Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шет елден бақыт табуға бола ма?.. - АРҚА АЖАРЫ

Шет елден бақыт табуға бола ма?..

оған барып келгендер не дейді

Соңғы жылдарда қазақстандықтардың, оның ішінде жастардың шет елдерге кетуі көбейіп барады. Олардың бәрі дамыған шет елдерде өмір деңгейі бізге қарағанда жоғары және аз уақытта мол ақша табуға болады деген үмітпен осындай қадамға баратыны анық.  Қазақта «пәлен жерде алтын бар дейді, барсаң бақыр да жоқ» деген нақыл бар. Яғни, шет елге барып өз бақытымызды табамыз деу де сол әлдекімдердің сөзіне сеніп, күмәнді қадамға бару деген сөз.

Бір таныс жігіт бірнеше жыл көрінбей кеткен, содан өткен жылы көшеде кездесіп қалып, хал-жайын сұрадым. Ол Оңтүстік Кореяға барып, сонда үш жылдай жұмыс істепті. Нақты мамандығы болмағандықтан, түрлі қара жұмыстар атқарған. Бізге қарағанда жалақысы біршама жоғары, бірақ  пәтер жалдауға, жолақысына, тамаққа, киімге, т.б. шығындарға кететін ақшаны  алып тастағанда қалтаңда таза қалатыны оншалықты көп емес дейді ол. Әлгі жігіт үш жылдан кейін аздап ақша жинап, елге қайта оралады. Қазір ол күзет мекемесінде істеп жүр. Шетелден тапқан ақшасына автокөлік сатып алыпты. Бар олжасы – сол.
Тағы бір жігіт Германияға кетіп, біраз жыл сонда жұмыс істеді. Рас, табысы жаман болмапты.  Бізбен салыстырғанда олардың өмір сүру деңгейі де жоғары дейді. Бірақ та, күреп ақша тауып, бақуатты болып кете алмаған. Ел қатарлы орташа тірлік кешіпті. Ауа райы, адамдармен қатынас, қоршаған орта ұнамай, бірнеше жылдан соң елге қайтқан. Қазір ол мемлекеттік мекемеде қызмет етеді.
Шет елге барып, судай батып, тастай сіңіп кетіп жатқандар да аз емес. Десе де, солармен сөйлесіп, жағдайларын сұрай қалсаң, алып бара жатқан  ештеңелерінің жоқтығын байқайсың. Пәтер жалдап тұрады, автокөліктері бар, жалақылары бізге қарағанда біраз жоғары. Бірақ та, ол елдегі халықтың менталитеті басқа болғандықтан, жаңа ортаға үйренісіп кету де оңай тимейді екен.
Бұдан не ұғынуға болады?  Шет елге барсақ бірден жалақысы мол жұмысқа орналасып, күреп табыс тауып, молшылыққа кенелемін деу ақымақшылықтан басқа түк емес. Таяқтың екі ұшының болатыны сияқты, шет елге барып жұмыс істеудің жағымды жақтарымен қоса, жаман жақтары да баршылық.

Алыстан арбалағанша…

Қазақта «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген мақал бар. Шет елге барып бақыт іздегенше, сол бақытты өз елімізден де табуға мүмкіндік жеткілікті. Тек сол мүмкіндіктерді көріп, дұрыс пайдалана білу қажет. Ол үшін жұрт қалай өмір сүріп жатыр, солар сияқты өмір сүремін деп емес, өз жолыңды, өмірден лайықты өз орныңды табуға ұмтылу қажет.
Мәселен, интернеттің дамуымен соңғы жылдарда интернет арқылы келіп жатқан түрлі бизнестер көбейді. Шет елдік компаниялар өз бизнестерін басқа елдерге интернет арқылы таратуға мүдделі. Міне, сондай компаниялардың біріне кіріп, өзіңіз тұратын қаладан, не елді мекеннен әлгі компанияның өкілдігін ашуға болады. Бұл жақсы табыс әкелетін тиімді шаруа.
Одан қалды, интернеттен ақша табуға мүмкіндік беретін интернет маркетолог, смм менеджер, интернет бағдарламалар жасаушы, фрилансер сияқты мамандықтар алуға болады. Мұндай мамандықтарды оқытатын ақылы курстар интернетте өте көп. Сондай жоғары сұранысқа ие мамандықтың бірін игерсеңіз, табысы жоғары жұмыс табудың еш қиындығы болмайды.
Қазір миллиондаған теңге беріп, жоғары оқу орындарында оқығанша, әлгіндей интернет курстардан білім алған әлдеқайда тиімді. Ондай мамандықтар барлық жерде сұранысқа ие және жақсы табыс табуға мүмкіндік береді. Ал,  қаптап кеткен университеттер мен колледжден алған мамандық бойынша жұмыс табу оңай емес және ондай жұмыстың жалақысы да мардымсыз. Қалай дегенде де, тұрмыс жағдайыңызды түзеп, ел қатарлы жақсы өмір сүруге біздің елімізде де мүмкіндік жеткілікті. Тек сол мүмкіндікті көріп, дұрыс пайдалана білсек, шет ел асып бақыт іздеудің қажеті болмайды.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар