Таяуда Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен онлайн форматта отырыс болып өтті.
Онда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 2020 жылы іске асырылуының нәтижесі мен 2021 жылғы жұмыс жоспары туралы» мәселе қаралды. Аталмыш шараға Ақмола облысының 17 ауданы мен 2 қаласының мемлекеттік мекемелерінің, ішкі саясат, білім, мәдениет, архивтер және құжаттамалар, туризм бөлімдерінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға жауапты мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында Ақмола облысының «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Марал Жақыпова 2020 жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. – Жыл басында әзірленіп бекітілген облыстық жоспар мен республикалық жоспар негізінде, оларда көрсетілген жобалардың концептуалдық ұстанымдары ескеріле отырып, «Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің 2020 жылға арналған жоспары» әзірленіп, бағдарлама қағидаттары мен идеялық құндылықтарына қол жеткізу бағытында орындалуы тиіс 27 жоба мен іс-шара жоспарланған болатын, дегенмен, іс жүзінде Өңірлік жобалық кеңсе «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобалары аясында түрлі форматты конкурстар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар, өңірдің киелі нысандары бойынша сакралды турлар, жергілікті қаламгерлер кітаптарының тұсаукесерлері, брейн ринг түріндегі зияткерлік ойындар, онлайн айтыс, электрондық және аудио кітаптардың тұсаукесерлері, әртүрлі мазмұндағы бейнероликтердің түсірілімдері сияқты 37 жоба мен іс-шараны нақты іске асырды, – деді Марал Жақыпова.
Жиында белгілі болғанындай, облыс көлемінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобаларын жүзеге асыру аясында төрт мыңға жуық іс-шара өткізіліп, аталмыш іс-шараларға бір миллионға жуық адам қатысты.
Сонымен қатар, жыл басынан бері «Мен елімді сүйемін!», «Күй – өнер, өнер – өнеге» «Біз – Абай жолындамыз», «Су күлкісі сылдырлаған», «Ерте, ерте, ертеде…» «Бабалар рухы – балаларға» тақырыбында өткен байқаулар мен «Он дерек», «Замандас», «Жеті ата», «Қара шаңырақ», «Ырыздық», «Шеберлер», «Сіз білесіз бе?», «Ізгілердің ізімен», «Жақсылардың көңілі алтын сандық», «Ұяда не көрсең…», «Ақмола облысының таланттары», «Қазақ отбасының жылуы» сияқты жобалар ұйымдастырылған.
– 2020 жылдың екінші жартысында бағдарламаның идеялық мазмұнын арттырған «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты» және «Құқықтық мәдениет» арнайы жобалары, ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ұлттық комиссия отырысында көтерілген «Экологиялық ағарту» жобасы іске қосылды. Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының үйлестіруімен бағдарламаның қағидаттары мен идеялық құндылықтарын ақпараттық ілгерілету аясында БАҚ және әлеуметтік желілерде кешенді жұмыс жүргізілді, конкурстық сипаттағы түрлі форматты іс-шаралар ұйымдастырылды, қоғамдық сананы жаңғырту мәселелерін зерделеу және даму тенденцияларын анықтау жұмыстары жүргізілді, бағдарламаны жүзеге асырудағы жаңашылдықтар ескеріле отырып, типтік жобалар, әдістемелік ұсынымдар әзірленді, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының бағыттары мен арнайы жобалары бойынша жан-жақты ақпараттық-түсіндіру шаралары мен өңірлік жобалық кеңсенің медиалық рейтингін көтеру бойынша жұмыстар іске асырылды, бағдарлама стейкхолдерлеріне арналған диалогтық алаңдар құрылды, – деп атап өтті Марал Қажыкенқызы өз баяндамасында.
Бағдарламаны ақпараттық сүйемелдеуді ұйымдастыру бағытында өңірлік жобалық кеңсе БАҚ-пен әлеуметтік желілерде 2000-ға жуық ақпараттық, танымдық және сараптамалық сипаттағы материал жариялады.
Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жобаларын жүзеге асыру аясында 150 бейнеролик әзірленіп, әлеуметтік желілердегі «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің, ақпараттық агенттіктердің, мемлекеттік мекемелердің, тәуелсіз блогерлердің парақшаларында жарияланды. Сондай-ақ, 120 материал республикалық және өңірлік мерзімдік басылымдар мен интернет басылымдарында жарық көрген. Биылғы жылы өңірлік жобалық кеңсе «Көкше» облыстық телеарнасында өткен шаралар бойынша берілген жаңалықтардан тыс төрт арнайы бағдарлама шығарылымы мен 9 сарапшылық сұхбат әзірлепті. Бағдарлама құндылықтарын аудиоподкастинг арқылы ілгерілету аясында 19 аудиокітап әзірленіп, қаралым деңгейі жоғары республикалық сайттарда орналастырылған. Жоғарыда сипатталған медиалық рейтингті көтеру мақсатында жүргізілген кешенді жұмыстардың нәтижесінде «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі парақшасының жазылушылар саны 11 000 адамға жетті.
Жыл қорытындысы бойынша өңірлерден жолданған есептер мен өңірлік жобалау кеңсесі тарапынан атқарылған жұмысты саралай келіп, бағдарламаның арнайы жобалары бойынша өткізілген ауқымды шаралар туралы 20 минуттық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – жаңа қырынан» атты деректі-ақпараттық фильм жасалып, 50 беттік әдістемелік жинақ жарыққа шықты.
– Алдағы жылы Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасына сәйкес, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы Ұлттық жаңғыру кезеңіне өтпек. Осы мәселеге байланысты Жол картасы әзірленуде. Яғни, келер жылы атқарылатын келелі істер арта түспек, – деді жобалық кеңсе басшысы өз сөзінде.
Жиын барысында бөлім басшылары Серғазы Қайырболды, Қайрат Сейітқазин және бөлім маманы Ерден Нұрмұхаметтің ақпараттары тыңдалды. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру – жаңа қырынан» атты жыл нәтижесі бойынша жасалған ақпараттық – деректі фильмнің және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша әдістемелік жинақтың таныстырылымы болып өтті.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.