Шәмші Қалдаяқов – қазақ өнерін үлкен жаңалық және ұлттық бояуы қанық өлмейтін туындылармен байытқан аса дарынды сазгер екендігін дәлелдеген өнерпаз. Шәмші Батыс өнеріндегі вальсті қазақ топырағына, қазақ табиғатына жақындатып, ұлтымыздың төл өнері санатына қосып кеткен композитор. Содан оны қазақ халқы аса құрметтеп, «қазақ вальсінің королі» деп орынды мақтан етеді. Шәмшінің екі ұлы да кәсіби музыкант. Демек, әкесінің жолын қуған азаматтар.
Зеренді мемлекеттік архиві өз мұрағатында сақталған құжаттармен оқырмандарды таныстырып, мақалалар жариялап тұрады. Осы бір мақаланы жазуға да ұлтымыздың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толуы түрткі болды.
Бұл мақала сазгердің 1974 жылы «Зеренді» қонақ үйінде дем алғаны туралы Зеренді ауданының құрметті азаматы Мұхит Қабдешев ағамыздың «Шәмшімен жүздескен жарқын күндер» атты мақаласының желісімен жазылды. Ендігі арада сол мақаладан үзінді келтіріп өтсек деймін.
1974 жылдың қараша айына қарай Зеренді ауданына Шәмші Қалдаяқов келетін болды. Шәмшімен бірге Көкшетау облыстық партия комитетінің нұсқаушысы Болат Исабаев, Алексеевка неврологиялық ауруханасының бас дәрігері Амангелді Сұрағанов та келді. Қонақтар «Зеренді» демалыс үйіне орналастырылды. (Қазіргі таңда Шәмші ағамыз дем алған «Аврора Гарден» демалыс үйінде Мұхит ағамыздың ұйымдастыруымен ескерткіш тақта орнатылған). Саңлақ сазгерді сол кездегі Зеренді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Баян Жанғалов қабылдады. Шәмшінің құрметіне бір-екі ауылда дәм берілді, аудан активімен кездесті, естелік суретке түстік. Шәмші сөз арасында: «Мұхит, сен маған жақын адам сияқты көрінесің, ата-анаң саған да ұлы сазгердің есімін қойған екен, інім бол», – деді. Содан ауданнан кетер-кеткенше маған жылы қабақ танытып жүрді… «Көкшеге денсаулығына байланысты әрең дегенде ат басын бұрып, шипа болар деп таза ауа жұтып, ұлы сазгер аталарымыздың зиратына барып, дұға бағыштайын деген оймен жүрмін», – деді.
1977 жылы жұбайым Клара екеуіміз Ыстықкөлде дем алатын болып, Алматыға ұшып бардық. Ол кезде Көкшетаудан ұшқан ұшақ алдымен Алматыға барады. Қырғыз еліне ертең түске қарай ұшады екен. Уақытымыз болған соң, түнгі сағат үштер шамасында Шәмшінің пәтеріне келіп, есік қақтық. Іштен әйел: «Бұл кім екен?» – деді. Аты-жөнімізді, қайдан келгенімізді айтып едік, бірден есік ашылып, үйге ендік. «Қош келдіңіздер, Шәмші сіздерді маған сырттай таныстырған. Ағаларың үйде жоқ, ертең келеді, мен жеңгелерің Жәмила боламын», – деді. «Ештеңеге әуре болмаңыз» дегенімізге болмай, шай берді. Ол кезде Шәмші Д.Қонаев берген «Қазақстан» әмбебап дүкенінің үстіндегі төрт бөлмелі пәтерде тұрады екен.
Ұлы сазгердің үйінде жерлестері сыйлаған пианино, қарындасы қолдан тоқып, қолтаңбасымен сыйлаған кілемнен басқа жиһаз жоқ екен. Бұл Шәмшінің дүние жинамағанын, барлық өмірді әннен іздегенін, әннен жанына сая тапқанын көрсетеді. Жәмила жеңгеміз етек-жеңі кең, келісті, Шәмші сияқты қарапайым, бауырмал, ақкөңіл жан екен. Таңертең Қасым, Мұхтар есімді екі ұлы оянып, бізге сәлем берді. Үлкені 9 жас, кішісі 7 жас шамасында, біреуі пианино, екіншісі скрипка класында өнер мектебінде шәкірт көрінеді. Жәмиламен әңгімелесіп отырғанда Шәмші келді. Көкшеге барып келгелі денсаулығы жақсарғанын, өзінің өмір жолын қысқаша айтып берді. Көптен жұмыс істемейтінін, түскен қаламақысына ғана күн көретінін, баспадан үш-төрт әндер жинағы шыққанын әңгімеледі. Бір кітабын маған сыйлады. Біздің жол жүретін уақытымыз жақындағасын, рахметімізді айтып, Ыстықкөлге аттанып кеттік.
1980 жылы жазда Шәмші бізге телефон шалып: «Отбасымызбен демалысқа келемін, жеңгелеріңді балалармен поезбен жібердім. Өзім шымкенттіктер жуырда сыйлаған «Жигули» машинасымен қазір шығамын» – деді. Жеңгейді қарсы ала-
йын деп едім. Шәмші: – Олар Зерендіге жеткен шығар, менің келетінімді бастықтарыңа айтпай-ақ қой, қауырт шақ қой, сіздердің үйлеріңізге барамыз, – деді. Біздер өзімізше сазгерді қарсы алуға дайындалатын болдық.Үлкен бөлмеге ақ текемет, терме алаша төсеп, дөңгелек үстел қойдық, шешемнің шоқ самаурынын дайындадық. Екі күннен кейін кешке қарай, ән ағамыз отбасымен біздің үйге келді. Клара екеуіміз, қысылып, сөйлей алмай қалдық. «Неге абыржисыңдар, туыстармыз ғой», – деп менің балам Мұхтардың басынан иіскеді… Дастарханға дәм әкеліп, ел ағасына құрмет көрсеттік. Қарағайдың бүршігіне шоқ самаурынды қайнатып, шай бердік…Шәмшілер Зерендіде екі аптадай дем алды, жағдайын біліп, барып тұрдық. Дем алушылармен бір-екі ауылда кездесу өткіздік. Шәмшінің сары машинасымен барып, Көкшетауды көрсеттік.
1982 жылы Алматы шипажайына барғанымызда, Шәмшіге телефон шалып, сәлем бердік. Ертеңіне Шәкең бізді үйіне алып барды. Алматыны, Медеуді, Қапшағайды аралатты. Балықшылар Шәмшіні ортаға алып, әңгіме-дүкен құрды.
Содан кейін Шәмшіні тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Алматыға семинарға барғанымда көрдім. Ол кезде ән ағасының 60-қа келген кезі. Елге қайтатын күні көкшеліктер «Алматы» қонақ үйінің алдында әңгімелесіп тұрып, оң жағыма қарап едім, осы ғимаратқа қарай Шәкең келе жатыр екен.
Жүгіріп алдынан шығып сәлемдестім. Ағамыз қуанып, мені бауырына қысты. Астанаға екі күнге келіп, жолға шығайын деп тұрғанымызды айтып едім, Шәмші: «Уақытың тығыз екен, Мұхит, бұл үйдің директоры атақты Рақымжан Қошқарбаев, жүр ағаға сәлем бер», – деп бірінші қабаттағы кабинетке алып барды. Рақымжан Шәмшіні жылы қарсы алып: «Қазақ вальсінің королі келді ғой, айналайын» деп маңдайынан иіскеді. Шәмші мені «Көкшетаудан келген інім» деп таныстырды. Хатшы қыз бауырсақ, қымыз, шай әкелді. Ән ағамен бұл соңғы кездесуім болды. Шәмші 1992 жылы көз жұмды…
Ендігі бірер сөзбен Шәмші ағамыздың өмірбаянына тоқталсақ. Қазақ вальсінің королі 1930 жылдың 15 тамызында Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданындағы Шәуілдір ауылында дүниеге келді. Туған кезде Жамшид есімі берілген, бірақ еркелетіп Шәмші деп атап, кейіннен құжаттарда осылай жазылып кеткен. Кіші жүздің жағалбайлы руынан шыққан. Шәмшінің әкесі темір ұстасы болып жұмыс істей жүріп, бос уақыттарында домбыра тартып, ән де шығарған. Болашақ композитордың анасының да музыкалық қабілеті мен әдемі дауысы болған. Шәмші болса, бала кезінен мандолинада ойнап, алғашқы әндерін шығара бастаған. Соғыс жылдары бала Шәмші тракторда жұмыс істеп, кейін Сарыағаштағы зооветеринарлық техникумға оқуға түсіп, 1950 жылы оны тәмамдаған соң Ақтөбе облысына жолдамамен зоотехниктік жұмысқа жіберілген. Әскери борышын Сахалинде атқарып, 1955 жылы елге оралғасын Ташкент музыкалық училищесінің музыка теориясы факультетіне қабылданған. Бірақ, ондағы оқуын аяқтамаған. Алматыға қоныс аударып, 1956 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясында В.В.Великановтың класында оқыды. Сол жылдары тың және тыңайған жерлерді игеру қызу жүріп жатқан тұста еліміздің солтүстік өңірін Ресей құрамына беру туралы мәселе қозғала бастады. Сол кезде Шәмшінің ақын Жұмекен Нәжімеденовтың сөзіне жазылған атақты «Менің Қазақстаным» әні өмірге келді. Кейін 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқады. Ал, 2005 жылдан «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді.
Шәмшінің атақты әндері Шымкент өңірінде дүние есігін ашып, шартарапқа тарады. Кезінде Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі Жамбылда жалғасын тауып, талай таланттардың тұсауын кесті. Шын таланттың ғажайып дарынының шапағаты тиді деген осы. Қазаққа ортақ Шәмшідей аяулы жанның ән ғұмыры әлі талай ұрпақтың ой білімімен, парасатымен жаңаша жаңғырып, жалғасын таба берері сөзсіз. 1992 жылы 29 ақпанда Қазақ өнері орны толмас ауыр қазаға душар болды. Жасы 62-ге қараған шағында ұзаққа созылған ауыр дерттен, халық әртісі Ш.Қалдаяқов көз жұмды. Шығармашылық жұмыспен 1950 жылдардан бастап айналысқан Шәмшінің шынайылығымен, сезімге терең бойлауымен ерекшеленетін алғашқы әндерінің өзі композитордың атын елге жайып, халықтың сүйікті перзентіне айналдырғаны белгілі.
40 жылдан астам шығармашылық қызметінде Ш.Қалдаяқов 300-ге жуық музыкалық туынды жазыпты. Ән жанрында Ш.Қалдаяқовтың өзінің қайталанбас қолтаңбасы, халықтық бояуы қанық талантымен қазақ халқының қазіргі әнін, өнерін биік белеске көтерді. Оның ғажап шығармашылығы ұлттық мәдениеттің тамаша көрінісінің бірі. Өкінішке орай, әйгілі сазгердің консерваториялық білімі болмағандықтан, Москва үш рет Композиторлар одағының мүшесі атағын бекітпеді. Өйткені, бұл сол кезде композиторларға қойылатын негізгі талаптардың бірі болған екен.
Соның өзінде танымал әндер жазудағы табысы үшін композитор 1965 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алды. 1980 жылы Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, ал, 1991 жылы Қазақстан Республикасының халық әртісі құрметті атағы берілді. 2010 жылы «Бақыт құшағында» әндер жинағы үшін Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Шәмші – қазақ өнеріне өлмейтін туындылар сыйлаған аса дарынды сазгер екендігі әмбеге аян. Ол Батыс өнеріндегі вальсті қазақ топырағына, қазақ табиғатына жақындатып, ұлтымыздың төл өнері санатына қосқан композитор. Сол үшін оны қазақ халқы аса құрметтеп, «қазақ вальсінің королі» деп орынды мақтан етеді. Шәмшінің екі ұлы да кәсіби музыкант. Демек, әкесінің жолын қуған азаматтар. 1992 жылдан бастап әр жыл сайын Шәмші Қалдаяқов атындағы республикалық конкурс-фестиваль өткізіліп, қазіргі таңда ол Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестиваліне ұласты. Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында Шәмшінің есімімен көше аттары аталған. 2006 жылы Шымкентте, 2019 жылы Алматы қаласында ескерткіштері қойылса, Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясына және Шәуілдір ауылындағы музыкалық мектепке Шәмшінің есімі берілді. 1991 жылы режиссер Т.Ахметовтың бастамасымен Шәмші туралы «Жылдарым менің, жырларым менің» атты деректі фильм түсірілді. Халықтың сүйікті композиторы Ш.Қалдаяқовтың жарқын бейнесі тыңдаушылар жүрегінде әрдайым сақтала бермекші.
Сөз соңында жылма-жыл өңіріміздің күміс көмейлі әншілері арасында Шәмші Қалдаяқов атындағы ән фестивалі өткізіліп тұрса, құба-құп болар еді демекпіз.
Тілеген СЕЙФУЛЛИН,
Зеренді мемлекеттік архивінің директоры.