20 мыңға жуық қазақстандық коронавирусқа қарсы вакцина алды. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева «Коронавирус вакцинасын салдырғанға дейін және одан кейін оқшаулану керек пе?» деген сұраққа жауап берген болатын. «Шын мәнінде оқшаулану – адамдардың басқа біреулерге вирус жұқтыруының алдын алу үшін керек. Мұндай жағдайда коронавирус вакцинасын салдырғанға дейін және одан кейін оқшауланудың қажеті жоқ. Бірақ, адамдар ең алдымен, өзінің қауіпсіздігін ойлауға тиіс. Сол себепті вакцина алатын адам үшін толығымен карантин режимін сақтаған дұрыс. Вакцина салдыратын кез келген адамның ең біріншіден, дені сау болуы керек. Екпе алған адам қоршаған ортаға қауіпсіз. Вакциналанған адамға коронавирус жұқпайды. Яғни, вакцина құрамында инфекциялық негіз жоқ», — деді Нұршай Әзімбаева.