Екінші семестрден бастап қазақстандық колледждерде оқу процесі дәстүрлі, қашықтықтан және аралас форматта жалғасатын болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті.
– Елімізде 796 колледж жұмыс істейді. Жалпы, оқу колледждерінде жаңа семестр 18 қаңтардан басталады. Колледждердің бірінші курс студенттері оқуларын штаттық форматта жалғастырады. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан 97 колледж өз студенттері үшін оқуды дәстүрлі түрде ұйымдастырады. Сондай-ақ, Қазақстан Рсепубликасының Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігі жанындағы және 14 жабық колледждің студенттері оқуын штаттық форматта жалғастырады. Қазіргі кезде колледждерде бірінші курс студенттерінің саны 149 мыңнан асады. Олар да оқуларын бұрынғыдай дәстүрлі түрде білім ордаларына барып оқитын болады. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар мен білім беру ұйымдарының өздері мекемелерді дайындайды және оларды оқыту үшін қолайлы санитарлық жағдай қалыптастырады. Сонымен қатар, қаладан тыс жерлерден келген студенттер үшін барлық жатақханаларда жағдайлар жасалуда, – деді ведомство өкілі.
Оның айтуынша, оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, ол барлық білім беру ұйымдарының қаперіне жеткізілді. Сондықтан, дайындық толық жүргізілді деуге болады.
Аудиториялық сабақтардың ұзақтығы колледж әкімшілігі құрған икемді кестеге сай 45 минуттан аспауы тиіс. Аудиторияларды санитарлық тазарту сабақтар арасындағы үзілістер кезінде және одан кейін де жүзеге асырылады.
Ақмола облысында осы күні 32 колледж бар. Олардың 9-ы ауылдық жерде орналасқан және ондағы контингент 200 білім алушыдан аспайды. Сондықтан бұл білім ордалары екінші семестрді штаттық режимде бастады. Облыстық білім басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, ведомствоға қарасты жалпы техникалық және кәсіптік колледждердің бірінші курсында 6 мыңнан астам білім алушы бар.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.