НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният «Спутник V» вакцинасын салдырғаннан кейін қандай симптом болғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«5 700 медицина қызметкері екпе алды. Қазіргі уақытта теріс әсері жөнінде ақпараттар жер-жерден келіп жатыр. Ерлан Аңсағанұлы (ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер) екеуіміз де осы екпені алған болатынбыз. Бірінші тәулікте аздаған әлсіздік байқалды. Екпе жасатқан әріптестерімнің көпшілігі бірінші тәулікте осындай симптомның болғанын айтуда. Күрделі аллергиялық реакция болды деген ақпарат министрлікке келіп түскен жоқ. Әлі ақпарат жиналып жатыр. Шектен шығып кеткен жағдай болған емес», — деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 1 ақпанда Қазақстанда «Спутник V» вакцинасын ерікте негізге егу науқаны басталады.