Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Байыпты боламын десеңіз... - АРҚА АЖАРЫ

Байыпты боламын десеңіз…

Адамдардың көпшілігі ақыл-ойды бақылап, басқару дегенді мүлдем ескермейді, өйткені, олар солай жасауға болады және сондай әрекетті жасау қажет дегенді ешқашан естімеген, оны керек деп те санамайды. Ал, бүгінде белең алып кеткен стресс, депрессия деп аталатын жүйке аурулары мен жыл сайын миллиондаған адамның өмірін жалмап жатқан жүрек-қан тамыр ауруларының түпкі және басты себебі де ақыл-ойды бақылап, басқаруды ескермеуде десек, шындықтан алыс кетпейміз.

Орыстың талантты ақын-драматургі Александр Грибоедовтың «Ақылдың азабы» деп аталатын осыдан екі ғасырдай бұрын жазылған пьесасы бар. Қарапайым пенденің түсінігінше, ақыл деген адамды жаман істерден бас тартқызып, жақсы және пайдалы істерге құлшындыратын, қиындықтан шығар жол тауып, қауіп-қатерден құтқаратын қуат. Бірақ, шындығында бұлай емес.
Санскрит тілінде жазылған Бһагавад Гита кітабында ақылға «Ақыл адамның досы, әрі бітіспес қас дұшпаны. Ақылын басқарған адамға ол айнымас дос, ақылын бақылай алмаған пенде үшін ақыл бітіспес жау» деп баға беріледі. Бұның өзі ақыл-ойды бақылап, басқарудың маңыздылығын анық байқатса керек.
Менің бір досым 90-шы жылдардың басында біреуден естіген көп ақша табуға мүмкіндік жасайтын идея туралы ойланып, содан үш күн бойы ұйықтай алмайды. Күнұзақ есінен шықпайтын әлгі идея түн болып, ұйқыға жатқан сәтте де мазасын алып, ұйқысын қашырады. Үш күн, үш түн ұйықтамаған ол төртінші күні қан қысымы көтеріліп, миына қан құйыла жаздап, әупіріммен ажал тырнағынан аман қалды.
– Менімен бірге сол кезде аурухана палатасында бірнеше адам жатты. Бәрі де түрлі себептермен мен сияқтанып әлденені күндіз-түні ойлап, содан ұйықтай алмай, жүйкелері жұқарудан миларына қан құйыла жаздаған екен, – дейді ол.
Жүйкелері жұқарып, ашу қысқанда өздерін ұстай алмай қалшылдап кететін адамдардың талайын көрдім. Өкініштісі сол, қазір осындай өздерін ұстай алмайтын, ашу-ызаға, сезімге беріліп кететін жандар көп. Олар өздерінің жүйке ауруларына ұшырағандарын мойындамайды және сезбейді. Ал оны емдемесе, кейін келе стресс, депрессия деген дерттерге ұрындырып, оның ақыры инфаркт, инсульт деп аталатын қатерлерге ұшыратуы әбден мүмкін.
Қазақта «қарамаса әйел, бақпаса мал кетеді» деген нақыл  бар. Сол сияқты ақыл-ойды бақылап, басқармасаңыз, ол күндердің күнінде сізге мүлдем бой бермей, асау аттай арындап сізді не ауыр дертке ұшыратады, болмаса айналаңызға жау етіп, жұмысыңыздан, отбасыңыздан, дос-жараннан айырады. Сондықтан, ақыл-ойды бақылап, басқаруды үйрену, оны әдетке айналдыру өзіңіз, болашағыңыз үшін аса қажет.
Сіз мынаған назар аударып көріңіз: ит, мысық, басқа да хайуандар ойларына не келсе соны жасап жатады. Ит көшеде дәрет алып, шағылыса береді. Ал, адам олай жасай алмайды. Жан-жануардан адамның ерекшелегі сонда, оның санасы бар. Жануарда сана жоқ. Егер адам ақыл-ойын бақылап, басқара алмайтын болса, ақырындап хайуанның дәрежесіне дейін құлдырайды. Бас білмеген асаудай арындаған ақыл-ойды қалай сабасына түсіруге, бақылап, басқаруға болады? Ол үшін ақыл-ойды басқару жаттығуларын үнемі жасау қажет.
Сіз ең алдымен қарапайым және оңайынан бастаңыз. Күнде таңертең әдеттегіден 15-20 минут ертерек тұрып, 15-20 минут дене жаттығуын жасауды әдетке айналдырыңыз. Көңіліңіз қаламаса да, жалқаулығыңыз ұстаса да, қарамаңыз. Өзіңізді осы әрекетті жасауға күн сайын мәжбүрлеңіз. Көп ұзамай таңертең дене жаттығуын жасау сіздің өмірлік әдетіңізге айналады. Бұл сіздің денсаулығыңызды, көңіл-күйіңізді жақсартады. Сонымен бірге, бойыңыздағы ерік-жігер күшін арттырады. Күн сайын өзіңізді 15 минуттық дене жаттығуын жасауға мәжбүрлей отырып, бойыңызда ерік-жігер пайда болады, сол арқылы ақыл-ойыңызды бақылап, басқаруға алғашқы қадамды жасайсыз.
Осылайша сіз өзіңізге игілік әкелетін пайдалы істерді жасауға өзіңізді мәжбүрлей отырып, ақырындап ақыл-ойыңызды бақылап, басқаратын дәрежеге жетесіз. Ондай адам әдетте қанша ашу қысса да, өзін ұстап, ашуға бой алдырмайды, барлық уақытта байыпты, сабырлы қалпын сақтайды. Ал, сабырлы адам стресс, депрессия деген дерттерден аулақ болады.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар