«Қазақ ССР-інің халық ақыны» деген атаққа ие болған ақиық айтыскер ақын Қалия Жұбандықовтың есімі Арқа еліне жыға таныс. Ол 1872 жылы бұрынғы Ақмола облысының Көкшетау уезіне қарасты Қотыркөл болысының Қызылағаш ауылында дүниеге келген. Бұл – бүгінде Ақмола облысының Бурабай ауданына қарасты Абылай хан ауылы. Кезінде үш жүздің басын қосқан хан Абылайға қоныс болған қасиетті Бурабай топырағынан нәр алған ақынның отты жырларын ел халқы әлі күнге дейін жыр қылып айтады.
Қазақта «Үйдің жақсы болмағы ағашынан, жігіттің жақсы болмағы нағашысынан» деген сөз бар. Қалия ақынның сөзге шешендігі, суырыпсалма ақындық қасиеті нағашы жұртынан дарыған деседі. Жұбандықтың бәйбішесі Былқылдақ – алдаспан ақын Тезекбай Шоқтыбайұлының туған қарындасы болса керек. Тезекбай ақын Көкшетаудан қол созым жерде орналасқан Амандық ауылында дүниеге келген. Өз заманында айтыскерлік өнерде алдына жан салмаған Тезекбай Шоқтыбайұлы Атығайдан тарайтын Кәдір руынан болады. «Сөз додасында Тезекбай ақынды жеңген адам болмаған » деген сөз әлі күнге дейін айтылып жүр. Міне, сол ақиық ақынның жиені – Қалия Жұбандықов.
Енді мына бір қызық сәйкестікке зер салыңыз. Осыдан біршама уақыт бұрын газет редакциясына Абылай хан ауылынан атақты Қалия Жұбандықовтың жиен немересі Өркен Абжанов арнайы келді. Қолында қойын дәптері бар. Іші толы өлең. Биязы мінезді ақын жігіттің айтуынша, соңғы кезде өлең жазуға құштарлығы артып, қолына қалам алып, жыр жазуға ден қойған. Сөз сабақтасына зер сала келе, «тегі жақсы тегін болмас» дейтін қазақы пайымның тектен-тек айтылмағанына тағы бір көз жеткізгендей болдық. Біз ақын жігіттің өлеңдерін алып қалып, газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік. Таразылайтын көзіқарақты жыр сүйер қауымның өзі. Өлең өлкесіне қош келдіңіз, дейміз біз де асылдың сынығы болып табылатын Өркен бауырымызға!