Ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп секторы Ақмола облысының экономикасында жетекші орын алады. Бұл өңірдегі өзге салалардың дамуына екпін қосып отыр. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы тауарларын өнеркәсіптік сипаттағы қайта өңдеу жүйесі 74 пайызды құраса, егіншілік бағытындағы көрсеткіштің өзі 69 пайыздық үлеске ие болуда. Бұл стратегиялық маңыздағы қадамның басымдыққа ие екендігін көрсетеді.
Осынау үрдіске елеулі серпін қосқандар қатарына «Бижан» ет өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін қосуға болады. Елімізге кеңінен танымал «Бижан» компаниясы 2011 жылы Көкшетауда «Халал» стандартындағы заманауи қасапхана цехын ашқандағы салтанатты шара есімізде. Оның тәуліктік қуаты 70 бас мал союға арналғанымен, қазіргі күнгі жаңғырту шаралары бұл мүмкіндікті кеңейтіп отыр. Мұны ұжымның жедеқабыл 400 бас ірі қара мен 100 жылқыға арналған бордақылау алаңын іске қосқанымен байланыстыра аламыз. Бұған қоса, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы құрылымдарынан, ауыл тұрғындарынан мал сатып алу жұмыстары жолға қойылды. Осының нәтижесінде кешегі цех әлеуеті мол зауытқа айналып отыр.
–Біз фирма басшылығының қолдауымен бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асырдық,–дейді зауыт директоры Шакихан Антаев. – Миллиондаған қаржы жұмсап, тәулігіне 5 тонна шұжық, 20 мың қалбыр консерві және 2 тонна жартылай өңделген ет өнімдерін дайындайтын цехтарды іске қостық. Бордақылау алаңын салдық. Озық технологиялық талаптардағы жабдықтарымыздың барлығы Германия, Италия, Ресейдің жетекші кәсіпорындарынан жеткізілді. Бұларды сол елдердің мамандары құрастырғанымен, өзіміздің кадрларымызды кәсіпорын есебінен оқытып немесе тәжірибе жинақтау мақсатындағы тағылымдамалардан өткіздік. Бізге жас мамандар да көптеп келуде. Мәселен, Алматы мен Семей технологиялық университеттерінің түлектері Қалихан Шыңғыс, Наталья Мельник, Олжас Сәбитовтер әртүрлі өндірістік учаскелерде сыннан өтіп, қазіргі күні цех басшысы, технолог, аға мастер қызметтерін атқаруда. Жалпы, ұжым мүшелерінің орта жасы отыздан енді асқанын ескерсек, зауыттың болашақ жоспарлары жемісін төгеді деген сенімге сүйенуге болады деп ойлаймын.
Басшының бұл сенімі негізсіз де емес. Тағы да кадрға қаратып айтқымыз келеді. Бізді өндірістік цехтарды аралату барысында зауыттың коммерциялық директоры Шолпан Бижанова мен мал дәрігері Марина Островская кәсіпорын құрылған күннен бастап екпінді еңбегімен, азаматтық ұстанымымен үлгі көрсетіп жүрген қасапшылар Әдепхан Шамиғановтың, Валентина Ланкинаның, зертхана меңгерушісі Маржан Мұқыжанова, лаборант Жібек Фраш, өндірістік- техникалық бөлімнің басшысы Салауат Мәліковтің есімдерін үлкен құрметпен ауызға алды.
Жүзден астам адам жұмыс істейтін кәсіпорында өндірістік қызмет үздіксіз жүргізіледі. Зауыт төтенше жағдай кезінде, пандемияның бүгінгі кезеңінде де тоқтаған емес. Мұнда еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығы бірінші орында тұрады. «Бижан» ет өңдеу кәсіпорны биылғы қаңтар-қыркүйек айларында 507 тонна сапалы ет өңдеп, 230 тонна шұжық және жартылай өңделген ет өнімдерін, 488 тонна/қалбыр бұқтырылған ет консервісін өндірді. Бұл жоспарланған межеден анағұрлым артық көрсеткіш. Өнімнің түр-түрі де көбейіп, 65 атауды құрап отыр.
–Зауыт ұжымының өндірістік стратегиясында сапа көрсеткіштері қатаң қадағаланады. Бізге үлкен сенім артылып, «СТ РК ИСО 9001-2009» сапа сертификаты, «СТ РК ИСО 22000-2006» және «ХАССП» азық-түлік қауіпсіздігі менеджмент жүйесінің куәліктері берілген. Осыған сәйкес, өнімдерімізді «Халал» стандарттарымен, яғни, малды өзіміз бордақылап, сойып, терең өңдеуден өткізіп, тұтынушыларға тікелей жеткіземіз. Бұл ұстаным тиімді баға саясатын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қажырлы қызметіміз халықаралық, республикалық, өңірлік байқау-көрмелердің 27 алтын және күміс медалімен, көптеген грамота, Алғыс хаттармен атап өтілді. Көкшетау өнімдері ішкі және Ресей нарығына шығарылуда. Жұмыс ауқымының кеңдігі Көкшетаудағы 8, Нұр-Сұлтан қаласындағы 6 фирмалық дүкендерді ашып отырғанымыздан да байқалады, – дейді кәсіпорынның коммерциялық директоры Шолпан Бижанова.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.