Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы жыл қорытындысын шығарды. Олар өңір кәсіпкерлерінің 3,2 миллиард теңгеден артық мүліктік құқын қорғады.
Кәсіпкерлер құқын қорғау өңірлік кәсіпкерлер палатасы жұмысының басымдық бағытының бірі. Биылғы жылы өңірлік кәсіпкерлер палатасына 215 өтініш түсті. Оның 50 бойынша оң нәтижеге қол жеткізілді. Қорғалған мүлік құқының сомасы 3,2 миллиард теңгеден асты. Кәсіпкерлер құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде өткізілген кеңестердің қорытындысы бойынша 17 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Жер мен салық мәселесі, мемлекеттік органдардың жұмысына арыз-шағым, мемлекеттік сатып алу, агроөнеркәсіп саласындағы, экология, темір жол мен автокөлік және өзге де өзекті мәселелер жөніндегі өтініштің құрылымы әртүрлі.
–Өтініштің көбі төтенше жағдай кезінде түсті. Тек 16 наурыз бен 12 мамыр аралығындағы карантин кезінде кәсіпкерлер палатасына бизнестен 1800 ауызша өтініш түсті. Кәсіпкерлер сауалдарының 41 пайызы логистика мен карантин кезінде қозғалысты шектеу, 19 пайызы салық мәселелері, 11 пайызы мемлекеттік сатып алу, 9 пайызы несие қайтаруды кейінге қалдыру, 5 пайызы жалға алу төлемін кейінге қалдыру, коммуналдық мәселе жөнінде болды. Сондай-ақ, жиі қойылатын сауалдар санитарлық эпидемиялық жағдайға байланысты кәсіпорын жұмысын қалпына келтіруге ықпал етуге қатысты болды,–дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ақылбек Смағұлов. Өңірлік палата агроөнеркәсіп кешені саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің өзекті мәселесін бірнеше рет көтерді. Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Құлыбаев Премьер-Министр Асқар Маминмен болған онлайн кездесу барысында өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері ауыл шаруашылығын дамытуға кедергі болып тұрған проблемалық мәселелерді айтты. Үкімет олардың 2021 жылы агроөнеркәсіп саласындағы дайындаушы ұйымдарды субсидиялау бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыру жөніндегі ұсынысын қолдады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауы мен қарауында «Қолдау» ақпараттық жүйесін пайдалану үшін негізсіз қымбаттаған абоненттік төлем мәселесі жатыр.
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жобалық кеңсенің жұмысында 30,8 миллиард теңгенің 202 жобасы жатыр. Олардың 28,1 миллиард теңгеге бағаланған 196 жобасы мақұлданып, 26,1 миллиард теңгенің 186 жобасы қаржыландырылды. 6 жоба қарауда жатыр. Агроөнеркәсіп кешенінің өндіріс және өңдеу саласында 17,8 миллиард теңгенің 179 жобасы, өңдеуші өнеркәсіпте 6 миллиард теңгенің 12 жобасы, қызмет саласында 4,2 миллиард теңгенің 5 жобасы қаржыландырылды.
Локдаун ең ауқымды жобалардың бірі «Бастауға» түзетулер енгізді. Үстіміздегі жылы қабылданған карантиндік шараны есепке алып, жобаның қатысушылары «Atameken Academy» онлайн-платформасы арқылы қашықтықтан онлайн-оқудан өтті. Биылғы жылы облыстағы оқыту жоспары 1350 адамды құрады. Дегенмен, кәсіпкерлік негізінің 4 бөлігінің қорытындысы бойынша жобаның 1368 тыңдаушысын оқыттық. Бұл жоспар 101,3 пайыз орындалды деген сөз. Бүгінгі күні «Бастаудың» түлектері 450 миллион теңгенің 432 жобасын жүзеге асырды.
–Пандемия кезінде бизнес нысандарының жұмысын одан әрі жеңілдетілген тәртіпте жалғастырамыз. Біз облыстың бас санитарлық дәрігерімен жиі кездесеміз. Осының нәтижесінде бірлесе жұмыс істеу жөнінде меморандумға қол қойылды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының негізінде біздің бастамамыз есепке алынып, мереке күндері ойын сауық орталығы мен сауда үйлерінің жұмысына өзгерістер енгізілді. Супермаркеттер мен қоғамдық тамақтандыру нысандарының жұмыс уақыты ұзартылды. Сондай-ақ, Ақмола облысынан сыртқа шығу үшін ПЦР-тестілеудің сол нәтижесі талаптарын өзгерту, өңір ішіндегі санитарлық бекеттерді алып тастау жөніндегі ұсыныс мақұлданды,– деді Ақылбек Смағұлов бізбен әңгімесінде.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.