Өткен сенбі күні облыс әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, өңірдегі жаңа құрылыс нысандарын аралап көрді, сондай-ақ, бірқатар өндірістік орындар мен әлеуметтік мекемелердегі істің барысымен танысып, шешімін тілейтін мәселелерге назар аударды.
Аймақ басшысы Ермек Маржықпаев ауданға сапарын Щучинск қаласындағы №5 орта мектептен бастады. Өткен жылы бұл білім ошағының ғимаратына «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Іргетасы 1957 жылы қаланған мектеп ұзақ жылдардан бері енді ғана күрделі жөндеуден өтіп, іші-сырты жарқырап, жаңарып, өзгеріп шыға келді. Қазір 500-ден астам баланы білім нәрімен сусындатып жатқан бұл білім ұясы өзі орналасқан шағын ауданға ерекше көрік беріп тұрғандай. Мектеп ішін аралап көрген әкім ендігі арада осы мектеп орналасқан шағын ауданды да көркейтіп, көріктендіруге мүмкіндік туып тұрғанын атап өтті. Мәселен, шағын ауданның көше жолдарын жөндеп, үйлерінің сыртын ретке келтіру қажет. Ал, мектептің өзін заманауи құрылғылармен жабдықтау керек. Ұстаздар қауымымен әңгіме барысында аймақ басшысы оларға оқушылардың білім сапасын көтеріп, пән олимпиадасына қатысушылар мен болашақ спортшыларды тәрбиелеуді тапсырды. Сонымен бірге, жергілікті билік өкілдеріне осы шағын ауданда балабақша салу жоспарын қарастыру қажеттігін айтты.
«Бурабай локомативті-вагон жөндеу депосы» серіктестігінің ғимаратында әкімді компания директоры Шамиль Саляхов қарсы алды. Бұл жерде вагондар мен локомативтердің жүріс бөлігінен бастап, ішкі-сыртқы бөлшектеріне дейін өндіреді екен. Депо ғимаратын компания директоры кәсіпорын мен кадрларын сақтап қалу үшін сатып алыпты. Кәсіпорынның бір ұтымды тұсы – ол іс жүзінде толығымен қазақстандық өнімдермен қамтылады. Әсіресе, Ақмола облысының өндіруші кәсіпорындарымен тығыз әріптестік орнатылған. Қазіргі уақытта кәсіпорында 150-ден астам адам жұмыс істейді. Өткен жылы серіктестіктегі орташа еңбекақы 150 мың теңгені құраған. Кәсіпорынның жұмыс барысымен танысып болған аймақ басшысы серіктестік директорына оның маңызы мен қажеттілігін айтып, өнім көлемін ұлғайтуға назар аударды.
Былтырғы жылы Щучинск қаласында бірқатар аулалар жөндеуден өткен болатын. Олардың сапасы қаншалықты дұрыс болғандығын аймақ басшысы өз көзімен барып көруді жөн санады. Мәселен, Абылай хан көшесі, 136 «б» үйдің ауласы өткен жылы жөнделді. Оның аумағы өте үлкен, айналасында 400-дей пәтер бар. Ауланы жөндеуге қазынадан 72 миллион теңге бөлініп, жоспар бойынша бұл жерге асфальт төселіп, жиектастар орнатылыпты, тұрғындарға қажетті автотұрақтар, балалар алаңы мен жасанды жабынды бар спорт алаңы да жабдықталған. Жұмыстың сапасын тұрғындар өздері бақылауда ұстап, нәтижесіне көңілдері толған. Әкім ат басын тіреген осындай аулалардың бірі Красноармейск көшесіндегі №13 үйдің маңында. Бұл аулаға әлі жөндеу жүргізілмеген. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаты әзірленуде. Жоғарыда аталған Абылай хан көшесіндегі аула «пилоттық» жоба бойынша салынды.
–Жұмыс барысында аяқталу мерзімі бойынша мердігерлермен мәселелер туындап, қиыншылықтар да кездесті, бірақ уақытылы аяқталды. Осы бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастыруымыз керек. Көкшетау қаласында соңғы төрт жыл ішінде 150 аула жаңартылып, қалпына келтірілді. Енді, 2025 жылға дейін Щучинск қаласының да бірқатар аулаларын, үйлердің сыртын ретке келтіру керек, биылғы жылы кем дегенде 10 ауланы жөндеп шығу қажет, –
деген Ермек Маржықпаев аулаларды жөндеумен қатар, аудан орталығында 60 үйді толығымен сырлап, бояуды тапсырды.
Бұл күні өңір басшысы жаңадан салынғалы жатқан заманауи спорт сарайының құрылыс алаңында болды. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, жобаның мемлекеттік сараптамасы да аяқталуға жақын қалыпты. Құрылыстың бой көтеруі үшін бюджеттен 2 миллиард 800 миллион теңге қарастырылған. Сарайда оқу-жаттығулардан бөлек, спорттық ойындардың барлық түрлері қамтылады деп жоспарланған. Нысан 2022 жылы тапсырылуы тиіс.
Бүгінде Бурабай кентінде салынып жатқан полиция бөлімшесінің жаңа ғимаратында құрылыс жұмыстары қыза түскен. Бөлімшенің ескі ғимараты құқық қорғаушылардың жедел бригадасына беріліп, оған да жаңаша үлгідегі жөндеу жасалмақшы. Құрылыс алаңында болған аймақ басшысы нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Сапар кезінде облыс әкімі Оқжетпес кентіндегі мәдениет үйіне де ат басын бұрды. Бұл нысанға жақында «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында қазынадан 70 миллион теңге қаржы қарастырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Сонымен бірге, шатырын жөндеуге 84,5 миллион теңге бөлініпті. Атқарылған жұмыстың сапасын тексеруге барған аймақ басшысы мұнда да бірқатар қиындықтар кездескенін атап өтіп, Мәдениет үйінің ендігі арада ішкі құрал-жабдықтарын жаңартуды тапсырды және аудан басшылығына Щучинск қаласындағы мәдениет үйінің ескі ғимаратын сырып тастауға байланысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.
–Өте ұзаққа созып жібердіңіздер, тездетіп ескі ғимратты сырып тастап, жаңа ғимараттың жобасын әзірлеңіздер. Бірақ, ғимараттың бұрынғы сәулет ерекшеліктері сақталуы тиіс, – деді әкім.
Іссапар барысында облыс әкімі Бурабай кентіндегі С.Сейфуллин атындағы орта мектепке де ат басын бұрды. Аталған мектептің 1963 жылы негізі қаланып, қазір онда 300-ге жуық оқушы білім алуда. Ағымдағы жылы білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланыпты. Бұл үшін 280 миллион теңге қаржы бөлінбекші. Ермек Маржықпаев мектептің кент орталығында орналасқандығын ескере келе, күрделі жөндеудің аса қажеттігін атап өтті.
Жұмыс сапарының соңында Бурабай кентінің жылу қазандығында болған әкімге кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істейтіндігі, жылу үйлерге толық көлемде таратылатындығы, ал, салқын үйлердің болуы ол тұрғындардың өздеріне қатысты екендігі баяндалды. Яғни, тұрғындардың өздері жылу құрылғыларын жобаланған орындарынан алып, өздеріне ыңғайлы орынға ауыстырулары себебінен жылу тиісті көлемде жетпейді. Бұл орайда, аймақ басшысы «маған өте көп шағымдар түсіп жатыр. Әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеңіздер» деп тапсырды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.
Бурабай ауданы.