Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жұлдыз - АРҚА АЖАРЫ

Жұлдыз

Табиғат тып-тыныш болып тына қалған. Күн де ұясына кірмей құдіретті күйдің үнін қимай тұрған тәрізді. Көкшенің бұлтты сүйген аспаны да, дархан даласы да оның бірде домбырамен, бірде жетігенмен шерткен күйлерінен рахаттанып, дем алып жатқандай… Шіркін, күй – құдірет, күй – өмір, күй – өнер деген осы шығар. Сан түрлі күйді домбырамен де шертіп, жетігенмен де ойнап, сазсырнай, адырна тәрізді алты-жеті аспаппен сүйемелдей алатын дарынды музыкант, нәзік жанды ару Жұлдыз Мұқышеваның таланты әркімді таң қалдырары сөзсіз. Ол нағыз мультиаспапшы. Арқа төсінде жарқырап, өнердің айдынында өз орнын тапқан осынау өнерпаз туралы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қалам тартқанымыз өте орынды деп ойлаймын.

Жұлдыз Мұқышева кәсіби білімді, талантты да талапты, жаңашылдыққа жаны құмар, ізденімпаз музыкант. Домбыраның құлағында ойнап, жетігеннің әуеніне еліткен, сазсырнайды сыңғырлатып, шіңкілдекті шіңкілдеткен, адырнаны толқытып, шаңқобызды әуелеткен майталманның қасиетті өнерге деген қызығушылығы, дарыны мен қабілеті оның ата тегімен де, өсіп-өнген тапырағынан да берілгені хақ. Бұрынғы Көкшетау облысы Уәлиханов ауданының Чапай ауылында кіндік қаны тамып, талай өнер дүлдүлдері туған сол топырақта аунап-қунап өскен Жұлдыздың ата-бабасы да, нағашы жұрты да өнерден кенде болмаған адамдар екен. Әкесі Марат Дайырбайұлы мен анасы Күләнда Каркенқызы осы күнге дейін төрт қызы мен бір ұлын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, өсіріп жеткізген қарапайым адамдар. Қазіргі уақытта олар отбасылық-тұрмыстық жағдайларына байланысты Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Тайынша қаласына көшіп барған.
«Өнерге әркімнің ақ бар таласы» демекші, кейіпкеріміз өнер айдынына он жасында келіпті. Бесінші сыныпта оқып жүргенінде анасының Әсия есімді сіңілісі Жұлдызды Петропавл қаласындағы дарынды балаларға арналған өнер интернатына оқуға алып кетеді. Әсия Каркенқызы өзі де Біржан сал атындағы музыка колледжінде домбыра мамандығы бойынша білім алған күйші екен. 9 сыныпты тәмамдаған соң Жұлдыз Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыка колледжіне домбыра сыныбына оқуға түседі. Кәсіби музыкант болуға талпынысы зор жас жауқазын мұнда 4 жыл білім алып, оны бітірген соң, қарт Алатаудың бөктеріндегі Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясына білімін жетілдіруге аттанады. Онда да дәстүрлі музыка кафедрасының домбыра сыныбында оқиды. Арман қуып, мәдениеттің қайнаған ортасында өнердің қыр-сырын меңгерген дарынды қыз кәсіби білікті күйші, домбырашы болып толысып, қалыптасады. Бірақ, өнер жолын отбасында тек Жұлдыз ғана таңдапты, қалған бауырлары әр түрлі саланың мамандары екен.
­­­Саусақтары сүйріктей өнер майталманының негізгі мамандығы – домбырашы, күйші. Ал, сазсырнайды Петропавл қаласында интернатта оқып жүргенінде ұстазы, елімізге танымал дирижер, сан қырлы өнер иесі Қайырлы Ғафуровтан үйренген.
Көкшетау қаласындағы Біржан сал атындағы музыка колледжінде білім алып жүргенінде «Көкшетау» мәдениет сарайының жанындағы «Кербез сұлу» ансамблінің құрамында және оқу орнының «Оқжетпес» ансамблінде сазсырнайда ойнайды. Студенттік шағында сол «Кербез сұлу» ансамблімен Дубай қаласында өткен фестивальге гастрольдік сапармен барып, тәжірибе жинақтап, өнерге деген құлшынысы арта түскен. Сондай-ақ, консерваторияны тәмамдаған соң, екі жыл бойы Алматы қаласында «Үш қоңыр» ансамблінде домбырашы болып өнер көрсетеді. Онда да шет мемлекеттерге шығып, қазақтың ұлттық өнерін, халықтық этно аспаптарын шартарапқа танытады.
­­Кейіпкеріміздің ерекше сезіммен, сүйіспеншілікпен беріле ойнайтын аспаптарының бірі – жетіген. Бұл түркі тілдес халықтардың жасалуы да, ойналуы да өте күрделі аспабы. Ертеде оны жеті ұлынан айрылған күйші өнерпаз жасап, жетігеннің жеті күйін шығарыпты деген аңыз бар.
– Осы жетіген аспабында ойнап жүргеніме бір жылдың жүзі болды. 2018 жылдың соңына таман отбасылық жағдайларыма байланысты көрікті Көкше жеріне ауысып келдім. Мұнда мені Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «К.Күмісбеков атындағы халық аспаптар оркестрі» мен «Айнакөл» фольклорлық ансамблі құшақ жая қарсы алды. Бұл шығармашылық ұжымдарда мен домбырашы болып өнер көрсетіп жүрдім. Бірақ, біздің Көкшетау ертеден домбырашыға бай өлке ғой. Содан «Айнакөлде» екі ай домбырашы болып жүргенімде жетігеннің бос тұрғанын байқадым, оны ешкім ойнамайтын. Содан ансамбль жетекшісі Әнуар Файзуллиннен жетігенді үйреніп көруге рұқсат сұрадым. Ол кісі қарсылық білдірмеді, мен екі апта бойы аспапты әрі-бері зерттеп, меңгеріп кеттім, – дейді айы оңынан туған Жұлдыз Маратқызы. ­
Алматыда жүргенде ол жетіген аспабына мүлде қызықпағанын да жасырмады. Онда тек домбыра мамандығына ден қойып, оның қыр-сырын игеріпті. Қазіргі уақытта Алматыдағы өзі білімін ұштаған консерваториясынан қашықтықтан жетігенші мамандығын оқып алыпты. Қазақстанда алғашқы болып кәсіби жетіген мектебін ашқан, халқымызға аса танымал Қарақат Әбілдинаның ұстазы және Қарақат мектебінің директоры Нұргүл Жақыпбектен сабақ алған Жұлдыз жақында облыстық филармония сахнасында жетігеннен онлайн концертін де өткізіп үлгерді. Ал, сазсырнайда ойнап жүргеніне он жылдай уақыт болыпты.
Қазіргі уақытта Жұлдыз Біржан сал атындағы музыкалық колледж-
де домбырадан және жетігеннен сабақ беретін оқытушы, «Айнакөл» ансамблінде жетігенші, «Кербез сұлуда» сазсырнайшы, колледждің «Оқжетпес» ансамблінде адырнашы. Адырнаны да өзі меңгеріп алған. Жоғарыда аталған ансамбльдердің соңғысында Жұлдыз Маратқызының төрт шәкірті жетігенде ойнайды екен. Домбырашы, жетігенші, сазсырнайшы маман шаңқобыз, адырна, шіңкілдек, тастауық секілді аспаптарды да меңгеріпті. «Үйренем деген адамға жеңбейтін қиындық жоқ» дейді талантты музыкант.
–Бір жыл бойы жетігенде ойнап жүрмін. Осы бір аспапқа ғашықпын. Оған көп уақытымды арнаймын. Кейде осы үшін маған домбырам ренжитіндей көрінеді, оны өзім сеземін, – дейді кейіпкерім. «Оны қайдан білесің?» дегенімізге: «қолыма домбырамды алып, күй ойнасам кейде, сөйлемей, ырқыма бағынбай қояды. Содан кейін бір апта бойы оны ұстасам ғана аспабым өзіме қайта бағынады. Үш аспапқа бірдей көңіл бөлу оңай емес. Бірақ, қазіргі заманның талаптарына сай бәріне үлгеруім керек. Қазіргі уақытта жетігенге ерекше көп көңіл бөлетінім рас», – деді ол.
Жетіген – өте ерекше, өзіндік құпиясы мол сырлы да сиқырлы аспап. Өзіндік ғажап үні бар бұл аспапты қолына алса, тоқтаусыз ойнай беретін Жұлдыз Мұқышева халық музыкасын дәріптеп қана қоймай, танымал шығармаларды жетігенге лайықтап орындайды. Қылқобыз бен жетігеннің әсем үндерін үйлестіріп, эксклюзив шығармалар да туындатқан. Филармония әртісі Беркінбек Зарапұлы екеуі Ақан серінің «Балқадиша» әнін осыған керемет лайықтағанының куәсі де болдық. Сонымен бірге, қазақ елін әлемге талантымен паш етіп жүрген Димаш Құдайбергеннің «Ұмытылмас күн» әнін де жетігенге лайықтап шығып, өңіріміздің танымал әншісі Фархад Сағымбаймен орындап шыққан. Бұл аспап оның жанына, табиғатына, тіпті нәзік болмысына да жақын аспап екені айтпаса да байқалып тұр.
Осы ретте, қаншама аспаптарды меңгере тұрып, «Көкшетауда неге қалдыңыз, үлкен мүмкіндіктері бар мегаполистерге баруға болушы еді ғой» деген сауалымызға ол алдымен ата-анасының қамы үшін, одан кейін Көкшетаудағы өнерлі балалардың білімін шыңдап, жетілдіру үшін қалғанын түсіндірді.
­–Этно-фольк жанры Көкшетауда енді ғана, соңғы бір жыл ішінде ғана қолға алынды. Алматыда жинақтаған тәжірибемді көкшеліктерге үйретіп жатырмын. Өткенде бір шығармаға 10 шаңқобыз қосып, Көкшетауда бұрын-соңғы болмаған әдіс қолдандық, –деді өзінің идеяларының іске асып жатқанына шын көңілден қуанған музыкант ұстаз.
Қара домбыраның арқасында консерваторияда жүргенде оркестр, кейін ансамбль құрамында Түркияға, Мысырға, Қытайға, Дубайға барыпты. Ол түрлі республикалық, халықаралық байқауларға, фестивальдерге қатысып, лауреат, дипломант атанған. Бірнеше ғылыми мақалалардың да авторы. Қазіргі уақытта шәкірттерін байқауларға қатыстырып жүрген білікті ұстаздың мақсаттары көп.
Репертуарында қазақ күйшілерінің жүзден астам күйі бар. Ал, жетігенмен өзі түрлі әндерге лайықтап музыка қояды, бірақ, нотаға түсірмейді. Себебі, бір әнді көңіл-күйіне байланысты әртүрлі орындауы мүмкін екен.
–Мен домбырамен Қаршыға Ахмедияровтың күйлерін сүйсініп, жаныммен беріліп ойнаймын. Ол кісінің өзі бөлек бір мектеп деп санаймын. Егер маған рұқсат берсе, ол кісінің шығармаларын он екінші мектепке жатқызар едім. Өзіндік стилі, ерекшелігі бар композитор еді ғой. Құрманғазы, Дина секілді дәулескер күйшілердің бәрінің күйлерін білемін, бірақ жаныма жақыны, қазіргі заманға сайы Ахмедияровтың күйлері, – дейді кейіпкеріміз.
Өкінішке орай, филармонияда өтетін қазақ концерттеріне адам аз келеді. Ұлттық өнерге сұраныс көрермен тарапынан өте төмен. «Тек өнер адамдары ғана өз-өздерін қолдап келеді» деген Жұлдыз Маратқызының пікірі орынды. Ол көптеген өнерпаздар секілді тойға шығып, өнер көрсетпейді. «Тойға шыққан да дұрыс шығар, бірақ, мені онда біреу тыңдаса, біреу тыңдамайды, сондықтан, ұсақталғым келмейді» дейді.
Дәулескер күйші Динаны осы күнгі Айгүл Дүкімбаева мен Нұргүл Жақыпбекті үлгі еткен Жұлдыз Маратқызының домбырадан сабақ берген ұстазы – Сәкен Еркенұлы Біржанов. Бүгінде жетіген аспабы бойынша Жұлдыздың өзінің жеке төрт студенті бар.
«Көкшетауда өнерді қолдайтын азаматтар мен өнерпаздар көп болса екен деймін» деп, әңгімесін аяқтаған Жұлдызға. Халықаралық әйелдері күні қарсаңында зор шығармашылық табыс, әйел бақытын тілейміз.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар