Биылғы жылдың көктемгі су тасқынына дайындық өткен жылдың жазынан бастап қолға алынды. Басты назар су тасқыны қауіпі бар 125 елді мекеннің жағдайына аударылды.
Бұл аймақта мыңдаған адам тұрады, әртүрлі маңызды 71 автокөлік жолы және 4 темір жол өтеді. Ауа райын болжаушылардың айтуынша, ақпан айы жылы әрі жауынды-шашынды болып келеді. Көктем айлары да жауынды-шашынды болады деп болжануда. Осының бәрі су тасқынын тудыруы әбден мүмкін. Есіл, Жабай, Қалқұтан өзендеріндегі ылғал қоры нормадан 19-46 пайыз төмен. Шағалалы мен Сілеті өзендеріндегі ылғал қоры нормадан артық, Нұра өзені нормадан 23 пайыз төмен. Оның үстіне былтырғы жылы жер 1-63 сантиметрге қатты. Егер қар мезгілінен бұрын ерісе, су тоңазыған жерге сіңіп үлгермей су тасқыны қаупін тудыруы әбден мүмкін. Инженерлік қорғаудың жоспарына сәйкес, 43 елді мекенде ұзындығы 47 мың 121 метр жыралар тереңдетілді. 24 мың 430 метр өзен арнасы тазаланды. 5 мың 235 метр дамбы жөнделді. 4 мың 795 метр уақытша дамбы салынды. 41 дана су өткізетін құбыр салынды. Жақсы мен Бурабай ауданында 9 су өткізетін құбыр жөнделді. Атбасар ауданындағы «Сочинск-2», Жақсы ауданындағы «Чапаев-2» су бөгеттері күрделі жөндеуден өтті. Бірқатар гидротехникалық нысандар жөнделді.
2021-2023 жылдары су тасқыны қаупін ескерту және қалпына келтіру жөніндегі шаралар кешенінің Жол картасы бойынша 9 шара қарастырылған. Оның жетеуінің жобалық-сметалық жобасы жасалды. Мәселен, Атбасар қаласының іргесінен ағып өтетін Жабай өзенінің арнасы Жыланды өзенінен бастап, Есіл өзеніне дейін тереңдетілді. Мұндай жұмыс Балкашин селосының іргесінен ағып өтетін Жабай өзенінің арнасында да жүргізілді. Астрахан ауданындағы Ескі Қалқұтан селосы мен Қалқұтан станциясы маңынан ағып өтетін Қалқұтан өзені де тереңдетіліп, жағалауы бекітілді. Мұндай жұмыс Шағалалы селосының іргесінен ағатын Шағалалы өзенінің арнасында да атқарылды. Целиноград ауданында орналасқан Р.Қошқарбаев ауылында дамбы салынды. Осы аудандағы Оразақ ауылының іргесінен ағып өтетін Нұра өзенінің жағалауы жөнге келтірілді. Атбасар ауданындағы Мариновка, Садовый мен Борисовка селоларында дамбы салынды. Облыстық бюджетте биылғы жылдың резерві 643,398 миллион теңге көлемінде қарастырылған. Оның ішінде төтенше жағдайдың 10 миллион теңгесі, өзге де шығындардың 633,398 миллион теңгесі бар. Өңірдің әкімдіктері төтенше жағдайдың алдын алуға 205 миллион 480 мың теңге қарастырған.
Өңірлерде 225 тонна жанар-жағар май, 4,6 мың тонна инерттік материалдар, 56,1 мың қап дайындалды. Өңірдің елді мекендерінен 117,4 мың текше метр қар шығарылды. Бұл жұмыс одан әрі жалғасуда. Су тасқынының төтенше жағдайына 469 адам мен бөлімшелердің 84 техникасы, 12 моторлы қайық, 103 мотопомпа дайындалды. Жергілікті атқарушы органдарда 1921 адам, 979 техника, 144 мотопомпа, 48 жүзу құралы да-йын. Осы орайда, ақпанда «Көктем-2021» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіледі. Сондай-ақ, 85 қосымша бақылау бекетінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылады. Су тасқынына гидротехникалық нысандардың жұмысын дайындау бо-йынша шаралар жүргізілуде. Бүгінгі күні барлық гидротехникалық нысандар бақылауға алынды. Ерекше назар Астана, Сілеті, Шағалалы су қоймаларының режимін реттеуге аударылуда. Қазір аталмыш өзендер суының толуы жіті бақылауда. Су тасқынына дайындықтың жоспарлы жұмысы одан әрі жалғасуда. Тасқынды суды қауіпсіз өткізудің барлық қажетті шаралары қолға алынды.
Қанат ДОСПАЕВ,
Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары.