап қатты. Брифинг барысында бір ауыз қазақ тілінде сөз айтпайтын осындай орысша ойлайтын басшылар еліміздің Конституциясы мен «Мемлекеттік тіл туралы» заңын керек етпейтін сияқты. Тым құрығанда, мемлекеттік тілде қойылған сұраққа қазақша жауап бере алмаса, сыпайылық танытып, «орыс тілінде жауап берсем бола ма?», – деп рұқсат сұрап алса ғой… Жоқ… Оған қайда?! Өзінің ана тілін менсінбейді-ау, мұндайлар…
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар