Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
–Жыл сайын келетін Тәуелсіздік күні сіздер үшін ерекше, себебі, тәуелсіздікпен бірге сіздер есейесіздер, дамисыздар, – деді облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде.
Иә, бүгінде Тәуелсіздік құрдастары жайлы ауыз толтырып айтарлық жақсылықтар көп. Олар түрлі салаларда жетістікке жетіп, қоғамға пайдалы істермен айналысып, өз білгендерімен бөлісіп жүрген талапты жастар. Сонау 1991 жылы еліміз егемендікке қол жеткен тұста дүниеге келген өрендердің озық ойлы болуы заңдылық шығар. Әлдеқашан үлкен өмірге қадам басқан жастарды тәуелсіздік деген ұлы ұғым біріктіреді. Және олар егемендікті нығайтуға өз үлестерін қосуда.
– Осы арада алғашқы республикалық жастар форумы есіме түсіп отыр. Біздің облысты лайықты делегат таныстыруы керек болатын. Бүгінде сол жас табысты кәсіпкерге айналды. Биыл облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Сіздер секілді осындай бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие, мақсаты зор жастардың көп болғанына қуаныштымын. Биылғы жыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ұранымен өтеді, тарихи тұрғыдан қарағанда бұл датаның маңызы зор. Және де егемен еліміздің құрылуындағы Тұңғыш Президенттің сіңірген еңбегі өлшеусіз, – деді облыс әкімінің орынбасары одан әрі.
Кездесу кезінде жастар ертеңгі күнге сеніммен қарау үшін не істеу керектігі, өзін-өзі қалай дамытуға болатыны жайлы ойларын ортаға салды. Әрі мұны өз өмірлерінен мысал келтіре отырып, анық та айқын жеткізді. Мәселен, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Манарбек Қыдырбай шығармашылық жолға қалай келгені жайлы әсерлі әңгімелеп берді. Талантты жастың Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында әріптестерімен бірге қазақ драматургиясына, театр саласына сіңіріп жүрген еңбегін жерлестері жақсы біледі. Соның бір дәлелі «Сал-серілер» спектаклі.
Сондай-ақ, кездесуде «Аманат» еріктілер клубын құрып, қайырымдылық істердің басы-қасында жүрген Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледждің жастар ісі комитетінің жетекшісі Айжан Құсайынова да сөз алды. Аталған клуб қиын өмірлік жағдайда қалған жандарға көмек қолын созады. «Волонтерлік жол қарапайым: жай ғана жүрегіңді аш және жақсылық жаса» дейді Айжан Құсайынова.
Кездесу міне, осындай өрлеумен өтіп, жастар жүрегінде айшықты із қалдырғандай болды.
Венера Талғатқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек Данияров.