Ақмолалық шаңғышы Тамара Эбель Шығыс Еуропа құрлықтық кубогы үшін өткен жарыста жүлделі үшінші орыннан көрініп, қола медальға қол жеткізді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большинаның мәліметінше, Алматы облысының Талғар қаласында шаңғы жарысынан Шығыс Еуропа құрлықтық кубогының VI кезеңі өтті. Жарысқа Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Марокко елдерінен келген 70-тен астам шаңғышы қатысты. Жекелей сында Ақмола облысының үміті Тамара Эбель қола жүлдегер атанды.
Айталық, жыл сайын Халықаралық шаңғы федерациясының қолдауымен Шығыс Еуропа кубогының жеті кезеңі өткізіліп тұрады. Мұнда Қазақстан, Беларусия, Ресей және Украина спортшылары халықаралық рейтингте өз деңгейін арттырып қана қоймай, Әлем кубогына қосымша квоталарды сарапқа салады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.