Үстіміздегі жылдың 1 ақпанынан Ақмола облысында коронавирус инфекциясына қарсы «Спутник-V» екпесін егу басталады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нариман Сыздықов айтып берді.
Екпе жасамас бұрын міндетті түрде тұрғындардан келісім алынады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нариман Сыздықовтың айтуынша, қазіргі таңда екпе жүргізудің нақты жоспары жасалып жатыр. Коронавирусқа қарсы ресейлік «Спутник-V» екпесі өңірімізде алдымен инфекциялық стационарларда жұмыс істеп жатқан ақ халаттыларға, білім саласы мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне егіледі деп күтілуде. Десек те, кімде де кім екпе алудан бас тартса, оған ешқандай жаза қолданылмайды.
–Еліміздің Үкіметі мен денсаулық сақтау министрлігі екпе егу жоспары бекітті. 1 ақпанда елімізде ерікті түрде және тегін екпе егу басталады. Ресейде шығарылған және барлық клиникалық зерттеулерден өткен «Спутник-V» екпесі басқа екпелерге қарағанда өзінің жоғары тиімділігін көрсетуде, – деген Нариман Сыздықов екпе егу екі кезеңмен жүзеге асырылатынын хабарлады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, алдымен екпені ерікті түрде коронавируспен күрес шараларына жұмылдырылған сала қызметкерлері алады. Одан кейін, екінші кезеңде екпе созылмалы ауруларға шалдыққан, диспансерлік есепте тұрған науқастарға, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, балалар ұйымдарының қызметкерлеріне, халықтың әлеуметтік әлжуас тобына егіледі.
Екпе алғандардың барлығы кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Екпе екі кезеңмен егіледі. Бірінші екпе егілгеннен кейін алғашқы клеткалық иммунитет қалыптасуы керек. Үш апта өткен соң науқастың жағдайы тексеріліп, екінші екпе егіледі. Брифинг барысында Нариман Сыздықов әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан коронавирусқа қарсы екпеге қатысты жиі қойылатын сауалдарға жауап беріп, екпе әлемді жайлаған жаман ауруды жеңудің жалғыз құралы екенін жеткізді. Айта кетейік, қазір әлем бойынша коронавирус жұқтырған науқастардың саны күн санап көбеюде. Бүгінде дүниежүзінде індетті жұқтырған 100 миллионға жуық науқас тіркелген, ал 2 миллионнан астам адам осы аурудан қайтыс болған.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.