Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көксеңгірдегі шаруа қожалығы адал еңбекке арқа сүйеп отыр - АРҚА АЖАРЫ

Көксеңгірдегі шаруа қожалығы адал еңбекке арқа сүйеп отыр

Мемлекет тарапынан мал бағамын деп ұмтылған адамға қолдау көп. Игілігін көріп отырғандар да аз емес. Шаруасын дұрыс ұйымдастырып, сайын даланың төсін ақтылы малға толтырып отырған малсақ қауымның мәнді ісін өзгеге өнеге етсек, өзге жұрт тәуекелге бел буып, өз істерін бастап кетер ме еді. Көксеңгірдің кең көсілген сайын даласы нағыз төрт түлік малды мыңғыртып өсіретін-ақ жер. Көз ұшына қара ілінбейтін жалпақ даланың шөбі малға қандай жұғымды. Кешегі Кеңес заманында тастақ жердің бетін тас-талқан етіп айғыздап, жөнсіз жоспар қуалаудың салдарынан өспейтін жерге егін де еккен. Асылында бұл аймақ нағыз қоралап қой өсіріп, үйірлеп жылқы ұстайтын өңір.

Бүгінде «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 70 миллион теңгеге 80 бас симментал тұқымды қара мал алып, бағып отырған Ерік Сейілов өңірдегі іскер азаматтардың бірі. Несиеге алған малдан басқа елуге тарта қылқұйрықтысы жайылымда жүр. Бір қора қойы да бар.
–Негізі Торғайдың қазағымын. Арқалық қаласының жанындағы Матросов ауылында туып-өстім. Өтпелі кезеңнің өкпек желі үдей соққан тоқсаныншы жылдардың орта шенінде алақандай ауылдың тұрғындары тіршілікке талғажау ететін кәсіп іздеп жан-жаққа үдере көше бастады. Біз де астана астық. Ол кезде Елордада құрылыс қарқынды жүріп жатқан. Құрылыс шебері, бригадир болдық, кейін өз ісімізді бастауға аңсарымыз ауды, – дейді Ерік Қоңқышұлы. – Кәсіп таңдайтын несі бар, мал бағу атадан балаға мирас болып қалған дүние емес пе?! Бірінші шарты құнарлы, жайылымдық жер. Әр өңірдің жай-күйін ақыл таразысынан өткізе келе осы өңірді таңдадық.
Ел ішінде өскен кейіпкеріміз бұл орайда жаза баспаған екен. Көксеңгірдің кең көсілген құнарлы да құтты жайлаулары мыңғыртып мал бағатын-ақ жер. Құрылыс саласында табаны күректей 12 жыл жұмыс істеген соң осыдан екі жыл бұрын осы өңірге көшіп келген. Бір кезде білдей бір Уәлиханов ауданының орталығы болған еді мекенде қазір отыз шақты ғана түтін қалған екен. Бірден шаруаға кіріскен «Сарыжайлау» шаруа қожалығы ешкімге қажеті болмай қаңырап қалған мал базын сатып алып, аз ғана уақыттың ішінде жөндеп шыққан. Өздері де ел ішінде ірге теппей, ойға алған шаруа оңынан оңғарылар ма, үй сатып алған. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде төрт құбыласы түгенделіп, жыл аралатып қажетті техника құралды. Қазір мал азығын дайындауға керек барлық агрегаттар бар. Биыл қысқа жетерлік шөбін шауып алды. Келер жылдан бастап мал азығын молайту үшін 200 гектар жерге арпа екпек. Мал-жанға қажетті су көзі – скважина бұрыннан бар екен.
Әуелі жергілікті тұқымды қара мал бақпақ болған. Бірақ, ол ойынан кейін айныды. Қанша бақсаң да асыл тұқым баққан аса береді-ау.
–Қабырғамен кеңесе келе, симментал тұқымды малды қош көрдім, – дейді Ерік Қоңқышұлы. – Қара малдың ішінде озығы осы шығар. Бұзаулары да ірі болып туады. Қысқа төзімді. Өңмеңіңнен өтетін өкпек жел, аязға қыңа қоймады. Ең бастысы, өнімділігі жоғары. Әдетте, қара мал тірідей салмақтың 45 пайы-зы шамасында ет беретін болса, симментал тұқымды мал 60 пайызға дейін өнім береді. Сүті де көп, майлылығы 3,7 пайызға дейін барады. Сүтті сиырлар жылына 5000 литрге дейін сүт беруі мүмкін. Оның үстіне мінез-құлқы да орнықты, азықты да талғамай жей береді.
Ендігісі есеп-қисапқа байланысты. Шаруа қожалығы басшысының айтуына қарағанда, мемлекет тарапынан жап-жақсы қолдау бар. Екі қолын алдына сыйғыза алмай отырған ауыл тұрғындары үшін бұдан артық не керек? Тек бір ғана мәселе, алған несиенің қайтарымы. Мысалы, «Сарыжайлау» шаруа қожалығы малды тайынша күйінде сатып алған. Ол өсіп бұзаулағанша, бұзауы етке өткізуге жарағанша бері қойғанда 3-4 жыл уақыт керек. Ал, алынған несиені екі жылдық бостандықтан кейін төлеу қажет болады. Демек, мал баққан шаруа қожалығы қомданып, қаражат жинап алғанша қайтарым уақыты сол шамада болса, іс алға басар еді. Несие алғысы келген адамдардың қаймығатын дүдәмал тұсы да осы.
–Мемлекеттің көмегі көп, мәселен, біз әр бас қара малды 625 мың теңгеден сатып алып отырмыз. Оның 225 мыңын мемлекет қайтарады. Сонда асыл тұқымды әр мал 400 мың теңгеге түсіп отыр, – дейді шаруа қожалығының басшысы. – Егін шаруашылығы тәрізді мал азығын жинау кезінде жеңілдетілген бағамен жанар-жағар май босатылса, тіпті оң болар еді.
Ауылда қазір мал бағатын адам қалмаған. Өйткені, бір кездегі аудан орталығында мектеп, бала бақша, мәдениет үйі атымен жоқ, жалғыз шағын дүкен ғана бар екен. Оның үстіне Степняк, Степногорск бағытындағы жол да әбден тозып біткен. Шаруа қожалығы жаз бойы құрт, май дайындап, қымыз баптап, Нұр-Сұлтан қаласының сауда нүктелеріне тасиды. Ал, қыста қарға адым жер жүру мұң болып қалады. Қиян шеттегі мал ішінде жүрген малсақ қауым ауырып-сырқай қалса, иек астында қаралып емделетін жер тағы жоқ.
Малдың ғана емес, адамның да жайын ойласақ, Көксеңгір тәрізді құйқалы жерлердің көп-көрім пайдасы тиіп қалар еді.
Қуаныш НҰРҚҰШЕВА.
Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар