Өткен жылы пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланып, соған орай шағын кәсіпкерлік субъектілері мен біраз кәсіпорындардың жұмысы шектелгендігі белгілі. Бұның өзі салық түсіміне кері әсерін тигізген жоқ па? Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Шыңғыс Әнуәрбеков газетіміздің тілшісіне 2020 жылдың жұмыс қорытындылары мен алдағы міндеттер туралы айтып берген еді.
– Өткен жылдың жұмыс қорытындылары қалай болды, пандемияға қатысты шектеулердің бюджет түсіміне қаншалықты әсері тиді?
– Мемлекеттік бюджетке салық төлемдерінің тиімді түсуі, халықтың салық сауаттылығы мен салық мәдениетін арттыру, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету – осының барлығы мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің маңызды қызмет саласы болып табылады.
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті қызметінің негізгі мақсаты – фискалдық әкімшілендіруді жақсарту, бизнеске қысымды төмендету және бизнес үшін тең бәсекелестік жағдайларды қамтамасыз ету.
2020 жылдың қорытындысына сай, мемлекеттік бюджеттің кірістері бойынша болжамды жоспар 104,1 пайызға, республикалық бюджет жоспары 100,4 пайызға, ал, жергілікті бюджет 110,2 пайызға орындалды. Осы цифрлардан бағамдап отырғанымыздай, өткен жылғы жұқпалы дерттің белең алуына байланысты жүргізілген карантиндік шаралардың салық түсімдеріне анау айтқандай үлкен кері әсері бола қойған жоқ.
Мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер серпіні оң өсімді көрсетіп отыр.
Мәселен, 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы салықтар, төлемдер мен баждар 36,2 миллиард теңгеге артық жиналса, 2020 жылы түсімдердің өсу көрсеткіші 38,6 миллиард теңгені құрады.
Егер өткен уақыттардағы атқарылған жұмыстарға талдау жасай қарайтын болсақ, 20 жылдың ішінде бюджеттің салық түсімдері 20 есеге ұлғайған екен. Сөйтіп, 2000 жылы мемлекеттік бюджетке 10 миллиард 876 миллион теңге жиналған болса, 2020 жылы бұл сома 222 миллиард 746 миллион теңгеге жетті.
– Негізгі басым бағыттар бойынша атқарылған жұмыстар туралы айта кетсеңіз.
– 2019 жылмен салыстырғанда мемлекеттік бюджетке түсімдердің өсу қарқыны 119,8 пайызды, республикалық бюджет түсімі 116,7 пайызды, ал, жергілікті бюджетке түсім 125,1 пайызды құрады.
Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің кейбір санаттарының кірістерінен салық төлеуден босату бөлігінде бизнесті қолдау бо-
йынша мемлекет қабылдаған шараларға қарамастан, олардан түсетін түсімдер өткен жылмен салыстырғанда 14,5 миллиард теңгеге ұлғайды, сөйтіп, бұл саладағы өсім қарқыны 120,4 пайыз болды.
Өндіріп алу рәсімдерін күшейту бағытындағы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басындағымен салыстырғанда берешек көлемі 19 пайызға төмендетілді.
Сыртқы сауда айналымының ұлғаюы және импорттаушыларды әкімшілендіру салдарынан Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде де біршама жақсы көрсеткіштерге жеткенімізді атап өткен артық болмас. Кеден одағына кірген сәттен бастап салық түсімдері 1,5 миллиард теңгеден 15,0 миллиард теңгеге дейін жетіп, 10 есеге ұлғайды.
– Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында кәсіпкерлікті қолдау, түрлі тексерулерді азайту жайында айтылғаны белгілі. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Департамент көлеңкелі экономика мен бизнеске қысымды төмендету бойынша векторды таңдады. Салықтық және кедендік әкімшілендіру шеңберінде жүргізілген жұмыс есебінен 2020 жылы мемлекеттік бюджетке 24,6 миллиард теңге көлемінде қосымша түсім қамтамасыз етілді.
Департамент салықтық тексерулердің санын және тексерушілерді қысқарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізеді. 5 жыл ішінде тексерулер саны 6 есеге, тексерушілер саны 2 есеге азайды.
Тексерулерді азайта отырып, керісінше оның тиімділігін арттырдық. Егер 2019 жылы бір тексеруге орташа қосымша есептеу 14,2 миллион теңгені құраса, 2020 жылы бір тексеруге қосымша есептеу сомасы 32,7 миллион теңгені құрады, бұл 18,3 миллион теңгеге артық.
2019 жылдан бастап тәуекелдерді басқарудың ақпараттық жүйесін (ТБЖ АЖ) пайдалану басталды. ТБЖ АЖ цифрлық фискалдық әкімшілендірудің барлық процесінің өзегі болып табылады. Бұл шаралар ТБЖ АЖ-ны әлеуетті компаниялардан неғұрлым тәуекелді компанияларға бағдарлауға және бір мезгілде оны жүргізу сапасын арттыра отырып, бақылау көлемін азайтуға мүмкіндік берді.
Жүйе енгізілген сәттен бастап корпорациялық салық төлеушілер саны 80 пайызға, атап айтқанда 2422-ден 463 салық төлеушіге дейін төмендеді. Салық төлеушілер саны кемігенімен, олар бойынша түсімдер 1,5 миллиард теңгеге өсті.
ТБЖ АЖ қолдану есебінен қосымша камералдық бақылау акцентін анықталатын заң бұзушылықтардың сапасына ауыстыру және камералдық бақылаудың тиімсіз рәсімдерін алып тастау мүмкін болды. Нәтижесінде шығарылған хабарламалар саны 7 мыңға азайды.
Кедендік әкімшілендіруге қатысты кедендік ТБЖ тиімділігі 62,4 пайызды құрады. 2019 жылы тиімділік 60 пайыз болған еді. Кедендік тексерулердің тиімділігі 2020 жылы – 39 пайыз болып, 2019 жылмен салыстырғанда 13 пайызға өсті (2019 жылы – 26 пайыз болған еді).
ТБЖ қолдану бойынша талдау тұрақты негізде жүргізіледі және қажет болған жағдайда тәуекелдің тиімсіз индикаторлары түзетіледі, не жойылады. Сондай-ақ, қашықтықтан бақылаудың жаңа әдістері әзірленді. Мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын арттыру мақсатында тиісті Қағидаларға өзгерістер енгізілді, онда мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың қаржылық тұрақтылығы расталады.
Бұдан басқа, тәуекелді компанияларды анықтау және ЭШФ жазып беру бойынша қызметтерді шектеу жөніндегі пилоттық жоба іске асырылуда. Жыл басынан бері 50 салық төлеушіге электронды шот фактуралар (ЭШФ) жазып беру шектелді, олар бойынша айналым шамамен 17,0 миллиард теңгені құрады, 459,0 миллион теңге қосымша салық есептелді.
Мұның бәрі салық және кеден мәдениетіне және облыс бюджетін толықтыруға оң әсерін тигізуде.
– Цифрлық технологияларды енгізу бағытында қандай шаруалар атқарып жатырсыздар?
– Фискалдық әкімшілендіруді жетілдіру процесі ақпараттық технологиялардың дамуымен байланысты. Бұл тауарларды түпкілікті тұтынушыға сатып алу мен сатудан бүкіл тізбекті бақылауға мүмкіндік береді. Тауарларды қадағалау кедендік ақпараттық жүйелерден басталады.
«АСТАНА-1» АЖ-да тауарларға арналған декларациялардың барлық 100 пайызы электрондық түрде ұсынылады. Бұл санитарлық эпидемиологиялық қадағалаумен байланысты және заңнама нормаларының әртүрлі оқылуын барынша азайтады.
2020 жылы 11195 кедендік декларация шығарылды, оның ішінде 9115 декларация 1 минут ішінде автоматты режимде шығарылды. Жыл басынан бері қосымша түсімдер сомасы 290,3 миллион теңгені құрады.
Тауарларды қадағалау жүйесіндегі келесі буын «электрондық шот-фактуралар» АЖ болып табылады. 2020 жылдың соңына қарай ЭШФ АЖ-да 14,7 мың пайдаланушы тіркелген және 3,5 миллионнан астам ЭШФ жазып берілген. Аталған салық төлеушілер бойынша бюджетке түсетін түсімдер сомасы 2019 жылмен салыстырғанда 3 есеге өсті.
Көлеңкелі экономика көлемін қысқарту мақсатында салық төлеушілермен онлайн БКМ және облыстың жанармай құю станцияларынан алынған түсім мен ЖЖМ қозғалысын онлайн бақылау мүмкіндігімен есепке алудың бақылау аспаптарымен 100 пайызға орнату бойынша жұмыстар жүргізілді.
2019 жылдың желтоқсан айынан бастап eSalyq «Салық әмияны» мобильді қосымшасы іске қосылды. Салық әмияны Мемлекеттік кірістер органдарына бармай-ақ дұрыс емес төлемдер мен өсімпұлдарды түзетуге, қайтарымдар мен инкассалық өкімдер санын қысқартуға, салық төлеушілердің уақыт бойынша шығындарын азайтуға және банктердің комиссияға арналған шығыстарын алып тастауға мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысының Жолдауларында шағын және орта кәсіпкерлерді қолдау мәселесі үнемі айтылып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз туралы не айтасыз?
– Үкімет тұрақтылық пен бәсекеге қабілеттілікті сақтау мақсатында іскерлік белсенділікті ынталандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдады. 2020 жылдан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне салықтық тексерулер жүргізуге 3 жылға мораторий жарияланды, арнайы салық режимдерін қолданатын жеке кәсіпкерлер табысынан алынатын салықтан босатылды.
Пандемия кезеңінде мемлекет бизнесті қолдау бойынша әртүрлі шаралар қабылдады. Мысалы, салықтың кейбір түрлері үшін нөлдік ставкалар енгізілді, ал, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату және импорттау бойынша қосымша құн салығы ставкасы 12 пайыздан 8 пайызға дейін төмендетілді, салық декларацияларын ұсыну мерзімі 2020 жылдың 31 наурызынан 31 мамырына дейін ұзартылды.
Өткен жылы елімізде жеке тұлғалар үшін кезекті салықтық рақымшылық жүргізілді. Жер, мүлік немесе көлік салығы бойынша қарыздары бар адамдарға негізгі қарыз өтелген жағдайда өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылды.
Салықтық рақымшылық нәтижелері бойынша бюджетке 41 мың 568 жеке тұлға бойынша негізгі борыш 528,3 миллион теңге түсті, сөйтіп бұл түсімнен 67 миллион теңге сомасындағы өсімпұл есептен шығарылды. Жалпы, салықтық рақымшылықтың екі жылы ішінде бюджетке шамамен 1 миллиард теңге түсті және 174 миллион теңге сомасындағы өсімпұл есептен шығарылды.
Мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету – біздің қызметкерлеріміздің қызметінің басым бағыты болып табылады. Мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы ашықтыққа, олардың сапасы мен қолжетімділігіне, қызмет көрсету процесін үнемі жетілдіруге әрдайым баса назар аударылады, өйткені, бұл азаматтардың сенім дәрежесі тәуелді болады және тұтастай алғанда мемлекеттік органдар қызметкерлерінің имиджін қалыптастырады.
Айта кету керек, 45 мемлекеттік қызметтің 30-ы автоматтандырылған, оның ішінде 28-і «электрондық үкімет» порталы арқылы жүргізіледі. Өткен жылы цифрландырудың маңызды нәтижесіне қол жеткіздік. Көрсетілген сегіз жүз мың мемлекеттік қызметтің 99 пайызы электронды түрде жүргізілді.
Алдағы уақытта да осы аталған бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыратын боламыз. Қазір салық төлеуден босату және мораторий кезеңінде қашықтықтан бақылауды жүзеге асыру, өзін-өзі реттеу және азаматтық бақылау институтын дамыту жолымен шағын бизнесті әкімшілендірудің сервистік моделіне көшу жоспарлануда.
Сұхбатты жазып алған Қалкөз ЖҮСІП.