Көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өзінің журналистік қызметін «Арқа ажары» газетінде бастаған әріптесіміз Алуа Жамбылқызы Бердалина «Күміс алқа» иегері атанды.
Бүгінде отағасы бірнеше халықаралық жыр мүшәйраларының бас жүлдесін жеңіп алып жүрген елімізге танымал ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Арман Бердалин екеуі бес ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған иманмен ұйыған өнегелі отбасы. Олардың тұңғыш ұлдары Темірлан Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің 2-ші курс студенті болса, бес ұлдың ортасында үкілеп өсіп келе жатқан он екі жасар қыздары Мөлдір 6-сыныпта оқиды. Ал, кіші ұлдары Хазірет-Сұлтан бір жас алты айлық.
Көп балалы ана атанып, бала тәрбиесімен айналысып отырған Алуа әріптесімізге «Күміс алқадан» «Алтын алқаға» да жетіп, ел анасына айнала бер демекпіз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.