1976 жылдың ақпанында Көкшетауда әуежайы ашылған болатын. Жалпы, әуежай 1945 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумына әзірлік аясында нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Әуежай жанындағы көлік тұрағы мен қонақүй қалыпқа келтіріліп, жаңа асфальт төселген.
1972 жылы Көкшетауда жаңа ұшу-қону жолағының тұсауы кесілді. Алғаш Алматы-Көкшетау-Мәскеу бағытындағы әуе қатынасы іске асырылды. Қазіргі таңда Көкшетау әуежайы халықаралық деңгейге сай жабдықталған. Мұнда кеден және паспорттық бақылау пункті орналасқан. Ұшу жолағына жасалған қалпына келтіру жұмысы халықаралық стандарттың бірінші санатына сай барлық салмақтағы ұшақтарға ұшып-қонуға мүмкіндік береді. «Астана халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының филиалы болып саналатын Көкшетау әуежайының директоры Айбек Кетебаевтың айтуынша, терминал 1972 жылы іске қосылып, сағатына 150 жолаушыға қызмет көрсетіліпті.
–Ұшу жолағының ұзындығы 2 650 метр. Мемлекеттік бағдарлама аясында нысанды күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен қаржы бөлінді. Қазір сағатына 200 жолаушыға қызмет көрсетудеміз,–дейді филиал директоры. Мұндағы әуе қатынастары негізінен ел ішіндегі бағыттарды қамтиды. Одан әрі Айбек Кетебаев жөндеу жұмыстарының аясында ұшу жолағы ұзартылғанын айтты.
– Әуе көліктеріне арналған 8 тұрақ жасақталып, нысан жолаушыларға арналған телескопиялық траппен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда әуежай екі бағыт бойынша Ақтау-Көкшетау және Алматы-Көкшетау бағыттарында қызмет көрсетуде. Жолаушылар ағыны артқан кезеңде өзге бағыттар бойынша ұшуды қайта жандандырамыз. Әуе маршруттарын көбейтуге күш салудамыз. Көкшетау мен Бурабай өңірінің туристік тартымдылығын ұтымды пайдалану керек,–деді ол. Карантин талаптары әуе қатынасы саласына елеулі ықпал етті. Бір жылда әуежай 17 мың жолаушыға қызмет көрсеткен. Мамандар жаңа бағыт ашудың бірқатар қиындықтары барын айтады. Мұндағы ұшақтар әр түрлі әуе компанияларына тиесілі. Әуежайдың өз ұшақ паркі жоқ. Сәйкесінше, әуе көліктерінің техникалық қауіпсіздігі де тасымалдаушы компанияның жауапкершілігінде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.