Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Аңыз адамның разылығы - АРҚА АЖАРЫ

Аңыз адамның разылығы

Ұлы Даланы мекендеген қазақтың «Аңыз адамы» – Асанәлі Әшімовтің кеше ғана, өткен жылдың соңғы бір күндері Көкшетауда болғанын білесіз бе?! Біз де білмей қалдық. Әйтпесе бір көріп, сәлем беріп қалуға деген ынтызар көңілдерімен бүкіл көкшетаулықтар Асекеңнің алдынан шығар еді ғой! Бұл жолғы сапарында аңыз адам Асанәлі Әшімов тек өзі қатты сыйлап, қадірлейтін інісі және «батыр інім» деп еркелететін Қайыргелді Әкімбековтің шаңырағына ат басын тіреп, Қайыргелді інісінің көл-көсір көңілінің ықыласына бөленіп, марқайып қалыпты.

Туған елі мен халқының сыйы мен құрметін көрмей жүрген Асекең емес қой әрине! Кең байтақ қазақ елінің кез-келген түпкіріне барса да, Асанәлі Әшімов сынды ұлы перзентін кез-келген қазақ баласының құшақ жая қарсы алары да анық. Бүгінгі қазақ киносы мен театрының мэтрі – Асанәлі Әшімов өз елінің ғана емес, әлемге танымал тұлға екендігін айтсақ, 2020 жылдың 16 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кино және театр өнерінің майталман актері, Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовті миллиондаған көрерменнің ықыласына бөленген «Атаманның ақыры» көркем фильмінің түсірілгеніне елу жыл толуына орай құттықтауы да зор мәртебе еді ғой!
Және де Мемлекет басшысының «Сізді аса көрнекті актер ретінде КСРО ғана емес, бүкіл әлемдік кинематография қауымдастығы мойындады»,–деп Асанәлі Әшімовке алдағы уақытта да отандық кино мен театр өнерін және халқымыздың рухани байлығын дамыту жолына өз үлесін қосып, елдің айрықша құрметіне бөлене беруін тіледі.
Сол мәртебелі Асекеңнің, Асанәлі Әшімов көкшелік Қайыргелді Әкімбековтің қара шаңырағына ат басын тіреп, інісінің шынайы ықыласына, аста-төк пейіліне тағы бір мәрте риза болыпты. «Ал, Қайыргелді інім! Айналайын! Зор қуанышпен қарсы алдың. Мен зор риза болдым! Көңіл-күйді көтердің! Рахаттанып дем алдым. Рахмет саған!» деген Асекеңнің Алматыдан Қайыргелді Әкімбековке жолдаған бір ауыз алғысының таспаға жазылған үнін естіп те осы күндері Қайрекең мерейлене түседі.
Көкшеге, Әкімбековке қонақтап келген Асекеңе еріп қазақ өнері мен рухани дүниесінің аса көрнекті өкілдері Жүрсін Ерман, Ғалым Жайлыбай мен Алтынбек Қоразбаевтың бірге жүруі де, осы бір салиқалы топтың салмағы мен мәртебесін айғақтаса керек. Сол қонақжай сапарлары жайлы ақын Жүрсін Ерманның жазып жіберген мына бір ықыласты жыры да жарасымды еді.
Құшағын туған елге айқара ашып,
Ер барда өнеге де өшпесі анық.
Әрқайсысы жүз кісілік, мың кісілік,
Қазақтың қос батыры тұр жарасып!
Өрлігің тұрар, жан аға!
Тұлғаңды әр кез даралап,
Жүргені жақсы тірлікте.
Батырды батыр бағалап,
Көкшеге Асанәлі шалың келді!
Қасында Бағдат сұлу ханым келді!
Батыр шалыс ағамды көріңдер деп,
Алтынбек пен Жүрсінді ап Ғалым келді!
Түбі түскен шелектей Қайыргелді,
Адамға керектінің бәрін берді!
Қазысын, жаясы мен жалын берді,
Шашылып жатқаннан соң Қайыргелді,
Тек ішіп, жей беруге әлім келді! –
деп Жүрсін ақын өзіне тән төкпе жырымен көңіл қуанышын, өзі қатты қадірлеп те, сыйлап та жүретін Қайыргелді ағасына деген разылығын жыр алғыстың ақ парағына сыйғызуы да осы бір қос азаматтың өре биіктігін аңдатар еді.
–Несін айтасың, Асекеңнің өз жары Бағдатпен жарасымды да, сәнді отырыстарын, жүріс-тұрыстарын көріп, сөйлеген сөздерін естудің өзі бір ғанибет екен! Өмір мектебі екен! Не қылған жан жарасымдығы еді! Не қылған мәдениеттілік пен кісілік еді!–деп Қайыргелді Әкімбеков аға-жеңгесіне деген көңіл сүйініші мен ыстық ықыласын жасыра алмады.
Халқының ықылас төрінде және өнердің асқар төрінде орыны бар Асекеңнің, Асанәлі Әшімовтің өмір жолы жарқын да, бақытты жол! Және де адами қасиеті, кейінгі жастарға ақылшы, жанашырлығы да Асанәлі ағаның бойындағы асыл да текті қасиеттердің бірі болса керек. 2015 жылы қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай драмалық шығармаға жарияланған байқауда менің «Қилы жол» драмалық шығармама таңдау түсіп, соны Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театры сахналайтын болып, Асанәлі Әшімов көркемдік жетекші болып бекітілгені бар еді. Сол шығарманы сахналау барысында Асанәлі ағаммен жиі жүздесіп, пікірлесіп жүрдік. Сол бір кезеңде Асекеңнің өзінен кейінгі өнерлі жастарға әкелік ниеті мен ақыл-парасатына тәнті болып едім. Өрелі ағалар өсіреді, өресіздер өшіреді екен-ау деген ойға берілгенім де болды.
Әлқисса, аңыз да абыз Асекеңнің, Асанәлі Әшімовтің «айналайын» деген бір ауыз сөзін естіп, көңілі өсіп, марқайып отырған Қайыргелді Әкімбековтің мерейі бүкіл Көкшенің мерейі! Қазақтың асылдары мен жақсылары жасай берсін!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар