Ақмола облысының имамдары 2020 жылды қорытындылаған алқалы жиынын өткізді. Имамдар өздерінің жыл бойы атқарған жұмыстарын саралап, алда қолға алар міндеттерін нықтады.
Өткен жыл ешкімге оңай болған жоқ. Пандемия дерті мешіттердің де есігін тарс жауып, діни рәсімдерді өткізуге тоқтау салды. Соған қарамастан, мешіттерде қамыққан жандарға қол ұшын беріп, ізгілік таныту шаралары жандана түсті. Қаншама мұқтаж отбасыларға қайырымдылық көмектері көрсетілді. Ал, жаман кесел асқынған тұста жергілікті денсаулық сақтау мекемелеріне миллиондаған теңгенің медициналық құрылғылары мен дәрігерлік бұйымдары сатылып әперілді.
Діни насихат жұмыстары әлеуметтік желілер арқылы жан-жақты қолға алынды. Қашықтытан қаншама семинарлар мен дөңгелек үстелдер, уағыздық дәрістер жүргізілді. Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Сәбит аяққа оралған кедергілер көп болса да, оған мойымау керектігін айтты. Елді иманға ұйыту жайы бір сәт те толастамауы қажет.
Өңір имамдарына алда жұмысты қашықтықтан жүргізудің жаңаша жолдарын қарастыру тапсырылды. Бұл ретте мешіт әрқашан ізгілік пен мейірімділіктің ошағы болып қалатынын ұмытпау керек деді Қуаныш қажы Сәбит. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде діни бірлестіктер туралы заң талаптарын бұзып алмау, қоғамға оғаш ақпараттарды таратуға жол бермеу жағына аса мұқият болу қажеттігін ескертті.
Алдағы жылда Мүфтият белгілеген негізгі бес бағыт бойынша жұмыстар жүргізуге назар аударылып, пікір алмасылды.
Қ.КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.