Жерлесіміз, спортшы Дина Жоламан әлемнің 12 елінің былғары қолғап шеберлері қатысқан «Ұлттар кубогы» халықаралық турнирінде алтын медальді жеңіп алды.
Сербияда өткен бұл жыл сайынғы дәстүрлі «Ұлттар кубогы» халықаралық турнирі осымен оныншы мәрте ұйымдастырылып отыр. Әйелдер арасында өткен турнирде Түркия, Ресей, Словакия, Чехия, Словения секілді 12 мемлекеттің бетке ұстар боксшы қыздары рингке шығып, қолғап түйістірді. 54 келі салмақ дәрежесі бойынша додаға түскен жерлесіміз Дина Жоламан ақтық мәреде сербиялық спортшыны жеңіп, Қазақстанның қоржынын алтын медальмен толықтырды.
Еліміздің атын шығарып жүрген жерлесіміздің жеңісті жолы әлі жалғасады деп сенеміз.
Ы.ШАМШИЕВА.