Өткен 2020 жыл әлем халқы үшін оңайға соққан жоқ. Қытайдан бастау алып, дүние жүзін дүрбелеңге салған коронавирус пандемиясы наурыз айында біздің де елімізге батпандап кірді. Әрине, бұрын соңды болмаған мұндай індетпен күресу Қазақстанға ғана емес, медицинасы дамып кеткен Еуропа елдеріне ауыр сын болды. Осылайша әлем болып аталған індетпен бір-біріміздің тәжірибемізбен алмасып, күресіп келеміз. Жақында еліміздің орталық облысы Қарағандыда аталған індетке қарсы Ресейлік «Спутник-V» вакцинасы өндірілмекші. Ендігі арада сол вакцинаға үміт артып отырғанымыз рас. Биылғы 2021 жылдан күтер үмітіміз зор…
Өткен жыл медицина саласы үшін жоғарыда атап өткенімдей сынаққа толы – пандемиямен жан-жақты күрес жылы болды. Бұл індетті экономикасы былай тұрсын, медицинасы өте мықты дамыған алпауыт мемлекеттер де ауыздықтай алмай жатқанда, біздің еліміздің ешбір облысы дайын болған жоқ. Індеттің алғашқы толқынында осылай абдырап қалды. Денсаулық, білім беру, әлеуметтік бағдарламалар мен кәсіпкерлік саласында көптеген өзгерістер орын алды. Адамдардың өмір сүру деңгейіне өзгертулер әкелген пандемия бір жағынан халықтың таным-түсінігін кеңейтіп, жүректерін жібітті, мейірім мен қанағат ұғымының маңызын түсіндірді. Бірінші толқында коронавирусқа шалдыққан науқастардан бөлек өзіміздің білікті дәрігерлерімізді де індеттен сақтай алмай қалдық. Әрине, өте өкінішті…
Коронавирустың екінші толқынына дайындық біршама ұйымдастырылған тәжірибелі түрде жүргізілді. Өңірде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша Үкіметтің көмегімен көптеген ауқымды жұмыстар жүргізілді. Атап айтсақ, ИВЛ аппараттарының саны 2,5 есеге, оттегі концентраторларының саны 5 есеге көбейді. 4 рентген-аппараты сатып алынды, қазір облыс бойынша барлығы 34 рентген-аппараты бар.
Аудандық ауруханаларда енді 11 жылжымалы диагностикалық кешен бар (республикалық бюджет есебінен 8 бірлік сатып алынды), бұл шалғайдағы ауылдарға қызмет көрсету радиусын кеңейтуге мүмкіндік береді. Жедел жәрдем автопаркі 58 жаңа машинамен толықты.
Республикалық бюджеттен де, облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлінді. Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесіне былтырғы жылы 73,4 миллиард теңге қаржы бөлінсе, оның 14,1 миллиард теңгесі коронавирус инфекциясымен күреске қарастырылды. Бұл орайда, соңғысының 11,8 миллиард теңгесін республикалық бюджет бөлсе, 2,3 миллиард теңгесі облыс қазынасынан берілді. Бұл қаражат денсаулық саласы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы мен дәрі-дәрмек қорын, қорғаныс құралдарын толықтыруға мақсатты жұмсалды. Қазіргі уақытта облыстың медициналық ұйымдарында 425 өкпені жасанды желдету құралдары бар, оның 203-і портативтік, 222-сі стационарлық.
Өткен жылдың басынан бері Үкімет қазынасынан 37,2 миллион теңге бөлінген қаржыға «Тыныс» АҚ өндірген 60 портативтік өкпені жасанды желдету аппараты алынды. Сонымен бірге, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға 40 аппарат сатып алынды, 26-сы қайтарымсыз негізде тапсырылды, оның 17-і «Тыныс» АҚ-нан берілді. 60 стационарлық өкпені жасанды желдету аппараттарын 528 миллион теңге сомаға республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға («Қазақстан Аселсан инжиниринг» ЖШС өндірген) сатып алдық.
Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 100 оттегі концентраторы, 1 мың пульсоксиметр, 50 оттегі баллоны сатып алынды. Қазіргі таңда бір оттегі стансасы мен екі оттегі беру жүйелерінің жеткізілуін күтудеміз. Бұған қоса, тағы да қосымша үкімет қаржысына тағы 24 пульсоксиметрлер сатып алынды. Облыстың қорынан бөлінген қаржыға 168 пирометр, 4 тепловизор, 87 кварц шамы, гемодиализге қажетті су тазарту жүйесінің бір данасын, 17 жасанды желдету аппаратын, 17 көпфункционалды кереуеттер, 17 науқастарға арналған мониторлар, 15 дәрі-дәрмек дозаторлары, 2 СИПАП аппараты, 10 электрлі сору аппараттары, 25 дезинфекциялық камера, 6 бейнебақылау жүйелері үшін қажетті құрал-жабдықтар кешенін сатып алдық. Енді «Хай Флоу» аппараттарының 51 бірлігін сатып алу жүргізіліп жатыр. 8 медициналық ұйым 9 бірлік компьютерлік томографиямен жабдықталды. Нақты айтқанда, облыстық көпбейінді ауруханасына – 2 бірлік, №2 көпбейінді облыстық ауруханасына – 1, Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасына – 1, Степногорск қалалық ауруханасына – 1, Атбасар ауданына – 1, Көкшетау қаласы мен Бурабай ауданындағы «Авиценна» емханаларына бір-бірден алынды.
Бүгінде облыстық көпбейінді ауруханасының базасында МРТ кабинеті ашылды. Облыстың медициналық ұйымдарына демеушілік көмек көрсету аясында 5 санитарлық автокөліктер сыйлыққа берілді. Олардың үшеуін «Самұрық-қазына», екеуін «Каспий банк» АҚ сыйға тартты. Сонымен бірге, демеушілік шеңберінде 384 оттегі концентраторлары, 9 стационарлық өкпені жасанды желдету аппараты, 857 пульсоксиметрлер берілді.
Бүгінгі таңда ауруханаларда ем қабылдап жатқан науқастарды қадағалап, оларға күтім жасап жүрген медицина қызметкерлері жеткілікті. 371 медицина қызметкері коронавирус індетімен күрес жолында еңбек етуде, олардың 65-і дәрігерлер, 153-і орта медициналық қызметкерлер, 153-і кіші персонал. Сонымен бірге, 1032 медициналық қызметкер қосымша тартылды. Жалпы, облыста медициналық кадрларға ерекше көңіл бөлінуде. Былтыр облыстық бюджет есебінен 1 миллион теңге көлемінде көтермеақы алуға 14 жас маманнан өтініш келіп түсті. «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында өткен жылдың 1 қазанына дейінгі жағдай бойынша 78 медицина қызметкері 21,6 миллион теңге көлемінде көтермеақы алды. Тағы 54 маманға баспана алуға 209,4 миллион теңге көлемінде несие берілді.
Өткен 2020 жылы жоспар бойынша 106 дәрігер баспанамен қамтылуы тиіс болатын. Бүгінде 47 дәрігерге тұрғын үй кілттері берілді. Оның ішінде 19 дәрігер әкімдіктердің есебінен, 28-і медициналық ұйымдардың есебінен баспанамен қамтамасыз етілді.
Бүгінгі таңда облыста дәрігерлердің тапшылығын азайту мақсатында нақты қадамдар қолға алынуда. Мәселен, облыстық бюджет есебінен 35 адам резидентураны оқу үшін жоғары оқу орындарына жіберілді. Сонымен қатар, 50 адам Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Жалпы медицина» мамандығы бойынша тегін білім алуда. Бұдан бөлек, Көкшетау жоғары медицина колледжінде мектеп түлектеріне медицина кадрларын даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс аясында 164 грант, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында157 грант және мақсатты 26 грант бөлінді.
Бүгінде ақ халаттылардың қажырлы еңбегі елеусіз қалып жатпағаны қуантады. 4 мыңнан астам медицина қызметкеріне жалпы сомасы 3 миллиард теңгенің үстемеақысы төленді. 527 қызметкер бір реттік әлеуметтік төлемақы алды, коронавируспен күрес кезінде қайтыс болған 15 медицина қызметкерінің отбасылары – әрқайсысы 10 миллион теңгеден өтемақы алды.
Облыста ПТР-зерттеулерін жасайтын зертханалардың саны 6. Зертханалардың резервтік қуаттылығы қажет болған жағдайда тестілердің санын тәулігіне 3 мыңнан 7 мыңға арттыруға мүмкіндік береді. 1000-нан астам төсек-орын дайындалды, оның 900-і инфекциялық, резервте тағы 5000 төсек-орын бар.
1.Денсаулық сақтау саласының басқа нысандарының құрылысы жалғасуда. Көкшетауда онкологиялық емхананың құрылысы аяқталуға жақын. Қосшы ауылында тәулігіне 100 келушіге арналған емхана салынып жатыр, ол келесі жылы пайдалануға беріледі. Жақын болашақта елордаға жақын ауылдарда 4 медициналық мекеме ашылады. Олар Шортанды ауданындағы Степное селосында және Целиноград ауданының Софиевка селосындағы дәрігерлік амбулаториялар, Қараөткел ауылындағы дәрігерлік амбулатория және Қоянды селосындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы.
2.Іс жүзінде іске асыру кезеңіне өткен ауқымды жобаның бірі – Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағын ауданында 630 орындық заманауи көпсалалы аурухананың құрылысы.
Өткен жылдың 22 желтоқсанынан бастап елімізде, нақты айтқанда Қарағанды фармацевтикалық кешенінде «Спутник – V» вакцинасы өндіріле бастады. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап жаппай вакцинациялау жүргізіледі деп жоспарлануда. Екпе ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтар мен құқық қорғау органдарының, әлеуметтік-медициналық мекемелердің контингентіне, сондай-ақ, созылмалы аурулары бар қауіптілік топтарының өкілдеріне егіледі. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша біздің облысқа 100 мың доза вакцина бөлінеді. Алғашқы 4 мың дозасы ақпан айында жеткізіледі. Оларды сақтау үшін облыста әрқайсысының көлемі 1,48 текше метрді құрайтын 3 мұздатқыш құрал әзір. Қазіргі таңда облыстық бюджеттен барлық медициналық мекемелерге мұздатқыш және оны тасымалдайтын құралдарды сатып алуға қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда.
Сонымен бірге, бүгінде Көкшетау көпбейінді қалалық ауруханасының инфекциялық аурулар орталығы жайлы айтпау мүмкін емес. «Ақылды аурухана» ұғымына сай келетін орталық жаңа технологиялармен жабдықталып, онда науқастарды жұқпалы аурулардан емдеуге қажетті жағдайлардың барлығы жасалған, ал, ең бастысы, инфекциямен күресте дәрігерлердің тәжірибесі мол. Инфекциялық аурулар орталығы Көкшетау қаласының сыртында облыстық фтизиопульмонология орталығына жақын маңда небары екі айдың ішінде бой көтерді. Аз ғана уақытта салынғанына қарамастан, орталық ғимаратының сапалы екеніне жуырда ашылуында болған меймандар нақты көз жеткізді. Орталық 180 стационарлық және 20 реанимациялық төсек-орынға лайықталған. Мұнда түрлі жұқпалы ауруларға, соның ішінде коронавирус індетіне шалдыққан науқастар ем қабылдайды. Жаңа нысан болғандықтан түрлі кем-кетік іздеп, сын айтушылар көп. Қысқа мерзім ішінде салынған мекемеде орын алған олқылықтар жойылды. Қазіргі таңда онда байланыс желілерін орнату бойынша жұмыстар кеңінен жүргізіліп жатыр.
Бүгінде біздің медициналық ұйымдардың коронавирус індетімен күресуге мүмкіншілігі жетерлік. Бұл орайда, науқастарға арналған төсек-орындар саны да жеткілікті. Дегенмен, біз бұл кереуеттерде ешкімнің де болғанын қаламаймыз. Барлық адамдардың денсаулығы мықты болсын. Жаңа жыл тек жақсылығын әкелсін. Облысымыздың әрбір отбасы аман болсын!
Сүлен ІЛИЯСОВ,
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.