Мемлекеттік тілді білу – парыз әрі міндет

Қазіргі таңда мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге ұлт өкілдерінің де үлесі біршама  артты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында осылай деген болатын.

«Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Ақмола облысында тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында біршама игілікті істердің атқарылып жатқанын айта кеткіміз келеді. Облыс әкімдігінің қаулысымен «Ақмола облысында Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары» 2020 жылғы 4 ақпанда (№А-2/46) бекітіліп, жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, мемлекеттік тілді игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор екенін атап өтті. «Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары.

«Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» демекші, Мемлекет басшысының мақаласынан әрбір қазақстандық жасөспірімнің мемлекеттік тілді игеріп, сол тілде еркін сөйлеуіне үлкен мән беріліп отырғаны аңғаруға болады. Міне, сондықтан, қазіргі жас ұрпақ қазақ қаламгерлерінің шығармаларынан терең сусындап, тілді игеруге жете мән берсе деп ойлаймын. Себебі, осы өскелең ұрпақ – елдің келешегі. Ел келешегі тек қана экономикалық жетістіктермен ғана емес, мәдени-рухани қазыналарымызбен де айқындалып, тұғырлана түсері хақ. Олай болса, жастарымыз тіл мәселесіне келгенде сергектік танытып, осы жағына жанашырлықпен қараса, игілікті іс болар еді.

Қазіргі таңда өскелең ұрпақты әдебиетпен сусындату ұлт болашағы үшін аса қажетті жұмыстардың бірі болып отыр. Ата-бабаларымыз «ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған болар.  «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады», деп атап өтті бұл ретте, Президент.

Ынта болса, бойында қазақтың қаны бар кез келген адам қазақ тілінде сөйлей алады. Қазақ тілінде сөйлеу күнделікті қалыпты жағдайға айналатын уақыт жетті.  Қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, одан әрі дамыту әр азаматтың міндеті, әрбір мекеме басшысы өзі үлгі көрсетіп, қызметкерлерінен қазақ тілінде сөйлеуді, құжаттарының мемлекеттік тілде жүргізілуін талап етсе, қазақ тілінің мәртебесін өсіруге қосқан үлесі сол болары сөзсіз.

Мемлекеттік тіл мәселесі үлкенді-кішілі жиындарда тек мінбеден ғана айтылып қана қоймай, күнделікті өмірде нақты істермен көрініс табуы тиіс. Қасиетті тіліміздің Ата Заңымыз айқындап берген мәртебесін асқақтату – Қазақстан Республикасының әрбір перзентінің азаматтық парызы. Осы қасиетті парызға әрбір адам адал болса екен деген тілегім бар.

Айгүл ДҮЗЕЛБАЙҚЫЗЫ,

Ақмола облыстық

 ішкі саясат басқармасы

тілдерді дамыту және ономастика

бөлімінің басшысы.

 9 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар