Есіл ауданында мал азығын, яғни, құрама жем дайындайтын зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Өнімділігі жоғары шетелдік құрылғылар қойылып, негізгі нысандардың құрылысы аяқталған кәсіпорын таяуда пайдалануға беріледі.
Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Әрі Есіл Нұр-Сұлтан қаласының азық-түлік белдеуіне кіретін өңір. Сондықтан, соңғы жылдары бұл жерде мал басы артып келеді. «Рау-Агро» серіктестігінің бас директоры Қайрат Әлібековтың айтуынша, мал шаруашылығының дамуына байланысты сапалы жемазыққа деген сұраныстың артуы заңдылық. Сондықтан, құрама жем, яғни, комбикорм дайындайтын зауыт қолға алынған.
–Жалпы, құрылысты ақпан айында бастадық. Конструкциясы дайын. Негізгі құрылғылар Германиядан жеткізілді. Алдағы уақытта мал бордақылайтын алаң ашу жоспарымызда бар. Сонымен бірге, өнімді жергілікті шаруашылықтар мен тұрғындарға сатамыз,–дейді серіктестіктің бас директоры. –Зауыттың негізгі құрылысы аяқталған. Арпа мен бидайды үгіп, түрлі қоспалар арқылы құрама жем дайындайтын құрылғылар қойылған. Оны сақтайтын қоймалар да дайын тұр. Жүк көліктеріне арналған таразы мен зертхана, астық құйылатын ұра құрылысы толығымен аяқталды. Кәсіпорынның бір сағатта 2,5 тонна, ал, тәулігіне 60 тоннаға дейін дайын өнім шығаратын қуаты бар. Жоба құны 646 миллион теңгеге бағаланған. Жобаның бірінші кезегіне 640 миллион теңге қаржы жұмсалды. Оның 373 миллион теңгесін Агронесие корпорациясы қаржыландырды. Қалған соманы жекменшік, яғни, өз есебімізден жұмсадық.
Серіктестік алдағы уақытта өз иелігіндегі мал басын арттырмақ ниетте. Сондай-ақ, өнімге деген сұраныс жергілікті шаруашылықтардан да түсіп жатыр. Келешекті сапалы мал азығын еліміздің өзге өңірлеріне де жеткізу көзделген. Тасымалдау жағынан туындайтын түйткіл жоқ, өйткені, темір жол тиіп тұр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.