Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Полицияның модульдік бекеттері ашылуда - АРҚА АЖАРЫ

Полицияның модульдік бекеттері ашылуда

Бүгінде полицияның сервистік моделі аясында «Қолжетімді полиция» қағидаты жүзеге асырылып, елді мекендерде полицияның «SOS» түймешегі бар модульдік бекеттерін ашу, цифрландыру аясында көшелерде, қоғамдық орындарда бейнебақылау камераларын көбейту ісі қолға алынуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Баймұқанов мәлімдеді.

Жыл сайын облыстық әкімдіктің қолдауымен учаскелік полиция инспекторларына қызметтік көліктер сатып алынады. Былтыр полиция департаментіне 65-тен астам заманауи қызметтік көліктердің кілттері тапсырылған болатын. Материалдық-техникалық базаның жаңартылуы тәртіп сақшыларына қылмыстың ізін суытпай ашуға көп көмегін тигізуде. Атап айтсақ, өткен жылы полицейлер «нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша 140 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Олар кішігірім бұзақылық, көлікті мас күйінде басқару, адамның жеке басына тіл тигізуге қатысты заң бұзушылықтар. Сонымен қатар, жол қозғалысына қатысты 140 мыңнан астам заң бұзушылық тіркеліп, көлік жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мас күйінде көлік жүргізген 1200 адам әкімшілік қамауға алынса, тағы осынша жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылған.
–Бүгінде облыс орталығындағы шағын аудандарда полицияның алты модульдік бекеті орналасқан. Алдағы уақытта Сарыарқа шағын ауданында да осындай бекет орнату жоспарлануда. Ал, облыс өңірлері бойынша әзірше Зеренді мен Бурабай аудандарында полицияның екі модульдік бекеті жұмыс істеуде, – деген Серік Баймұқанов алда Степногорск, Атбасар, Щучинск қалаларында да аталған бекеттер орналастырылатынын жеткізді.
Өз сөзінде жергілікті полиция қызметінің бастығы облыстағы учаскелік полиция инспекторларының жұмысына тоқталып, оларға қойылатын біліктілік талаптары қатаңдатылғанын айтты. Енді учаскелік полицейлер тұрғындармен есеп беру кездесулерін өткізіп, кримогендік жағдайдан хабардар етіп отыруға тиіс. Бүгінде облыстағы учаскелік полиция инспекторларының саны 320. Олардың жанында 61 көмекші бар.
Серік Баймұқановтың айтуына қарағанда, өткен жылдың қорытындысы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері көбейген. Жергілікті полиция қызметінің бастығы бұған былтыр пандемияға байланысты енгізілген карантин шаралары, бос уақытты өткізуге арналған орындардың жабылуы, үйде оқшаулану, ішімдікке салыну себеп болғанын айтты. Ал, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстар керісінше азайған.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар