Ақмола облысында мемлекеттік қолдаудың арқасында отандық кәсіпорындардың жоғары бәсекеге қабілеттілігі үшін барлық жағдай жасалып отыр. Өңірде металлургия, тамақ өнеркәсібі, химия және машина жасау салаларындағы өндіріс көлемінің ұлғаюымен қатар жеңіл өнеркәсіп те белсенді дамуда.
Ведомствоның мәліметінше, өңірде отандық былғары аяқ киім өндірісі қарқын алып келеді. 2020 жылы былғары өнімдерін өндіру көлемі 3,7 есеге артты. Осы саладағы негізгі кәсіпорындардың бірі – Целиноград ауданында орналасқан «SAMHAT» аяқ киім фабрикасы» ЖШС болды.
Кәсіпорын 2008 жылы Ақмола облысының Кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында іске қосылды. Өндіріс қуаты бойынша фабрикада жылына 500 мың жұп аяқ киім шығарылады. Бас директор Самал Тілеубаеваның айтуынша, компанияны дамыту тұжырымдамасы өндіріске жаңа жоғары технологияны енгізу арқылы жоғары сапалы өнім шығаруға бағытталған.
«Біздің басты міндетіміз – адам денсаулығына қамқорлық жасау. Аяқ киімнің конструкциясы және ол жасалған материалдар барлық гигиеналық талаптарға жауап беруі және табанның физиологиялық функцияларын қамтамасыз етуі, оның анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келуі тиіс. Өндірілетін өнім сапасының арқасында SAMHAT былғары аяқ киімнің ұлттық брендіне айналды», – деп атап өтті Самал Тілеубаева. Айта кетейік, өнеркәсіпті дамыту қарқыны бойынша республикалық рейтингте Ақмола облысы өңірлер бойынша екінші орынға шығып, ТОП – 3-ке енді. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, локдаун кезеңінде киім мен аяқ киім өндіруге мамандандырылған шет елдердің шекараларының жабылуы нарықты отандық тауарлармен толтыруға мүмкіндік берді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.