Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дәстүр мен ғұрып – халқымыздың рухани өзегі - АРҚА АЖАРЫ

Дәстүр мен ғұрып – халқымыздың рухани өзегі

Қайсы дәуірде, қай заманда болсын адамзаттың басты міндеттерінің бірі – ақылды да саналы, тәртіпті де еңбексүйгіш ұрпақ тәрбиелеу екені көпке мәлім. Әр халық өз ұрпағының қайырымды да адал, әділ де ержүрек, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор, ар-ұяты мол, кішіпейіл болып өскенін қалайды. Ол үшін халық өзінің талай ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін негізге алады. Қазақ халқы ұлт болып қалыптасқаннан бері екі нәрсеге қатал қараған. Оның бірі – тіл, екіншісі – дәстүр мен ғұрпы.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген еді.
Щучинск қаласындағы білімнің ақордасы саналатын жоғары педагогикалық колледжі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында білім саласында болашақ мамандарды тәрбиелеу ісінің басы-қасында жүргендіктен «Дәстүр мен ғұрып» атты арнайы жобаны жүзеге асыруда. Жобаның мақсаты – көнеріп, қолданыс аясы тарылған дәстүр мен ғұрыптан бас тартып, ұмыт болғанын жаңғыртып, тәрбиелік және адамгершілік құндылығы жоғары салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды заманға сай түрлендіру және қазақтың ұлттық асханасының ерекшелігі мен құндылықтарын кеңінен дәріптеу. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін басты мынандай міндеттерді негізге алды. Атап өтсем: ұлттық рухты, патриотизмді, тәлім-тәрбиені дәріптейтін қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғырту, жалпыхалықтық рухани құндылықтарды күшейту, халықты салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтаудың маңыздылығымен ақпараттандырып, ұлттық құндылықтарға деген сезімді арттыру, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтармен қазақ асханасының пайдасын дәріптеу.
Қазақта: «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген дана сөз бар. Колледж студенттері жас ұрпақтың жүрегіне жол тауып, білім нәрімен сусындататын мұғалімдер ғана емес, ең бастысы болашақта аяулы ана, ардақты әке бейнесін сомдайтын тұлғалар, сондықтан осы басты ерекшелікті негізге ала отырып, колледж оқу-тәрбие үрдісінде түрлі танымдық мазмұндағы іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Колледж қабырғасында білім алып жатқан басқа ұлт өкілдері «Қазақ тілі» мен «Кәсіптік қазақ тілі» пәндеріндегі «Ұлттық киімдер», «Қазақтың ұлттық тағамдары», «Ұлттық қолөнер», «Ұлы даланың ұлылары» атты маңызды тақырыптар арқылы қазақтың ұлттық киімдері, қолөнер және ұлттық тағамдары мен ұлылығын ұлықтаған ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын таныту мақсатында қызықты да, танымдық мазмұндағы сабақтар өтілсе, тігін бөлімінің оқытушылары мен студенттері өз қолдарымен тіккен ұлттық киімдерді насихаттау мақсатында сән әлеміндегі театрландырылған сахналық қойылымдары, кез-келген адамның жан дүниесін сұлулық пен әсемдік әлеміне жетелейді.
Дана халқымыз «Ұлың өсіп – ер жетер, қызың өсіп – бой жетер» деген ұстанымды ұстанып қана қоймай, ұл мен қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Атадан балаға мирас болған тәрбиені колледж студенттерінің бойына дарыту мақсатында «Қызға қырық үйден тыю», «Қызым – қызғалдағым, ұлым – ізгі арманым»», «Қыздарға әсемдік жарасады», «Сұлулық пен сымбат», секілді тақырыптарда куратор сағаттары өтеді. Онда өзін-өзі күту, шаш күтімі, қыз бен ұл бала бойындағы асыл қасиеттер жайлы әсерлі әңгімелер, әсіресе, ұмыт болған «Өрметас», «Үлпершек», «Қарын бөртпе», «Жаужүрек» сияқты қазақтың ұлттық тағамдарының жасалу тәсілі мен тарихынан аспаздарды қонаққа шақыра отырып, мағлұматтардың берілуі – болашақ ұрпақтың жан дүниесі мен санасының дамуына әсері мол.
Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Осындай ұлы даналардың ұлылығын таныту мақсатында әдеби-кештер, әдеби-конференция мен әдеби-викториналар жоғары деңгейде өтуде. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы аналар тәрбиесі, Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» роман-дилогиясы 1980-1982 жылдардағы Ораз-Мұхамед қазақ өлкесі мен Ресей жерін жалғастырушы буын, рухани, дипломатиялық көрінісінің тарихи оқиғаларынан хабардар болса, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» повесіндегі басты кейіпкер Ерболдың ғашығы Ментайдың жазған «Апамның айтқандары» күнделігінің мазмұнымен таныстыру, өздеріне талдата отырып, халық даналығына бойлату – тәрбиенің ең биік шыңына апаратын тағылым деп білемін.
Сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан дүниеңді жандырып, құлақ құрышын қандыратын ғажайып кемел тіл болған «Қазақ тілі» сабақтарындағы «Сөздер сөйлейді» интеллектуалдық сайысы, «қазақтың қара есептері», «этнолингвистикалық сандар», қара қылды қақ жарған би-шешен сөздері, санамақтар мен атадан қалған асыл баталар, ананың қоңыр да әсем дауысымен айтылған бесік жыры сияқты рухани құндылықтармен сусындату – ұлттық сананың жаңғыруына апаратын дара жол.
Ауыз толтырып айтатын жұмысымыздың бірі – «Дәстүр» атты мобильдік қосымшасы жұмыс жасайды, онда қазақ халқының дәстүр мен ғұрпындағы ұмыт болған терминдер, ұлттық тағамдар мәзірі, ұлттық қолөнер мен зергерлік бұйымдарды жасау және ұлттық киімдерді тігудің құпия сырын үйретуді көздесе, «Сарқыт» атты арнайы қонақжайлық-турды ұйымдастыру бірі білсе, бірі білмейтін тағамдарды насихаттау мақсаты көзделген.
Ұлтымызға жалын, ұрпағымызға тәлім беріп келе жатқан дәстүрімізді ұмытпай, қазақ деген халықтың патриот ұрпағы болып атын шығара беру – кез-келгеніміздің парызымыз.
Ұлдарымыз – ұлықты, қыздарымыз – қылықты болып қана қоймай, дәстүр мен ғұрпымызды көкейлеріне тоқып, саналарына сіңірсе еліміздің болашағы жарқын, өршіл де өнегелі, иманды да инабатты ұрпағы еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт-дәстүрінің жанашыры болатындығына сенімдімін.
Ғалия ТЕМІРОВА,
Щучинск жоғары педагогикалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар