Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Қазақстандағы эпидемиялық жағдай туралы сұрақтарға жауап берді.
Бүгінгі таңда 13 301 медицина қызметкеріне екпе егілді, 218 медицина қызметкерін вакциналау (медициналық көрсеткіштер бойынша) кейінге қалды. 130 медицина қызметкері немесе 0,9% вакцинациядан бас тартты. Ал қарашадан қаңтарға дейін 2 607 медицина қызметкері ауырып қалды, оның ішінде 2 440 маманда коронавирус инфекциясы расталды, ал 167-сінде – КВИ минус. Бірақ эпидемиологиялық тексеру аясында тек 225 медқызметкердің ауруы кәсіби қызметке байланысты екені расталды. Қалған мамандардың ауруы кәсіби қызметпен байланысты болмаған. Қайтыс болғандар бойынша: қарашадан қаңтарға дейін 7 медицина қызметкері қайтыс болды, оның 5-еуінде де ауру медициналық көмек көрсетумен, яғни өзінің кәсіби қызметін жүзеге асырумен байланысты емес. Екі медицина қызметкері бойынша тексеру әлі жалғасуда.
Оқу жылы басталған сәттен бері 7 571 оқушы коронавируспен ауырды. Оның ішінде 2158 оқушы – оффлайн режимде, 5413 – онлайн режимде білім алған. Үшінші тоқсанда 3 597 оқушы ауырып қалды. Оның ішінде 1111 – оффлайн, 2486 бала – онлайн режимде оқитындар. Сонымен бірге, ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына қатысты өз болжамын айтты. «Қазақстанда ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін шамамен 10 миллион адамға екпе егу керек. Мұнша адамға барлық вакцина дозасы қолжетімді болса да, 1-2 айда екпе сала алмайтынымызды түсіну керек. Сондықтан, уақыт шегеріп, жылдың соңына тіпті 2022 жылға да кетуі мүмкін. Сондықтан, осы аралықтың бәрінде маска тағу қажет», – деді Айжан Есмағамбетова. Оның айтуынша, вакцина алған адамның өзінде де иммунитет ең кемі 1,5 айда қалыптасады. «Дозалық күнтізбеге сүйенсек, антиденелер шамамен 12 күнде пайда болады, екінші дозаны алған соң, тағы 3-4 апта қажет болады. Яғни, иммунитет қалыптастырудың өзіне шамамен 1,5 ай қажет. Оның үстіне иммунитет барлық адамда қалыптаспайды, деректерге сүйенсек, 5 пайыз адамда иммундық жауап түзілмеді. Бұл адамдар да қораусыз болады. Сондықтан, ұжымдық иммунитет жасамайынша, коронавирус инфекциясынан қорғалғанымызға көз жеткізбейінше, маска тағуды жалғастырамыз», – дейді А. Есмағамбетова.