Бүгінгі күні сақтандыру шартын міндетті сақтандыру және кейбір ерікті сақтандыру түрлері бойынша да онлайн жасауға болады. Бұл өте ыңғайлы: өзіңізге ұнайтын қызметті таңдап, ұйымның веб-сайтында келісім жасасаңыз болды. Мұны қалай жасауға болатынын Fingramota.kz айтып береді.
Сақтандыру шартын онлайн режимінде жасасудың артықшылықтары көп. Ол кәдімгі уақыт пен күшті үнемдеуден бастап, өз қызметтерін ұсынатын көптеген сақтандыру компанияларынан таңдау мүмкіндігіне ие болу. Бүгінгі таңда Қазақстанның сақтандыру секторында өз қызметін 28 сақтандыру ұйымы ұсынады, оның ішінде өмірді сақтандыру бойынша 9 ұйым.
Сақтандыру нарығында қызметті жүзеге асыру құқығына лицензияны ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі береді. Қаржы реттеушінің сайтында барлық сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарымен танысуға, олардың веб-сайттарына кіруге, ұсынылатын қызметтермен танысуға және өзіңіз үшін барынша оңтайлы сақтандыру өнімін таңдауға болады. Олардың көпшілігі түрлі акциялар өткізіп тұрады, шарттың мерзімі мен сақтандыру сомасына байланысты бонустар мен кешбэк есептейді. Осылайша тұтынушы үшін өз сақтандыру компаниясын асықпай таңдау үшін барлық жағдайлар жасалған.
Тағы да бір артықшылығы – бұдан былай сақтандырудың барлық түрлері Мемлекеттік кредиттік бюроның (МКБ) бірыңғай базасында сақталатын болады. Мәселен, бұл автокөлік иелері үшін өте ыңғайлы — қағаз полистің қажеттілігі жойылды, яғни, ендігі жерде сақтандыруды үйде ұмытып қалдырудан қорқудың қажеті жоқ, өйткені сақтандыру шартын жасасу фактісі Бірыңғай сақтандыру дерекқорында (БСДҚ) болады. Сонымен қатар, сақтандыру фирмалары шарттың қолданыс мерзімінің аяқталғаны туралы SMS арқылы дер кезінде хабарлап тұрады, бұл полисті ұзартуды ұмытып кететін көптеген клиенттер үшін өте пайдалы болуы мүмкін.
Үш қадам: онлайн сақтандыру шартын жасауға қалай өтінім беруге болады
Бірінші қадам: кез келген сақтандыру компаниясының интернет-сайтынан сақтандыру шартын жасауға өтінім (өтініш) беруге болады. Сақтандырудың жеңілдетілген нысаны 2019 жылғы қаңтардан бастап міндетті сақтандырудың барлық түрі бойынша жұмыс істей бастады. Кез келген банктің кез келген картасынан төлеуге болады.
Сақтандыру шарттарын электрондық нысанда жасау үшін пайдаланылатын сақтандыру ұйымдарының вебсайттарының тізбесі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымның – МКБ https://mkb.kz/ интернет-ресурсына орналастырылады.
Екінші қадам: өтінім (өтініш) берілгеннен және ақы төленгеннен кейін сізге SMS немесе электрондық мекенжайға сақтандыру полисінің айрықша нөмірімен хабарлама келеді, ол автоматты түрде Қазақстан Республикасының бірыңғай дерекқорына түседі. Қажетіне қарай сақтандыру компаниясының сайтында сақтандыру шартын жасау үшін клиент ұсынатын мәліметтерді растайтын құжаттарды өтінішке қоса беруге болады. Онлайн-сақтандыруды жүргізуге байланысты міндетті сақтандыру шарттары бойынша қағаз полистері айналыстан шығарылатындығын еске сақтау қажет.
Үшінші қадам: сақтандыру компаниясының сайтында жеке кабинет ашыңыз, бұл жасалынған сақтандыру шартына тәулік бойы кіру мүмкіндігін береді.
Жасалынған сақтандыру шартының бар екендігі туралы ақпаратты жеке кабинеттен тыс мынадай сілтемеге: https://id.mkb.kz/ өте отырып тексеруге болады. Бұл үшін міндетті сақтандыру сыныбын таңдау қажет. Мысалы, «Көлік құралдары иелерінің АҚЖ», полистің айрықша нөмірін не клиенттің ЖСН немесе БЖН және мемлекеттік тіркеудің нөмір белгісін енгізу қажет. Сақтандыру тарихы үшін клиент МКБ-ға немесе ЭЦҚ пайдалана отырып https://id.mkb.kz/ сайтына жазбаша өтініш жасай алады. Дерекқорда ақпарат қалыптастырылады және сақтандыру есебі түрінде беріледі.
Сақтандыру шартына қол қоймас бұрын нені білу керек?
Сақтандыру шартын жасамас бұрын, оның шарттарының сақтанушының мүдделеріне сәйкестігін егжей-тегжейлі зерделеу қажет, сондай-ақ қажет болған жағдайда қолайсыз жағдайлардан қорғануға сенімді болу үшін сақтандырушының өкілінен күмән тудыратын шарт талаптарын түсіндіріп беруді сұрау қажет.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне келіп түсетін қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштерін талдау азаматтардың сақтандыру шартын жасағанға дейін оның шарттарымен мұқият танысып, оқымайтындарын көрсетіп отыр.
Сақтандыру шартының қандай талаптарына ерекше назар аудару қажет
- Сақтандыру жағдайларының тізбесі, яғни олар басталған кезде сақтандыру төлемдері төленетін жағдайлар. Сақтандырушы шартта/ полисте жазылған және көрсетілген жағдайларда ғана туындаған тәуекелдер мен сақтандыру жағдайлары үшін өтемақы төлейді.
- Сақтандыру жағдайларында кездесетін айырықша жағдайлар тізбесі. Сақтандыру жағдайларындағы айырықша жағдайларға ол басталған кезде сақтандырушы сақтандыру төлемін төлемеуге құқылы болатын оқиғалар жатады.
- Франшизаның болуы мен мөлшері, яғни белгілі бір жағдайларда өтелмеген зиян мөлшері. Франшиза сақтандыру сомасының пайызымен немесе абсолютті мөлшерде белгіленеді.
- Сақтандыру жағдайы туындаған кезде сақтанушының іс жүргізу тәртібі. Сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталғаны туралы хабарлаудың уақыты мен тәртібі ерекше маңызды. Егер хабарламаның мерзімі немесе тәртібі бұзылған болса, онда бұл себепті және объективті себептермен хабарламау жағдайларын қоспағанда, сақтандыру төлемдерін төлеуден бас тартуға негіз бола алады.
- Сақтандыру төлемін жүзеге асыруға қажетті құжаттар тізімі. Әдетте, бұл сақтандыру жағдайының басталуының мән-жайлары мен себептерін растайтын құжаттар.
Кез-келген шартты, оның талаптарын мұқият оқып шығыңыз және оны толық оқып болғанға дейін қол қоймаңыз.
Сақтандыру ұйымдарының заңнаманың талаптарын бұзғаны үшін тиісті шаралар, оның ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген негіздер бойынша айыппұл салу түрінде қолданылатындығын біліңіз.
Осыған байланысты, егер сіздің ойыңызша сақтандыру шарты/ сақтандыру полисі заң талаптарына сәйкес келмесе немесе сізге сақтандыру қызметтерін ұсыну бойынша консультация қажет болса, сіз Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіне аласыз. Сіз, сондай-ақ сілтемелерден жүктеуге болатын «Fingramota Online», мобильдік қосымшасы арқылы консультация ала аласыз: App Store: https://apps.apple.com/kz/app/fingramota-online/id1134502211 және Play Market: https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.nationalbank.appeals.
Сондай-ақ «Fingramota Online» мобильді қосымшасының веб-нұсқасы да қол жетімді.