Алаш тақырыбында ізденіп, жақсы зерттеулер жүргізіп жүрген Ерден Нұрахмет дәстүрлі «ХХІ ғасырдағы Алаштың ақ жолы» жалпыұлттық байқауында топ жарып, жеңімпаз атанды.
Алаш идеясы мен мұрасын насихаттауға және оны қазіргі қоғам контексінде саралауға арналған сайыста 18 бен 35 жас аралығындағы жүзден астам үміткердің ішінен үш аталым бойынша үздік атанған 9 талапкер бақ сынады. Бұл байқауды жылдағы дәстүр бойынша «Ақ жол» демократиялық партиясы ұйымдастырды. Байқаудың қорытынды кезеңі мәресіне жетіп, онда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 4-курс студенті Ерден Нұрахмет «Алаш қозғалысындағы «ақтаңдақтар» аталымы бойынша үздік атанды. Байқауда жас зерттеуші Алаш қайраткері Біләл Малдыбайұлының тұлғасын нақты деректермен жан-жақты аша білді.
Жас зерттеушілер ұсынған еңбектерді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы төрағалық еткен, құрамында «Алаш» мәдени және рухани даму институтының директоры Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы, осы институттың аға ғылыми қызметкері, профессор Сағымбай Жұмағұл, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Қайырбек Кемеңгер болған қазылар алқасы бағалады.
Биылғы байқаудың бір ерекшелігі – ақтық сынның онлайн форматта, ZOOM платформасында өтуі. Байқау барысында зерттеушілер көтерген тақырыптар бойынша қатысушылар мен қонақтар арасында қызу пікірталас болды. Қазылар алқасы жас зерттеушілерге байқаудың салаларына қатысты түрлі сұрақтар қойып, қатысушылардың біліктілігіне беріп отырды.
Ұлт тарихындағы ақтаңдақтарды анықтауға үлес қосып, жеңімпаз атанған жас зерттеуші Ерден Нұрахметті жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.