Елімізде 128 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оларда білім алушылар контингенті 600 мыңнан астам адамды құрайды. 18 қаңтар мен 15 ақпан аралығында ЖОО-да көктемгі семестр басталады. Осыған орай, оларды дәстүрлі оқыту форматына біртіндеп көшіру мәселесі пысықталып жатқанын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов мәлімдеді.
–Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша 1 курс студенттері, яғни 150 мың адам үшін оқу процесі аралас форматта ұйымдастырылады. Яғни, дәрістер — онлайн, семинарлар, қолданбалы сипаттағы зертханалық және практикалық сабақтар – күндізгі форматта өтеді. 2-ші және 3-курстарда оқыту күзгі семестрдегідей дайындық бағыттарына байланысты бұрынғы режимде қалады. ЖОО-лар студенттерді осы форматта қабылдауға дайын. Қазіргі уақытта тиісті санитарлық-эпидемиологиялық режим орнатылды. Аудиторияларда студенттердің саны 40 пайыздан аспайтын болады, бұл ретте әртүрлі топтардағы студенттер бір-бірімен үзілісте кездесе алмауы үшін ауысулардың жылжымалы кестесі жасалады, аудиториялар да партада отырғандар арасында кемінде екі метр әлеуметтік қашықтық, сондай-ақ зертханаларда бір студентке бес шаршы метрден қарастырылған», — деп атап өтті спикер.
Басқа қалалардан келген студенттерге жатақханалардан орын беріледі, бірақ толымдылығы 50 пайыз болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.