Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Болашақ ұрпақтың дені сау, білімді болуы бәрімізге сын - АРҚА АЖАРЫ

Болашақ ұрпақтың дені сау, білімді болуы бәрімізге сын

Өткен жылдың наурыз айынан бастап елімізде коронавирус пандемиясының жаппай етек алуына байланысты білім саласы қашықтықтан оқытуға көшірілді. Ондағы мақсат – ұрпағымыздың денсаулығына зиян келтірмей, үйден оқытуға жағдай жасау болатын. Ал, білімді ұрпақ тәрбиелеуде мұның қаншалықты пайдасы мен зияны болды? Осыны бір сәт ойланып, саралап көрсек.

Әрине, әлемді дүрліктірген қауіпті індет біздің елді мекендерімізді де шарпып, жұртшылықты әуре-сарсаңға салғаны жасырын емес. Бұл дерттен қазір де айығып кете қойған жоқпыз. Пандемия жалғасуда десе де, ата-бабамыздан дарыған асыл қасиет – сабырлылықпен ертеңгі күнге үмітпен қарайтынымыз  рас. Сондықтан, алдымен, облыстық білім басқармасына, одан кейін аудан, ауыл мектептеріне хабарласып мән-жайды анықтап көрдік. Жалпы, қазіргі таңда білім беру мекемелері 2021 жылғы
1 қаңтардан бастап, өңірімізде шектеу шаралары аясында білім беру процесінің тиімділігін арттыру бойынша жұмыстарын жалғастыруда. Эпидемиологиялық жағдай ескеріле отырып, облыс бойынша 38 мың оқушыларға арналған 124 мектепте үшінші оқу тоқсаны қашықтықтан басталды. Ал, 70,5 пайызды құрайтын 91 мың оқушы 431 мектепте дәстүрлі түрде оқиды. Бұл – мектептердің 75 пайызы, оның ішінде 54 мыңы кезекші сынып оқушылары. Онда 4397 кезекші сыныптар бар. Осылайша ағымдағы оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап 9 сыныптардан 6795 және 11 сыныптардан 3359 оқушы  мектеп партасына отырып оқуларын жалғастыруда. Сондай-ақ, сыныптан тыс сағаттарда мектеп оқушыларының білімін толықтыру мақсатында 10 мың білім алушыны қамтыған 2137 жеке консультациялық топтардың жұмысы ұйымдастырылған.
Нақтырақ айтсақ, Ақмола облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы №302 қаулысына сәйкес, 2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап «Ақмола облысының аумағында шектеулі карантиндік шаралар туралы» 6795 оқушыны қамтыған 9-сыныптарға 530 кезекші сабақ, 3359 оқушыны қамтыған 11-сыныптарға 282 кезекші сынып ұйымдастырылып отыр. Ондағы 9 кезекші сыныпта 1752 мұғалім, ал, 11 кезекші сыныпта 1405 мұғалім сабақ береді. Сондай-ақ, 1-ден 5-інші сыныпқа дейінгі 43898 оқушысы бар 3585 кезекші сынып та жұмысын жалғастыруда. Оларда 3745 мұғалім жұмыс істейді. Мәселен, осы оқу жылының басталуына дейін облыс мектептерінде 15 мың компьютер болса, тек биылдың өзінде 30 мыңға жуық компьютерлік техника сатып алынып, облыстық білім саласының барлық мектептеріне таратылғанынан хабардар болдық. Сөзіміз дәлелді болу үшін Ақмола аймақтық білім берудегі жаңа технологиялар орталығы директорының орынбасары Рустам Құлниязовқа хабарласып, көкейдегі сұрақтарымызға жауап алдық. Оның айтуынша, бүгінгі күні Үкіметтің қолдауымен шамамен төрт мың дана компьютерлік техниканы (3934) сатып алу жұмыстары да жүргізілген. Мұның бәрі бұрын тоғыз оқушы бір компьютермен жұмыс істесе, енді бұл жағдайды үш оқушыға бір компьютер деңгейіне дейін жақсартуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, білім алу үшін жеке өзінің компьютері жоқ оқушыларға оқу жылы басталғаннан бері 5535 мектеп компьютерлері уақытша пайдалануға берілген. Оның 3321-і қалалық және 2214-і  ауылдық жерде оқитын оқушыларға табыс етілген. Сонымен қатар, интернетке қолжетімділік жағы төмен мектептердегі білім алушылар үшін 5 мың роутер сатып алынған. Оның 3499-ы ауылдық, 1751-і қалалық мектептердің оқушыларына таратылған.
– Бүгінгі таңда облыстың барлық мектептері 4 Мбит/секунд және одан жоғары жылдамдықтағы кең жолақты Интернетке қол жеткізіп отыр. 271 мектепте жылдамдығы 4-тен 8 Мбит/секундқа дейін, ал, 284 мектептің Интернет жылдамдығы 8 Мбит/секунд және одан жоғары. Мысалы, Степногорск қаласына қарасты Изобильный ауылының мектебінде 4 Мбит/секунд кең жолақты интернет желісі болса, ауылдың өзінде интернет жоқ. Тиісінше, Изобильный ауылының оқушылары дәстүрлі түрде мектепте оқытылады, – дейді Рустам Серікбайұлы. Ал, бүгінде республикалық ғылыми жұмыстардың жеңімпазы атанып қана қоймай, отағасымен екеуі  үлгілі отбасылардың бірі ретінде өңірімізге танымал Шортанды ауданы Новокубанка орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Хаусел Паней:
– Балаларды оқытуға үкімет тарапынан, облыстық, аудандық бюджеттен қажетті жағдайлар жасалып отыр. Мәселен, елімізде қауіпті індет басталғаннан бері оқушылардың денсаулығын сақтау мақсатында қашықтықтан оқытуға көштік. Оның өзіндік қиыншылықтары да аз болмады. Балалардың біліміне де кері әсер еткен жағдайлар болды. Десе де, жаңа оқу жылы басталғаннан орын алған кемшіліктердің біразы жойылды. Мектептің негізгі пән кабинеттері компьютерлік техникалармен жабдықталды. Оны жоққа шығара алмаймыз. Біздің мектеп әрі аралас мектеп. Үшінші тоқсаннан бастап, 9-11-сыныптар да кезекші топтармен мектептен білім ала бастады. Оларға негізгі сабақтар беріледі, қалғандары қашықтықтан үйден оқытылады. Алайда, интернетке қолжетімділік жоғары дей алмаймын. Интернет желісі бірде қосылып, бірде қосылмай қалатыны жасырын емес. Орталықтан шалғай болғандықтан да осындай қиындықтар туындайтын шығар. Дегенмен, ондайға барынша түсіністікпен қарап, барды қанағат тұтып, баларға білім беруге міндеттіміз, – дейді. Міне, осылайша ұстаздар қауымы қазіргі жағдайға байланысты шәкірттерге білім берудегі кейбір қиыншылықтарға бейжай қарай алмайтыны анық.
Бір байқағанымыз, облыста 51 елді мекен телерадио хабарларын таратудың эфирлік желісімен толық қамтылмаған, оның он екісінде мектеп жоқ, ал, қалған 39 мектеп тұрақты режимде жұмыс істейді. Мәселен, Интернетпен қамтылмаған ауылдық мектептер дәстүрлі түрде жұмыс істейді. Өйткені, интернет барлық үйлерде емес, жоғарыда айтылғандай мектепке ғана қосылған. Тағы бір айтарымыз, қашықтықтан оқыту «BilimLand», «Daryn.online» интернет-платформаларында және «Kundelik» ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылады. Ал, теледидар сабақтарының хабарлары  BalapanTV, EL ARNA арқылы беріліп отырады. Сонымен қатар, облыс бойынша барлық 32 колледж қашықтықтан оқыту технологияларын қамтитын CollegeSmartNation – 28, Platonus – 2, SOVA – 1, Moodle – 1 автоматтандырылған жүйесіне қосылған. Екінші семестрде күндізгі бөлім студенттеріне арналған колледждердегі оқу процесі оқытудың бағыттарын ескере отырып ұйымдастырылған.
Нәтижесінде, педагогикалық, экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық мамандықтар мен ақпараттық технологиялар саласындағы мамандықтар бойынша орта және магистратура курстарының 9 725 студенті қашықтықтан білімін жалғастыруда. Мәселен, 23 колледжде оқитын 8259 студент, оның 5545-і бірінші курс студенттері аралас режимде білім алады. Осылайша сабақтың 70 пайыздан аспайтын бөлігі тұрақты форматта ұйымдастырылып отыр. Оған қоса, алыс ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда орналасқан 9 колледжде оқитын 1665 студент, оның ішінде  1-курстың 695 студенті оқуын тұрақты режимде жалғастыруда.
Бұл бағыттағы жұмыстардың тиімді жүргізіліп, оң шешімін табатынына облыстық білім басқармасы қашанда мүдделі екеніне сенімдіміз. Оған қоса, болашақ ұрпақтың дені сау, білімді болуы бәрімізге сын.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар