Облысымыздағы эпидемиологиялық ахуал әлі де тұрақсыз. Үстіміздегі жылдың 8 ақпанына дейінгі жағдай бойынша өңірде COVID-19 вирусының лабораториялық расталған 12168 дерегі тіркелді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бас санитарлық дәрігер Айнагүл Мусина мәлімдеді.
Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің хабарлауынша, пандемия басталғалы коронавирусқа шалдыққан 12 168 науқастың 8042-сі вирустың симптомды, 4126-сы симптомсыз түрімен ауырған. 104 адам осы аурудан көз жұмған.
–Науқастардың 90 пайызын ересектер, 10 пайызын балалар құрайды. Соңғы аптада, яғни 2-8 ақпан аралығында коронавирустың 1009 дерегі тіркелді. Оның алдындағы аптада 1426 жағдай анықталған болатын. Осыған қарап, індеттің таралуы 1,4 есеге азайды деп бағалап отырмыз. Репродуктивтік сан бір апта көлемінде 1-ден төмен деңгейде сақталды, – деген Айнагүл Мусина облыс тұрғындарын сақтық шараларын әлі де ұстануға шақырып, қоғамдық орындарда маскасыз жүрмеуді ескертті. Себебі, індеттің таралуын тоқтату әрқайсымыздың жауапкершілігімізге, карантин талаптарын сақтауымызға байланысты. Оның үстіне, естеріңізде болса, біздің облысымыз коронавирустың таралуы бойынша әлі де «қызыл» аймақта тұр.
Соңғы тәуліктің өзінде облысымызда коронавирусқа шалдыққан 98 науқастың тіркелуі сақтанып жүру қажеттігін, бас санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген ережелерді бұлжытпай орындауымыз керектігін аңғартады. Індеттің таралу көрсеткіші бойынша Көкшетау қаласы бұрынғыдай көш басында. Сондай-ақ, соңғы тәулікте Бұланды мен Бурабай аудандарында және Степногорск қаласында да науқастар облыстың өзге өңірлеріне қарағанда көп тіркелген.
2021 жылдың ақпан айы басталысымен облысымыздағы 67 мектеп қайтадан қашықтықтан білім беруге көшірілгені белгілі. Оған себеп – індеттің оқушылар арасында өршіп кетуі. Брифинг барысында бас санитарлық дәрігер үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан 357 оқушы ауру жұқтырғанын айтты. Соңғы тәулікте коронавирус лабораториялық расталған 98 науқастың 10-ы мектеп жасындағы балалар. Айнагүл Мусинаның айтуынша, мектептерді қашықтықтан білім беру режиміне көшіру ауруды тәулігіне 30-дан 10-ға дейін азайтуға мүмкіндік берген.
–Қазіргі таңда облыс аумағында 2651 індет ошағы бар. Оның 2011-і үй жағдайында, 640-ы еңбек ұжымдарында. Инфекциялық стационарларда 632 науқас ем қабылдауда. Коронавирус жұқтырған науқастармен байланыста болған 4 271 адам үй карантиніне алынды, – деген бас санитарлық дәрігер коронавирусқа қарсы екпе науқанының жүргізілу барысы туралы да айтып кетті.
Облысымызда вирусқа қарсы екпе егу 1 ақпанда басталғаны белгілі. Көкшетау қаласында екпе 3 пункте салынады. 8 ақпанға дейінгі жағдай бойынша облыста 640 адам екпе алған. Оның 628-і медицина қызметкері болса, алтауы мемлекеттік қызметші, алтауы мұғалім. Ешқайсысында асқыну белгілері тіркелмеген.
Сонымен қатар, брифингте журналистерге карантин талаптарының сақталуын қадағалайтын мониторингтік топтардың қызметі туралы ақпарат беріліп, толғандырған сауалдарына жауаптар қайтарылды.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.