ҚҰБ Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбековтың пікірі
– 2019 жылмен салыстырғанда, былтыр Қазақстаннан басқа елдерге жөнелтілген ақша аударымдарының көлемі 20 пайызға артып, 787,7 миллиард теңге болды. Өсімді немен байланыстыруға болады?
– Бұл – әлемдік үрдіс. Халықаралық ақша аударымдарының өсімі қандай да бір елдегі азаматтардың экономикалық белсенділігіне COVID-19 пандемиясы ықпал етті дегенді білдіреді. Карантин мен төтенше жағдай режимі енген кезде еңбек мигранттары туған еліне бара алмай, соның салдарынан ақша көп аударылды. Халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы жалпы жүзеге асырылған транзакциялардың 99,9 пайызы жеке тұлғалардың, оның ішінде еңбек мигранттарының ақысыз аударымдарына келеді. Сонымен қатар, әр түрлі қызметтерге ақы төлеуге, тауар сатып алуға, емделуге немесе оқуға төлеуге байланысты аз мөлшерде бір реттік аударымдарға тән операциялар да болды.
2020 жылдың 12 айында халықаралық ақша аударымдар жүйесінің көмегімен Қазақстаннан шетелге шыққан ақша 787,7 миллиард теңгеге теңесті. Былтыр ең көп ақша аударылған елдердің тізімі өзгерген жоқ. Ресей (27,1%), Қырғызстан Республикасы (21,0%), Өзбекстан (19,5%) және Түркия (17,4%) елдері тізімнің басында тұр. Барлығын қоса алғанда, Қазақстаннан осы елдерге аударылған ақша көлемі бүкіл ақша аударымдардың 85,1 пайызын құрады. 2019 жылмен салыстырғанда, Қырғызстан Республикасы (+90,0%) мен Түркия (+46,4%) елдеріне кеткен ақша көлемі өскені байқалады.
Қырғыз елі туралы айтсақ, наурыз-сәуір айларында ақша аударымдарының көлемі өте аз болды (айына орташа есеппен 1,1 млрд теңге). Біздің елімізде төтенше жағдай режимі жеңілдетілген кезде, яғни, мамыр-маусым айларында бұл көрсеткіш айына 24,6 миллиард теңгеге дейін күрт өсті.
Түркия еліне жасалған ақша аударымдарының көлемі қалай өсті дегенге келсек, пандемия салдарынан шекаралар жабылған кезде көптеген қазақстандықтардың Отанына оралатын ірі транзиттік хабы – Түркия болды. Өсімді осы фактормен байланыстыруға болады. Түркияда жүрген азаматтар халықаралық ақша аударымдар жүйесі арқылы ақша алып отырды.
Солай бола тұра, осы уақыт ішінде шетелден Қазақстанға 286,9 миллиард теңге аударылған. 2020 жылы Қазақстанға сырттан аударылған ақшаның көбі Ресей (25,8%), Оңтүстік Корея (18,0%), Өзбекстан (13,4%) және Қырғызстан Республикасынан (11,7%) түсті.
Соңғы 5 жылда ақша аударымдарының қарқыны өзгерген жоқ: әдетте, біздің елден шетелге жіберілетін ақша көлемі басқа елдерден келетін қаражат көлемінен асып түседі. Бұл, негізінен, еңбек миграциясы мен жұмыспен қамтылған азаматтардың, оның ішінде экономиканың бейресми секторындағы азаматтардың кәсіпкерлік қызметі мәселелеріне байланысты (сауда базарлары).
Ұлттық Банктің бастамасымен 2020 жылдың 15 шілдесінен бастап ақша аудару үшін анонимдік әмияндарды пайдалануды шектейтін заңнамалық нормалар әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Ондағы негізгі мақсат – ақшаның ізін жасыруға қатысты басқа да заңсыз операциялар үшін электрондық әмияндарды пайдалануға мүмкіндік бермеу. Қабылданған нормалар банктік емес операторлардың қызметтері үшін ақша операциялары бойынша ішкі бақылау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, 2020 жылдың 15 қарашасынан бастап операцияларды бақылау және халықаралық ақша аударымдарын жіберушілер мен алушылар туралы деректерді есепке алу бойынша банктерге және ақша аударымдары жүйесінің операторларына қойылатын талаптар күшейтілді. Бұл шаралар халықаралық ақша аударымдарының ағымын бақылауға, ақшаның ізін жасыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы тұруға зор мүмкіндік береді.
Тұтастай алғанда, жеке тұлғалардың халықаралық аударымдарына қызмет көрсетуге және оларды «көлеңкелі» операциялар үшін пайдалану тәуекелдерін болдырмауға арналған ақша аударымдары жүйелерінің жұмыс істеуі мәселесі күрделі болып келеді, бұл реттеушінің назарын күшейтеді және үнемі бақылауда болады.
Ұлттық Банкі Ақмола филиалының ақпараты бойынша.