Біздің Сарыоба ауылында жаны жайсаң, жомарт жандар көп. Солардың бірі – «Сарыоба-Астық» ЖШС-ының басшысы Алтынбек Әлібекұлы Тоқбаев біраз жылдан бері біздің ауылымызда мал шаруашылығы, егіншілік саласын дамытып, ортақ іске өз үлесін қосып келеді. Өз төлі есебінен ірі қара мал басын асылдандырып, көбейткен, егін шаруашылығын дамытып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалығының бүгінде тірлігі жаман емес.
Алтынбек жақсы істің басында жүретіні бір бөлек әңгіме. Ауылдағы жоқ-жітікке қал-қадірінше көмек көрсетіп, бар жақсылығын аямайды. Осы сөзіме дәлел іздеп, алысқа бармай-ақ қояйын. 2019 жылы қарашада мәрт азамат жалпы білім беретін Сарыоба орта мектебі ғимаратының шатырын заман талабына сай жаңартып, ауыстырып берді. Мектептің шатырының негізгі сметалық жобасына 7 миллион теңге керек еді. Осы қаржыны өз серіктестігінің атынан бөліп, мектебімізге көп жақсылық жасады.
Сонымен қатар, 2019 жылы желтоқсанда 500 мың теңге қаржы бөліп, мектептің ішіне жаңадан дәретхана орнатып берді. Мектебіміздің шатыры жаңарып, ғимаратқа көрік берсе, оқушылар жылы дәретханаға баруда. 2020 жылы қарашада мектебіміздің 34 терезесіне құны 3 миллион теңге тұратын үш қабатты пластикалық терезелер орнатып берді. Осындай игі істерді атқарып жүрген Алтынбектей азаматымызға мектеп ұстаздары, ата-аналар мен оқушыларымыздың алғысы шексіз. Өзгенің ауырын жеңілдетіп, қиналғанда қол ұшын созу – әр мұсылманның қанына сіңген қасиет болуы керек. Осыны ескерген Алтынбектей азаматтарымыз өскелең ұрпақтың бойына мейірімділік пен ыждаһаттылық, адамгершілік сияқты ізгі қасиеттерді мықтап сіңіретін шараларды жиілетіп өткізуді дағдыға айналдырған.
Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Сол себепті де, ауылға бүйрегі бұрмайтын, ауыл десе, құлағы елеңдемейтін адам кемде-кем шығар. Ауыл негізі – бірлік, қауымдасса – тірлік. Көп түкірсе көл деген рас-ау. Осыған мысал ретінде басқа да жомарт жанды азаматтарымыздың бүгінгі таңда мектебімізге жасаған игі істерін атап айтсақ болады. Олар – «Жомарт» шаруа қожалығының жетекшісі Гүлнұр Терлікбайқызы Нұркенова, атқарушы директоры Жомарт Терлікбайұлы Бұхарбаев. Осы бір абзал жандар да мектебіміздің спорт залына баскетбол, волейбол, футбол доп-
тарын, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, ойын арқаны, волейбол спортына арналған тор, терезеге доптан сақтайтын 30 метр торкөз жабдығын, теннис тақтасын әкеліп берді. Ал, «Достық НАН-2017» ЖШС-ының жетекшісі Мәрзия Молдабекқызы Қытайбекова, атқарушы директоры Руслан Ерденұлы Қытайбеков 2019 жылы мектебіміздің жанында орналасқан жеке ғимараттағы бастауыш сынып оқушылары кабинеттерінің терезелерін жаңасына ауыстырса, 2020 жылы мектептің арнайы мемлекеттік мекенжай тақтасын 40000 теңге қаржыға жаңартып берді.
Бұл Сарыоба ауылдық округіндегі атымтай азаматтардың ұлағатты ұстанымы. Көркі күн санап келіскен елді мекеннің мәрт жігіттері осылайша ауылдың киелі шаңырағы – мектепке өз қол ұштарын беріп, оқушыларды қуанта түсуде.
Қашанда игілікті істің басы-қасынан табылатын жомарт жандар Алтынбек Тоқбаев, Жомарт Бұхарбаев пен Руслан Қытайбеков сияқты азаматтарымыздың әлі талай тындырымды шаруалардың басын қайыратынына сенімдіміз. Жайсаң жандардың жомарттығын сезінген ауыл тұрғындары бұл білгендікке дән риза.
Алтынгүл ОНЕЙ,
Сарыоба орта мектебі оқу ісінің меңгерушісі.
Аршалы ауданы.