Қазақстан Республикасы Қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадыржан Қабиденұлы Әбуев 83 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Қадыржан Қабиденұлы 1938 жылы 26 желтоқсанда Көкшетау облысы Айыртау ауданының Қызыләскер ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Петропавл педагогикалық институтының тарих-филология факультетін бітірген соң алғашқы еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол ауылда мектеп директоры болып қызмет атқарды. 1969 жылы Көкшетау педагогикалық институтына оқытушы болып жұмысқа орналасып, Алматы шет тілдері педагогикалық институтының КОКП тарихы кафедрасы жанындағы аспирантурада білім алады. Одан әрі кандидаттық диссертациясын, ал, 2002 жылы Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде докторлық диссертациясын қорғайды.
Үздіксіз зерттеу қызметі, кең ой-өрісі және ойлау қабілеті Қадыржан Әбуевтің тарихшы ғалым ретінде қалыптасуына ықпал етті. Ол 1976 жылдан Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының КОКП тарихы кафедрасының меңгерушісі болып еңбек етті. 1991 жылы осы оқу орнында қайта құрылған Қазақстан тарихы кафедрасының жетекшілігіне тағайындалып, кафедраны қазақ мемлекеттілігінің тарихын, қазақ халқының көрнекті өкілдері Абылай ханның, Шоқан Уәлихановтың мұрасын зерттеу жөніндегі ғылыми орталықтардың біріне айналдыруға ықпал етті.
Қ.Қ.Әбуев үш жүздің басын қосқан хан Абылай туралы тың деректерді Ресей мұрағаттарынан талмай іздестіріп, одан әрі зерттеп, тарихи және ғылыми айналымға енгізді. Сібір хандығы, Науан хазірет туралы еңбектерін жарыққа шығарды. Қадыржан Қабиденұлының жетекшілігімен «Ақмола облысы», «Шоқан Уәлиханов», «Абылай хан» атты үш энциклопедия жарық көрді. «Шоқан Уәлиханов және оның замандастары» монографиясының баспа жүзін көруі Ресей мен Қазақстанның тарихнамасындағы жарқын оқиға болды. Бұл басылымдар ғалымның басқа да еңбектерімен бірге Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігінің қоғамдық-саяси тарихы, ғылымы мен мәдениетінің көптеген ортақ мәселелерін зерттеу үшін іргелі негіз болып табылады. Белгілі тарихшының қаламынан өлкеміздің өткені мен бүгіні, тың және тыңайған жерлерді игеру тарихы, Қазақстанның кеңес заманындағы мәдени-құрылыс мәселелері туралы 250-ден астам ғылыми еңбектер туды. Ол тарихшы ғалым ретінде ономастика мәселелеріне үзбей ат салысып, ұмытылған ел-жер тарихы мен жарқын тұлғаларымыздың есімдерін қайта қалпына келтіруге көп үлес қосты.
Қ.Қ.Әбуевтің қоғамдық, ғылыми-ағартушылық саласындағы еңбегі елімізде және одан тысқары жерлерде лайықты бағаланды. Ол «Тыңға 50 жыл», Ы.Алтынсарин медальдарымен, «Қазақстан ғылымын дамытудағы еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының ағарту ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ, Абылай ханның өмірбаянын зерттеген іргелі еңбегі үшін дүниежүзілік Шыңғысхан қорының, «LahoreetScentia» халықаралық қауымдастығының ордендеріне ие болды.
Қадыржан Қабиденұлы өзі ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде тарих ғылымының қалыптасуына, жас буынды оқытып, тәрбиелеуге зор үлес қосты. Ол сонымен бірге, адамгершілігі мол, принципшіл азамат ретінде көпшіліктің лайықты сый-құрметіне бөленді. Еліміздің тарих ғылымына сүбелі үлес қосқан белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз Қадыржан Қабиденұлы Әбуевтің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.
Ақмола облыстық әкімдігі.
Ақмола облыстық мәслихаты.
Облыстық ардагерлер кеңесі.