Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тапшыл ауылы үшін де қуандым - АРҚА АЖАРЫ

Тапшыл ауылы үшін де қуандым

Қазір жер-жерде «Менің Туым – менің Отаным!» патриоттық акциясы өтіп жатыр. Отанды сүюге, ата-бабаларымыздың найзаның ұшы, білектің күшімен аманаттап кеткен кең-байтақ даламызды қастер тұтуға, оның бір тұтамын басқаға бермеуге бағытталған игі бастама. Әсіресе, анау Никонов, Федоровтар бетімен сөйлеп, қазақтың жеріне көз алартып отырғанда…

Күнде байқап жүрміз, осы патриоттық істе бір ауылдан бір ауыл асқысы келеді, бір ауылдан бір ауыл челленджді биіктен де түсіріп, жерден де кең қамтып, мерейлерін асырғысы келеді. Қысқасы, «сенен мен озсам, менен ешкім озбаса» дегендей, бәсеке қызған.
Қазағымыздың мұндайда шарықтап, шалқып кететіні бар ғой. Астында ат, қолында Көк Ту, құйғытып кеп шапқан жігіттерге айызың қанады. Ниет дұрыс-ақ, елдің елдігін паш ету. Сөз жоқ, делебеңді қоздыратын, кіндік кесіп, кір жуған туған ауылың үшін мақтаныш сезіміне бөлетіп, толқытатын көрініс. «Ат – ердің қанаты» деп білетін қазағың үшін керегі де осы сияқты. Бір жерде дүрілдеп өткен, бір жерде сәл олқылау түсіп жатқандай көрінген шараның өзі әсіресе, қыстағы бұйығы тіршілікті бір қозғап, сілкінтіп жібергендей. Бірақ, ауыл үшін еңбек ету де керек, атпен де шабу керек. Жалғыз мұнымен емес, мерейімізді тасытар басқа істермен, жақсы жаңалықтармен де аты шығуы керек ауылдың.
Және бір көкейге келіп қалған ой, мұны жыл сайын бір қайталанып жататын науқанға, жарысқа айналдырып алмасақ болды. Не болса да, өзінің дәмімен болғаны дұрыс қой. Әрі жалғыз атпен жиырма бірінші ғасырда тақа ештеңе бітіре алмасың тағы аян. Дегенмен, кешегі ат үстіндегі бабалардай, қазақ жылқымен қазақ.
Осы челлендж менің туған ауылым Ортақта да тамаша өтті. Сонау тоқсаныншы жылдары тәуелсіздігімізді енді алған тұста Омбы, Түмен жақтағы казачествоның казактардың үлкен шеңберін (большой круг казачества) өткіземіз деп Көкшетауды таңдағаны көпшіліктің есінде болар. Міне, сонда казачествоға жол бермейміз деп қолдарында сойылдары, бірнеше өрім қамшылары бар жігіттері отыз атпен атойлап қалаға келген ауыл еді бұл. Бұл жолы да мен ауылымдағы осы челленджден сол замандастарымның елге, жерге деген сүйіспеншілігінің, таудай намысының бір үндестігін таптым. Облыс орталығында тұратын ауылдың бетке ұстар жігіттеріне дейін бір кісідей жұмылып кетті оған. Намысы бөлек Ортақ еді, сол намысының жоғары екенін тағы бір көрсетті.
Ал, бүгін осы туған ауылыммен ауылы аралас, қойы қоралас кішкентай Тапшыл үшін де өткен жолғыдай қуанып, ерекше толқи түстім. Неге десеңіз, бұл ауылда қазір төрт-бес қана үй қалған. Қайта кешегі кеңес өкіметі тұсында жиырма шақты үй бар еді. Ұзақ жылдар бойы солай мызғымай отырды. Тіпті, тәуелсіздігімізді алған соң іргесіндегі бес жүз үйлі Терновка, жетпіс үйлі Кеңес ауылдары тарап, орны ғана қалғанда, сол күйі тұрды. Өзге емес, өзімізден болып жатқан қырсыздыққа қашанғы шыдасын, бұл ауылдағылар да бертін ақыры, бірте-бірте жан-жаққа көшіп, үй қалмауға айналды.
Бірақ, Тапшыл деген аты тұр, әлі тіршілік бар ғой. Соны байқатқан бес үйлі Тапшыл да «Менің Туым – менің Отаным!» челленджіне бір ауылдай үн қосып, талайды таңдандырды. Әдетте, мұндай тарап кетудің алдында ғана тұрған ауылдан осыны күте қоймағанымыз анық. Бірақ, Тапшылдың азаматтары да нағыз патриот, ер екен.
Иә, бәрі есімізде. Бүгін қаусап тұрғанымен, кезінде бұл ауылдан да небір құйма құлақ ақсақалдар, Айтқожа Қалымов сияқты Ленин орденді совхоз директоры, Сабыржан Қожахметов, Ермек Қаженов секілді орденді озат механизаторлар, Асылхан Қожахметов, Сайлаубай Әбдікәрімовтай жоғары білімді бас мамандар, Мәктай Молдабаевтай ел ағасы, олардың ізін ала Орал Рақымжанов, Божан Есмағұлов, Бұршақбай Төлеков секілді шаруашылық, серіктестік, шаруа қожалықтарының жетекшілері шыққан.
Сол бір бұрыннан келе жатқан елдікті, ірілікті танытты бұл ауыл. Бес үйлі ауылдың қазіргі жігіттері атқа қонып, ту ұстап, Көкшетау мен шеттен келген азаматтары оларды қолдап, осы істің бір жағынан шығысып, бар екендіктерін, нар екендіктерін көрсетті. Әрине, үлкен ауылдарда мұндай істерге мүмкіндік мол. Ал, сол қатардан қалмаған тапшылдықтарға ризашылықтан басқа не дерсің?! Ауылы әлсіреп тұрғанымен, ел дегенде рухтары биік екен.
Тек сол рухты ауылдарымызға Үкімет тарапынан да көзқарас дұрыс болса. Халық әлі соны күтуде. Жылда ауылға сонша қаржы бағытталып жатыр дегенімізбен, ол көбіне-көп егінін салып, астығын жинап әкетуге ғана шебер ауыл шаруашылығы құрылымдарына, ірі фирма, компанияларға бөлініп жатқан қаржы екенін ел көрмейді емес, көріп отыр. Ал, ауылдың өз дамуына, онда жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік-мәдени тұрмысын жақсартуға тікелей күш салынса, Тапшыл сияқты кешегі Кеңес Одағы кезінде жұмысы мен ептеп жағдайы болған ауылдар әбден жүдеп, таралудың шегіне жетіп қалмас еді.
Әңгіме осы кішкентай ғана Тапшыл ауылы азаматтарының отансүйгіштік қасиетінен шығып жатыр. Ойдан ой туып, қолға еріксіз қалам алмай тұра алмадық.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар