Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ халқына алғыс айту – парызымыз - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ халқына алғыс айту – парызымыз

Облыс әкімі, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының төрағасы Ермек Маржықпаев Алғыс айту күніне орай Көкшетаудағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде өткен дөңгелек үстел отырысына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Биыл еліміз Алғыс айту күнін осымен бесінші жыл атап өтуде. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған 1 наурызда тойланатын осынау мейірімділік пен ризашылық мерекесі Елбасымыздың 2016 жылғы Жарлығымен бекітілген болатын. Үстіміздегі жылы Алғыс айту күні Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғандықтан, дөңгелек үстелдің мазмұны да осы маңызды оқиғаға орайлас болды. «Қоғамдық келісім» мекемесінің фойесінен орын тепкен «Тағдырлар тоғыстырған татулық» деп аталатын кітаптар және сәндік-қолданбалы туындылар көрмелерінен еліміздің егемендік жылдары жеткен жетістіктері, Қазақстанда тұрып жатқан жүздеген этнос өкілдерінің достығы, тату-тәтті өмірі анық сезіліп тұрды.
Алғыс айту ұлтымыздың мыңдаған жылдардан бері келе жатқан биік моральдық құндылықтарының бірі. Бұл мереке бүкіл әлемнің басына күн туған қазіргі пандемия кезеңінде аса қажет. Себебі, қоғам үшін сенім, келісім мен достықтың бағасы бәрінен қымбат.Осы орайда, еліміздегі ұлтаралық достықты сақтауға, ынтымақ-бірлікті нығайтуға Қазақстан халқы Ассамблеясының қосып келе жатқан үлесі зор. Өңір басшысы, облыстық ассамблея төрағасы Ермек Маржықпаев дөңгелек үстел отырысында сөйлеген сөзінде осыны ерекше атап өтіп, жиналған қауымды Алғыс айту күнімен құттықтады.
Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов бүгінгі бейбіт өміріміз егемендіктің арқасында екенін, тәуелсіздікті нығайтуға әрбір қазақстандық өзінше үлес қосқанын айтса, облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Бостангүл Ерманова еліміз егемендік алғанда әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған қандастарды ата жұртқа шақырып, көк тудың астына біріктіргені үшін Елбасының атына алғысын білдірді. Одан кейін қуғын-сүргін заманында қазақ даласына қоныс аударған түрлі этнос өкілдері – қуғын-сүргін құрбандарының ұрпағы, көп балалы ана Нина Жексембаева, Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев пен «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Артеменко жергілікті халықтың көрсеткен көмек-қолдауын тебіреніспен еске алып, Алғыс айту күні қазақ халқының кеңпейілділігінің, мықты рухының, дархандығының символы ретінде мәңгілік аталып өтіле беруін, тәуелсіз еліміздің аспаны ашық болуын тіледі. Ал, Ақмола облысының поляктары бірлестігінің мүшесі Павел Трищ мерекенің құрметіне тәуелсіздік, достық туралы жазған өлеңдерін оқып берді.
Жиын соңында Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов пен «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Артеменко облыс әкімінің қолынан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі куәлігін алса, волонтерлікпен айналысып жүрген және пандемия кезінде халыққа қол ұшын берген бірқатар ақмолалықтарға «Халық алғысы» медалі мен облыс әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар