Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тимур Хамзин биылғы қысқы жылу маусымының барысы туралы айтып берді.
Оның айтуынша, қыс айларындағы жылу беру маусымына дайындық барысында жылу көздері мен жылу желілерін жөндеуге және жаңғыртуға қомақты қаржы қарастырылыпты. Осы мақсатқа «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және өзге де мемлекеттік бағдарламалар бойынша шамамен 10 миллиард теңге бөлінген екен. Бұл қаржы өткен жылмен салыстырғанда төрт есе көп болып отыр.
–Жалпы, 666 қазандық жөнделді. 721 білім, 556 денсаулық сақтау, 567 әлеуметтік нысандар, 2442 тұрғын үй дайындалды, 75,1 шақырым жылу жүйелері, 108,4 шақырым сумен жабдықтау және су бұратын жүйелер жөнделді. Ерейментау қаласы, Бурабай кенті, Ақкөл, Шортанды, Зеренді аудандарының қазандықтары жаңартылды. Астраханка селосында қазандық салынды. Макинск қаласында блоктық-модульдік қазандықтың құрылысы жүргізілді. Көкшетау мен Ерейментау қалаларында, Краснояр мен Астраханка селоларында жылумен жабдықтау желілері салынды. Сондай-ақ, Макинск қаласында бу қазандығының құрылысы жүргізілді,–деген Тимур Хамзин жүзеге асырылған бұл жобалар биылғы жылы қосымша 61 көп қабатты тұрғын үйді, 454 жеке тұрғын үйді, 31 әлеуметтік, мәдени, тұрмыстық нысандарды жылумен қамтуға мүмкіндік бергенін, сондай-ақ, аталмыш елді мекендерде жылумен жабдықтау сапасын жақсартқанын айтты.
Облыс бойынша жылу беру маусымы 20 қыркүйектен басталды. Бүгінгі күні ол штаттық режимде өтуде. Ақмола облысының коммуналдық-тұрмыстық секторына 730 мың тонна көмір қажет. Оның 620 мың тоннасы немесе 85 пайызы жеткізілген. Жылу беру маусымына тұрғындар үшін 662 мың тонна көмір қажет болса, ол артығымен тасымалданды. Одан әрі басқарма басшысының орынбасары тұрғындар көмірді 56 нысаннан сатып алатынын айтты. Тұрғындарды отынмен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың жанында қауырт желілер жұмыс істейді. Оны жеткізуде проблемалар жоқ. Көмір сату нысандарында кезек пен абыржу байқалмайды.
–Биылғы жылдың басында кей жерлерде ауаның температурасы 38 градусқа дейін төмендегені белгілі. Осы орайда Ерейментау, Аршалы аудандарында және Көкшетау қаласында температуралық режимді сақтамау фактілері орын алды. Ол сапасыз көмір сатып алудың салдарынан туындады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар аталған келеңсіздіктерді жою, оның туындауына жол бермеу бойынша барлық қажетті іс-шараларды жүргізді. Қазіргі уақытта облыс бойынша жылу маусымы штаттық режимде өтуде, температуралық режим бекітілген жылу кестелеріне сәйкес келеді,–деген басқарма басшысының орынбасары журналистер са-уалдарына тұшымды жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.