Ұлттық экономика министрлігі «Көкшетау жылу» кәсіпорнының қызметінде бірқатар өрескелдікті анықтады. Тұтынушылардың арыз-шағымынан соң, тексеріс жүргізіліп, кәсіпорынға қомақты айыппұл салынды.
Нақтырақ айтсақ, «Көкшетау жылу» кәсіпорны жылу энергиясымен жабдықтау бойынша қызметтерді ұсынудың белгіленген тәртібіне сәйкес тұтынушылармен келісім-шарт жасамаған. Ақмола облыстық табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департаментінің бас маманы Темірлан Кенжебаев «Көкшетау жылу» кәсіпорнының әрекетінде Қазақстан Республикасы Кодексінің «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 164-бабының 4-бөлігіне сәйкес бұзушылық анықталғанын айтты. Бұл бап ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1600 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуды қарастырады. Бұл – ақшалай түрде 4 667 200 теңге. «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 2-тармағының 8 тармақшасына сәйкес тұтынушылармен жеке келісім-шарттар жасалуы тиіс. Ол дегеніміз табиғи монополия субъектісі реттеліп көрсетілетін қызметтердің әрбір түрі үшін стандартты келісім-шарттар. «Көкшетау жылу» кәсіпорны заң бұзушылықпен келісе отырып, айыппұлдың жартысын төледі.
Сондай-ақ, аталмыш департаменттің бас маманы өз сөзінде кодексте 7 күн ішінде жалпы соманың 50 пайызы мөлшерінде төлем жасау қарастырылғанын айтты. Яғни, құқық бұзушы өзіне тағылған айыппен келіссе, олар 50 пайызын төлеуге құқылы. Мұндай жағдай «Көкшетау жылу» кәсіпорнында алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. 2013 жылы бас директордың орынбасарына қызмет бабын асыра пайдаланып, бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған еді. Былтыр облыстық прокуратура «Көкшетау жылу» кәсіпорнында 2015 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңдегі 1,3 миллиард теңге көлемінде кірген кірістің заңсыз екенін анықтады. Кейінірек белгілі болғанындай, кәсіпорын жылу тарифтерінің бағасын заңсыз көтерген.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.