Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов еліміздегі қазіргі эпидемиологиялық ахуал және коронавирусқа қарсы вакцинацияға дайындық туралы ақпарат берді.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, QazCovid-іn отандық вакцинасын бірінші кезеңде шамамен 2 миллион доза көлемінде өндіру жоспарланған.
–Вакцина белсендірілмеген вирус пен зиянсыз адъювантқа негізделген, бұл технология уақытпен тексерілген және А гепатитіне, менингококк инфекциясына, тұмауға, іш сүзегіне, кене энцефалитіне және тағы басқаларына қарсы бұрыннан пайдаланылып жүрген вакциналарды өндіруде қолданылады. QazCovid-in вакцинасын COVID-19-ға қарсы клиникалық зерттеудің I және II фазаларының нәтижелері жақсы әрі қауіпсіз екендігін көрсетті. Кейбір жағдайларда вакцина енгізілген жерде қызару, аздап күйдіру, шаншу байқалды, бұл ағзаның иммундық жүйесінің енгізілген вакцинаға реакциясы болып табылады. Бұл белгілер зерттеу хаттамасында күтілетін құбылыс ретінде қарастырылған, – деді Марат Шоранов.
Оның айтуынша, «SARS-CoV-2» вирусына қарсы вакцинаның жоғары иммуногендік белсенділігі орнатылған. Ол екі рет вакцина алғаннан кейін анық көрінеді және тиімділігі 96 пайызды құрайды. 11 қаңтарда клиникалық зерттеулердің ІІІ кезеңі аясында вакцина 3000 еріктіге егілді. Қазіргі уақытта зерттеуге қатысушыларға динамикалық бақылау жүргізілуде. Вакцинациядан қорғаныс әсері бірінші доза егілгеннен кейін 12 күн өткен соң біліне бастайды, бірақ толық қорғауды қамтамасыз ету үшін екі доза алу қажет, оларды 19-дан 23 күнге дейінгі аралықпен егу ұсынылады. Вакцина 40-тан 50 күнге дейінгі зерттеулерге сәйкес ағзаның иммундық реакциясын тудырады.
Жыл соңына дейін 6 миллионға жуық қазақстандық COVID-19-ға қарсы екпе алады. Вакцина мемлекет резервіндегі қаражат есебінен тегін жасалады. Ақпан айында ресейлік «Спутник V» вакцинасын егу басталады. Алғашқылардың қатарында оны салалық ведомствоның вице-министрлері де алуға дайын.
–Біз денсаулық сақтау министрлігі ретінде бұл вакциналарды алғашқылардың бірі болып алуға дайынбыз, – деп атап өтті бірінші вице-министр.
–Ресейлік «Спутник V» және отандық «QazCovid-in» вакциналары Қазақстан аумағында өндіріледі. Біз қоғамға үлгі болуымыз керек, бұл вакциналар қауіпсіз және иммундық реакцияны тудырады. Қиясов мырза мен Гиният ханым «Спутник V» вакцинасын алуға өз еркімен шешім қабылдады. Мен вакцинациялау мәселелерімен айналысатындықтан және маған белгілі бір ақпарат қолжетімді болғандықтан, қазақстандық вакцинаның сенімді екенін білемін. Сынақтар аяқталған соң, ол нарықта қолжетімді болған кезде, мен алғашқылардың қатарында егілемін», – деді Марат Шоранов.
Айта кетейік, вакцинациялау науқаны басталған кезде бірінші кезекте медицина қызметкерлеріне, әсіресе жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел медициналық жәрдемнің, сондай-ақ басқа да бейіндегі қызметкерлерге екпе егу жоспарланған. Педагогтар мен күш құрылымдарының қызметкерлері наурыз айында, студенттер сәуірден бастап, мамыр айында вакцина көлемінің жеткілікті болуына қарай халықтың қалған контингенті қамтылады. Коронавирусқа қарсы вакцинациялау 6 миллион адамды қамти отырып, ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады. Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, вакцинация жүргізер алдында дене температурасы өлшенеді, эпидемиологиялық анамнезді жинау, сатурацияны, жүрек жиырылуының жиілігін, артериялық қысымды өлшеу, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау және жұтқыншақты тексеру шаралары жасалады. Егер температура 37°C-тан асса, вакцинация кейінге қалдырылады. Вакцинацияланатын адам егуді жүргізу алдында жазбаша түрде ерікті ақпараттандырылған келісімге немесе профилактикалық егуді жүргізуден бас тартуға қол қояды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.