Баламалы қуат көздері өңірлік экономиканың дамуына соны серпін беруде. Осыған байланысты, Ақмола облысында ірі жобалар жүзеге асырылуда. Мамандардың талдамалары бойынша, 2021 жылға қарай жаңғыртылған қуат көздерінен алынатын өнім жалпы сұраныстың 46,2 пайызын құрамақ. Бұл ҚР Тұңғыш Президенті–Елбасы Н.Назарбаевтың халқымызға арнаған Жолдауында міндеттелген 2030 жылы баламалы қуат республикамыздағы «жасыл экономиканың» 30 пайызын қамтамасыз етуі керек деген тапсырмасын толығымен орындауға мүмкіндік береді.
Бұл орайда, Ерейментау ауданында қайтарымы мол тәжірибе қалыптасқанын айтуымыз керек. Индустрияландыру картасы шеңберінде аталған өңірде қуаты 45 МВт «Бірінші жел электр станциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі нәтижелі жұмыс істеуде. Таратыңқырап айтсақ, өңірде бұрын болмаған жаңа кәсіпорында 2015 жылы 78,9 миллион кВт/сағат, 2016 жылы – 141,6 миллион кВт/сағат (облыстық сұраныстың 17 пайызы), 2017 жылы 166,4 миллион кВт/сағат (19,6 пайыз) электр қуаты өндірілді. Қазіргі таңда ауданда бұдан басқа да жел қуатын пайдалану жобалары қолға алынуда.
Жаңартылған қуат көздерінің экономикалық тиімділігін жақсы білетін кәсіпкерлер өзге аудандарда да осыған тақылеттес бизнес жобаларды жүзеге асыра бастады.
Мәселен, Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасының» жеке қаражатымен құрылған жел электр қондырғысы 2013 жылдан бері тоқтаусыз жұмыс істеп, бірнеше миллион кВт/сағат қуат өндірді. Ал, оңғы үш жылда, атап айтсақ, 2017 жылы 1,4 миллион кВт/сағат, 2018 жылы 1,3 миллион кВт/сағат, 2019 жылы 1,3 миллион кВт/сағат электр қуаты алынып, шаруашылық кешенінің ішкі қажетіне пайдаланылды.
Аршалы ауданындағы «Ақбота» қоғамдық қоры күн сәулесімен жұмыс істейтін су жылытқыш батареялар, диодты жарық беру, пиролизді пеш, өсімдіктерді жылыжайларда тамшылата суару сияқты «жасыл технология» тәсілдерін сәтті қолданып келеді. Аталған ұжымның жұмыс тәжірибесі елімізге кеңінен танымал болып отырғаны астаналық облыс тұрғындарын айрықша мерейлендіреді.
Қазіргі күні облыс аумағында, баламалы қуат өндіру саласында, болашағы зор жобаларды іске асыру қадамдары жалғастырылуда. Солардың ішінде, Аршалы ауданында «ЦАТЭК Green Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысын жүргізіп жатқан қуаты 100 МВт жел электр стансасын ерекше атап өтуге болады. Жобалық құны 82,5 миллиард теңгені құрайтын нысанда 30 жел генераторы орналастырылмақ. Сондай-ақ, Целиноград ауданында «KB Enterprises» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қуаты 100 МВт күн электр стансасының құрылыс жұмыстарына дайындықты бастады. Жобаның құны 165 миллион евроға немесе 60 миллиард теңгеге тең.
Өңірде экономикалық маңыздағы жел электр стансаларының бірі Красный Яр ауылында іске қосылды. Оның құрылысы бұрнағы жылғы күзде басталған еді. Мұнда бағаналы 5 генератор орнатылып, қалақшалары алыстан қол бұлғап тұрады. Бұлардың әрқайсысы 750 кВт энергия өндіру қуатына ие. Жел стансасынан шығатын электр энергиясының жалпы көлемі 3,75 мВт құрайды. Дания технологиясына негізделген жобаның құны 2 миллиард теңгеге жуықтайды.
Жел қондырғылары ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған озық технологиялардың негізін пайдалана отырып жасалған. Жоғарыда атап өткеніміздей, Ақмола облысында осы тектес жобаларды жүзеге асыру, 2021 жылға қарай баламалы электр қуатын өндіруші нысандардың үлесін 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарлануда.
Бурабай ауданында экологиялық қауіпсіз биоотын (пеллет) өндірісінің көлемі артуда. «Орман шаруашылығы» ЖШС экологиялық таза отын шығаратын Қазақстандағы тұңғыш кәсіпорын саналады. Компания алғашқы зауытты Петропавл қаласында іске қосқан болатын. Ал, өткен жылдың қараша айында пайдалануға берілген Бурабайдағы кәсіпорын қазірдің өзінде 500 тонна биоотын дайындап үлгерді. Ағаш қалдықтарының сықпа түйіршіктері – жоғары құнарлы отын. Мұның пайдалы коэффициенті 95 пайызды құраса, көмір мен газдың көрсеткіші сәйкесінше 50 және 30 пайызға тең. Нақтылай түссек, жылу беру қуаты көмірмен тең екі тонна пеллет қымбат бағалы дизель отыны мен сұйытылған газдың бір тоннасын алмастыра алады.
Биоотынның бір тоннасының құны 35 мың теңгеге бағалануда және бұған деген сұраныс күн сайын өсе түсуде. Баламалы отын өндіру жобасы құрылтайшының жеке қаржысы есебінен іске асырылды. Жаңа зауыттың жылдық қуаты 3000 тоннаға есептелгендігін ескерсек, алдағы уақытта маңызды істің қарқын алатыны белгілі.
Бақберген Амалбек.