Дәрігер деген кең ұғымды қамтитын қастерлі мамандық. Олардың жауапкершілігі мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Тіпті, бар ғұмырын осы салаға арнап келе жатқан ақ халатты абзал жандар қаншама. Солардың бірі де бірегейі Альберт Сейдахметұлы Өтепов.
Альберт Өтепов 1941 жылдың 1 қаңтарында бұрынғы Көкшетау облысының Арықбалық ауылында дүниеге келген. Орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, 1959-1961 жылдар аралығында Көкшетау механикалық зауытында циферблатты сағаттарды құрастырып-жинақтақтау бо-
йынша темір ұстасы-түзетуші болып жұмыс істейді. Осы екі жылдың аралығында ол кәсіби өсу жоспары бойынша бесінші разрядқа дейін көтеріледі. 1961 жылы Қарағанды қаласындағы мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі. Үшінші курста оқып жүрген кезінен-ақ, Қарағанды қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінде мейірбек (медбрат) болып тәжірибе жинақтай бастайды.
Медициналық институтты бітірген соң оны Көкшетаудың денсаулық сақтау бөлімінің қарамағына бекітеді де ол облыстық ауруханаға ортопед-дәрігер болып жолдамамен жіберіледі. Кейін травматологиялық бөлімшесіне меңгеруші етіп тағайындалады. Бұл бөлімше сол кезде облыстағы балалар мен ересектер қаралатын жалғыз травматологиялық орталық болатын. Жас маман қиындыққа мойымайтын, ең ауыр жарақатты науқастарды алып, солардың төсегінің қасында отырып ұйқысыз түндерді де өткізген кездері көп. Бөлімшенің басшысы ретінде оның мойнында үлкен жауапкершілік болатын. Физикалық та, психологиялық та жүктеме көп болса да, ешкімге міндетсініп, ешбір шаршамайтын. Осы орайда, уақытпен санас-
пайтын, өзінің таңдап алған мамандығына адал жан аудандық ауруханалардың жанынан да қосымша травматологиялық төсек-орындар қосу, бөлімшелер ашу туралы ұсыныстарын енгізді. Оның бұл бас-
тамалары жерде қалмай, керісінше қолдау тапты. Ойына алған мақсат-міндеттері қолға алынатынын білген ол бірден кадр-
ларды даярлау, аудандық ауруханалар жанынан ашылған жаңа бөлімшелерді қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелерімен белсенді айналысып та кетті. Травматологиялық бөлімшелер ұйымдастырылғаннан кейін Альберт Сейдахметұлы бастаған травматолог дәрігерлердің бригадалары аудандардағы мамандарға практикалық көмек көрсету мақсатында жоспарлы және шұғыл операцияларды жасауға барып тұрды. Бұл тәжірибе алмасушылық жұмыстар өзінің көздеген мақсатына жетті, нәтижесін берді. Себебі, екі-үш жыл ішінде науқастарға шұғыл травматологиялық операцияларды аудандарда оның қатысуынсыз-ақ жергілікті мамандар өздері жасай алатын дәрежеге жетті.
1973 жылы Альберт Өтепов облыстық атқару комитетінің денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары лауазымына ауыстырылады. Облыстың денсаулық сақтау саласында басшының орынбасары болып жүрген жылдары Альберт Сейдахметұлының енгізген жаңашылдықтарының арқасында ана мен бала өлімі азайды, туберкулез індеті бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталды, ауылдарда денсаулық сақтау мәселесі дами түсті.
Ақ халатты абзал жанның денсаулық сақтау саласына қосып жүрген еселі еңбегі мен тағылымды тәжірибесі, жоғары кәсібилігі еленіп, 1983 жылы ҚазКСР денсаулық сақтау министрлігі облыстық депутаттар кеңесінің атқару комитеті Альберт Өтеповті Көкшетау облыстық атқару комитетінің денсаулық сақтау бөлімінің басшысы етіп тағайындайды. Өзінің еңбек еткен жылдарында ол облыстың денсаулық сақтау салысын дамытуға көп үлес қосты.
Оның басшылығымен облыс аумағындағы бірнеше облыстық, қалалық аудандық деңгейдегі емдеу-алдын алу секілді ондаған медициналық мекемелердің, дәріхана ұйымдарының, санитарлық-эпидемиологиялық және дезинфекциялық қызметтердің, ФАП-тардың материалдық-техникалық базалары нығайтылды. Онкологиялық диспансердің, облыстық аурухананың, облыстық балалар ауруханасының, тері-венерологиялық диспансерінің, Көкшетау қалалық перзентханасының ғимараттары бой көтеріп, салынуына да оның қосқан еңбегі зор. Ол жергілікті билік органдарына Чкаловск, Уәлиханов аудандарында аудандық орталық ауруханалары үшін типтік ғимараттарды, Ленинградское селосында емхана ғимаратын салу қажеттігін жеткізе алды. А.Өтепов бір топ мықты дәрігерлерді өз шекпенінің астына алып, тәжірибесімен бөлісіп, қалыптастырып шығарды, ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі денсаулық сақтау ұйымдарының бірінші басшыларын тәрбиелеп шығарды. Оның шәкірттері мен тәрбиесінде болған азаматтар арасында денсаулық сақтау саласының жетекші ұйымдастырушылары, республикамыздың танымал дәрігерлері, медицина ғылымдарының докторлары болған С.Ыбыраев, С.Аяғанов, К.Шайсұлтанов, К.Мәкішев, Қ.Тәшметов және тағы басқалары сияқты мықты ғалымдар бар. Сондай-ақ, онымен ойлары бір жерден шығатын үзеңгілестері де әлемге танымал ғалымдар болып қалыптасты.
Альберт Сейдахметұлы Өтеповтің денсаулық сақтау саласына қосқан қомақты үлесі КСРО-ның, Қазақ КСР-нің және егемен Қазақстанның мемлекеттік және салалық наградаларымен марапатталған. Оның кеудесінде жарқыраған «Құрмет Белгісі» ордені, «Еңбек ардагері» медалі, Қазақ КСР-нің 60 жылдығы, тыңайған жерлерді игерудің 30 жылдығы секілді мерейтойлық медальдар мен Қазақстан Республикасының «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының үздігі» секілді төсбелгілер оның еңбеккерлігінің, жауапкершілігінің, өз ісіне берік адалдығының жемісі.
Альберт Сейдахметұлының халық денсаулығын сақтау үшін қосқан үлесі мен көпжылдық еңбегі үшін 80 жасқа толуына орай, оған «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағын беру ұсынылып отыр. Ел игілігі үшін ерінбей еңбек еткен мұндай азаматтар қандай да болсын атаққа, марапатқа лайықты. Себебі, абзал ағамыз үшін халқының денсаулығы мен салауатты өмір сүруі қашан да бірінші орында болатын. Халқының алғысын алуды мақсұт ететін.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.