Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тарқатайық па, тарқатпайық па?! - АРҚА АЖАРЫ

Тарқатайық па, тарқатпайық па?!

Әуелі құдай тағала жарылқап есіркесінші демекші, былтырғы тышқан жылы бүкіл әлемді жайлаған, емі әлі күнге табылмай отырған атың өшкір індеттен қаншама арыстарымыздан, былайша айтқанда, ер азаматтарымыз бен азаматшаларымыздан айрылдық па, айрылдық. Міне, сонда ел басына қара бұлттай үйірілген бұл кеселден мысқалдай жанын аман сақтап қалу үшін былайғы жұрт, әсіресе, жасы 65-тен асқандар күн ұзаққа үйінде отыруға мәжбүр болып, төрт бұрышқа қамалды ма, қамалды. Сөйткен ағайын таңның атысынан іңір қараңғылығына дейін әупірімдеп уақыт өткізу үшін қолына қағаз ұстап, кітап оқуды былай қойып, теледидарға тесірейіп қарауды амалсыздан дағдыға айналдырды ма, айналдырды.

Әйткенмен сол теледидардан індет тарағанға дейінгі, атам заманғы бұрынғы ескі кинофильмдер мен басқа да атүсті түсірілген деректі сюжеттерді (хикаяттарды) әлденеше мәрте қайталап көрсетіле бергендіктен бе, көрермен қауым одан да безінуге айналды. Әйтеуір, басқаларға қарағанда журналист деген атымыз бар ғой, өзге ағайын о қылса, бұ қылсын, тап өзіміз республикалық телеарналардан беріліп жүрген жаңалық, хабар-ошарлардан қағыс қалмауға тырысып, ана каналды да, мына каналды да оңды-солды бұрап, құлақ түріп жатпаймыз ба? Осы арада айтайын дегенім, «қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, ондағы әріптес тележүргізушілердің көпшілігінің ана тілімізді орынсыз бұрмалап, өз аймағындағы, өздері туып-өскен жерлердегі диалектілерді жиірірек қолданатындықтарын байқаймыз.
Мысалға әрірек бармай-ақ мына жәйтке назар аударайықшы. Манадан еліміздегі, одан қалды шетелдердегі болып жатқан жаңалық оқиғалар атаулыны жіпке тізгендей етіп, кезек-кезегімен шұбыртып, дәттетіп отырған тележүргізуші кенет: «Әрі қарай бұл хабарды өз тілшіміз былайша тарқатады» деуіне не жорық?!
Біле білуімізше, біздің жақта, тап осы солтүстік өңірде тарқатады сөзін «жиналған көпшілікті тарқатады» не болмаса, «арқанды тарқатады» демеуші ме еді? Ол ол ма, кейінгі кезде Алматы, не астана жақтағылар әңгіме арасында «сабақтайды» сөзін де жиі қолдана бастады. Манағыны қайталап айтсақ, бір мәселені қозғай бастап: «Әрі қарай өз тілшіміз сабақтайды» деулері тіпті десеңіз шектен шыққандық, көрінеу көзге ана тілімізді аяқасты етіп, тілді шұбарлаудың нақ өзі емес пе? Өйткені, тағы да қайталап айтарымыз, біздің жақта бұл сөзді «жіпті сабақтайды, не инені сабақтайды» деп қолданады ғой.
Өкініштісі сол, оңтүстік өңірде жиі қолданылатын ондай-мұндай диалект сөздерді кей-кейде көкшелік (ақмолалық) тележурналистер де ара-тұра айтып қалатындарын естіп те, тыңдап та жүрміз. Сондықтан тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен бергі 30 жыл бойы тұрлаусыз күй кешіп келе жатқан тіліміз, мемлекеттік ана тіліміз жақында соңғы уақытта қордаланған проблемалар төңірегінде көпшілік арасында пікірталастар көбірек қозғала бастағандықтан осынау шетін мәселеге әлі де болса түсіністікпен, оң көзбен қарағанымыз жөн болатын сияқты дегіміз келеді.
Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар