Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балалар әдебиеті – барлық әдебиеттің бастауы - АРҚА АЖАРЫ

Балалар әдебиеті – барлық әдебиеттің бастауы

Жуырда Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі бірлесіп, «Балалар әдебиеті – рухани қазына» атты конференция өткізді.

Бұл конференция биылғы «Балалар әдебиеті жылы» аясында өткізіліп, оған онлайн түрінде елордамыздан белгілі балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, Өскемен қалалық балалар кітапханасының қызметкерлері қатысты. Ал, облыс орталығы Көкшетау қаласынан балалар ақын-жазушылары Альбина Байковская, Қайырбай Төреғожа, Серік Жетпісқалиев, композитор Ерлан Ташев, «Sapsan» зияткерлікті дамыту мектебінің жетекшісі Алмагүл Әленова және балалар әдебиетінің жанашырлары болып табылатын бір топ кітапханашылар мен ұстаздар ат салысты.
Алдымен, осы шараға қатысушыларды орталық қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасының жаңа ғимаратқа көшкендігі қуантты. Мұнда кітапхана жұмысын өрістетіп, ересектермен бірге балаларды да кітап әлеміне тартуға барлық мүмкіндіктер бар. Әлі жаңартуды тілейтін кітап сөрелері мен басқа да жабдықтар келер күндердің еншісінде деп білеміз.
Әуелі «Барша әдебиеттің бастауы – балалар әдебиеті» атты ашық көрмемен танысып шыққан конференцияға қатысушылар одан кейін осы шараның негізгі мәселелеріне көшті. Ол ұлт болашағы – жас ұрпақты кітап оқуға көбірек баулу, олардың әдеби кітаптарды жақсы көруіне көмектесу, жиналғандарды балалар қаламгерлерінің шығармаларымен таныстыру және осы орайдағы өзекті мәселелерді көпшілік болып, бірлесіп талқылау.
Конференцияны Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің жетекшісі, жас ақын Мұхаммед Қоңқаев жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсия Төлеген алса, қорытынды сөз қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры Айгүл Әбішеваның еншісіне тиді. Бұл екі ортада балалар әдебиетімен бетпе-бет келіп, осы бағытта хал-қадерлерінше қаламымен елге, жас ұрпаққа қызмет етіп жүрген ақын-жазушылар сөз сөйлеп, «Балалар әдебиеті жылы» төңірегінде өздерінің көкейлерінде жүрген ой-пікірлерін ортаға салды. Бұл тақырыпқа астаналық конференцияға қатысушылар да белсене араласып, балалар әдебиеті тұрғысында, соның ішінде жас жеткіншектерді елін, тілін сүюге, ана тілінде шыққан шығармалар мен өнер туындыларын жандарына жақын тұтып өсуге баулу, балалар тақырыбына қалам тартудың қыры мен сыры туралы біраз толғаныстарымен бөлісті.
Осылайша балалар әдебиетін насихаттаудың, оған көпшілік назарын аударудың бір көрінісі болып табылатын әдеби шара жиналғандарға өзінің қажеттілігін, маңыздылығын аңғартты. Одан игі ой түйген қатысушылар осы шара арқылы балалар әдебиетінің құндылығына, онсыз ұлттық әдебиеттің шырайы кірмейтініне жақсы көз жеткізді деп айтуымызға болатындай. Ендеше, өңірімізде биылғы «Балалар әдебиеті жылы» жалғыз осымен шектелмей, тағы да баянды жалғасы бола түсеріне сенім мол.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар